Қазақ шежіресі (қысқаша) (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Ескерту: «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, таңбасыз тай болғанда, енсіз қой болғанда» деген мақал сол заманнан қалса керек.
Алаштан туып-өскен екі бала,
Қата деп айта қоймас ешкім жала.
Қай жерде хат қалдырған қариялар,
Осылай шежіреде жазған жәна.
Түрікпен сегіз арыс Сейілханнан,
Майқы би жалқы туған Жайылханнан.
«Түбі бір түгел сөздің түп атасы—
Майқы би» деген сөз бар сол заманнан.
Туады Майқы биден Өзбек, Сапиан,
Сапианнан Айырқалпақ етем баян.
Баласы Айырқалпақ—Қазақ, Созақ,
Созақтан Қарақалпақ өрбіген жан.
Қалықтап жаңа жеттім мен Қазаққа,
Басымды байлап алып мол азапқа.
Азабым бойыма құт болар еді-ау,
Қалмасам қата жазып мол ұятқа.
Қатасыз пенде бар ма, Хақтан өзге,
Дауа жоқ нақақ жетпес айтқан сөзге.
Өзіме-өзім нанып өтпеу үшін,
Қайта анық қателерім түссін көзге.
Үш арыс ұл Қазақтан туған бала,
Бұларға берген бақыт Хақ Тағала.
Ақарыс, Жанарыс, Бекарыспен
Үш жүздің атасы деп айтар жәна.
Қаратау ол кездегі отандары,
Болыпты ортақ қоныс маңайлары.
Үшеуі қазақ елін үшке бөліп,
Билепті болып бегі әрі хандары.
Салтанат құрған шығар қатар қонып,
Көшпелі ел, тағы бірі шаһар болып.
«Ақтабан-шұбырынды» деген анық,
Қозғалған қонысынан сапар болып.
Ұлы жүз қараған ел—Ақарысқа,
Орта жүз жанасқан ел—Жанарысқа.
Кіші жүз және-дағы деп аталған,
Бір кезде қараған ел—Бекарысқа.
Тарихи бір оқиға—қазақ өлген,
Жеті жыл тұтасынан аштық келген.
Қырылып осы аштық әсерінен,
Әр жүздің арасынан адам өлген.
Жауласқан және дағы қазақ, қалмақ,
Қалмақты қазақ болған шауып алмақ.
Ала ауыз, алты бақан болғандықтан,
Қазақты қалмақ шауып, салған салмақ.
Қоныстан ауған қазақ кезекпенен,
Сергелдең екі түрлі себеппенен.
Үш жүздің басын қосып бар жақсы ісі,
Қоштасқан көшпек болып зеңбеген.
Үш жүздің би мен бегі—көшбасшылар,
Басына Қаратаудың шыққан бұлар.
Қоштасып жер-суменен жыраулары,
Өлең-жыр үш жүз ауыз айтқан бұлар.
Үш жүздің ортақ өлең баласына,
Қараған Қаратаудың қаласына.
«Қалмақты шауып, шаншып аламыз» деп,
Төгілген сыймай кетіп қаласына.
Бет алған басшылардың бағытымен,
Тау-таудың тартқан бұлар саласына.
«Басынан Қаратаудың көш келеді,
Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.
Айрылған ағайыннан жаман екен,
Мөлдіреп қара көзден жас келеді».
Жырдың үш ауызы—осы басы,
Алаштың мәлім барлық баласына.
Тараған талай жерге себебі осы
Дегеннің мен қазақпын арасына.
Өлеңі Қаратаудың бәріңе ортақ,
Қазақтың ханы мен би, қарасына.
Ел ауған еркін қоныс ыңғайымен,
Жерінің және отырған жағдайымен.
Ұлы жүз оңтүстік пен күншығыста,
Орта жүз солтүстікте маңдайымен.
Кіші жүз күнбатысқа қарай көшкен,
Орал мен Бөкейлікке шалғайыменен.
Тер төгіп, қоныстанып қона қалған,
Тап келген таланына оңдайымен.
Сонан соң қазақ басын қоса алмаған,
Қалмаған дос-дұшпаны өш алмаған.
Бас аман қып қазақ кеткен азып,
Дұшпанын тізе қосып тоса алмаған.
Жолында Ноғайлы, Естек және болып,
Жайықтан өтіп ары көше алмаған.
Оралдың екі бетін орыс алып,
Еділге қарыс қадам баса алмаған.
Үш жүздің ойран түскен баласына,
Бір тасып төгілген соң саласына.
Жауласқан жанталасып және дағы
Жел түсіп өзді-өзінің арасына.
Кірерге көр, шығарға тесік таппай,
Жүрсе де қара ауызының аласына.
Қалған соң енді бұлар ел болудан,
Деген сөз ел болалық жем болудан,
Жәнібек, Әбілхайыр заманының
Ресейдің кірген қазақ панасына.
Барақ хан Әбілхайыр ханды өлтірген,
Соғысып неше талай жанды өлтірген.
. . . . . . . . .
Үстінде қара жолдың қалың хабар,
Жатады барған жұрт тәуап қып.
Басына шыққан дарақ жалғыз жиде,
Қойылхан деп есім берді молдасына.
Қолынан Сырым төренің қаза болған,
Хандарға бұл уақиға сәна болған.
Адасып сонан бері әлі жүрміз,
Ауыздың амал бар ма аласына.
Орыс та сене алмаған сонан кейін,
Ойлаған амал-айла онан кейін.
Аманат әр ауылдан адам алып,
Қамаған Орынбордың қаласына.
Небәрі елу[дей] адам алған,
Архипте аттары тұр, емес жалған.
Ұстаған Орта жүзден Тұрлығұлды
Жәкеңнің жаны ашыр деп ағасына.
Бағынған барлық қазақ мұнан кейін,
Орысқа бодан болып сонан кейін.
Бірнеше көтеріліс болса дағы,
Шықпаған еш нәтиже онан кейін.
Ақымдап ақылменен ала берген
Түркістан, Хиуа, Бұқар шетке дейін.
Сарыарқа, Сырдың бойы, Шыршық суы,
Ар жағы Алтай бетке дейін.
Наурызбай, Кенесары—екі төре,
Келіпті көне қоймай көпке дейін.
Қырғыздың Алатауы түгелдейін
Қырғыз да қалмаған соң ақыры сол.
Тоқтаттым осыменен сөз аяғын,
Болжаусыз болғаннан соң алдағы ағым.
Тұяғы тұқырылған тұлпардай-ақ,
Отырған күйсіз шауып, бұл бір шағым.