Күлік шежіресі (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Әкесінің аты—Құлболды, шешесінің аты—Мақпал. Мақпал бәйбішенің тұңғышы—Күлік, ортаншысы—Тұлпар, кенжесі— Айдабол. Он үшінде Айдабол би [дің] аты әлемге жайылып, Сыр дариясынан Сарыарқаға қарай өткенде, өткел аузында тұрған Алшын мен Қарақалпаққа Мақпал бәйбіше: «Артың болса, Айдаболдай ұл тап!»—деп өте берген.
«Күлік»—қырғыз тілі (нде) «жүйрік деген сөз. «Ат арықтан, нұр пыстан»—қазақ мақалы: «Ат аспан, ғарыштан құйылады» деген сөз. Күліктен шыққан жүйріктен жүйрік озған емес. Жобалай баласы Жаңабатырдан би асқан емес, Күнту баласы Жанайдардан шешен асқан емес, Жаңабатыр баласы Жанақтан қасиетті ер асқан емес, Жанайдар баласы Өтеміс абыздан бір басты, екі аяқтының әулиешілігі асқан емес.
Күні кеше Мұса Секербай заманында Ақжігітұғылы Ізден абыздың алдына қара сөзден жан қарсы келмеген. Күліктің бел баласы Ақылдың байлығы үзілместен үрім бұтағына, бұл күнге шейін келді. Наурыздан туған Ақайдың байлығы үзілместен үрім-бұтағына, бұл күнге шейін келді. Мырзалыда Ақай немересі Сарымырза баласы Байғанадан мырзалық асырған қазақ жоқ. Күліктің бәйбішесінен: Тілеуімбет, Наурыз, Дәулет, тоқалдан—Сексен. Сексен—Күліктің сексен жасында туған ұрпағы. Баласы Қайдауыл Күлікпен құрдас екен. «Сексендегі шалдан бала болушы ма еді?» дегенде, Күлік Қайдауылды қарғаған екен. Сонан мәтел болып қалған: «Қайдауылға қарғыс кеткен» деген сөз бар.
Қайдауыл ортасына Есенқұл Мәуке ұрпағына келіншек болып түскен Тоғжан ақынның өлеңі бар:
Түндіктің жары өспейді, талы өседі,
Мәукенің жасы өспейді, шалы өседі.
Қозы бұты, қой саны көздей іске,
Ертеден кешке дейін күліседі.
«Жас өспейді, шалы өседі» деген сөздің мағынасы—бір тұқымға қарғыс кеткен болса, қыршын жасы мұрттай ұшып, шалдары еркелеп самаладай болып қала береді екен. Мұны заманымызда көзбен көріп, қолмен ұстадық.
Тілеуімбеттің он бес ұлы ат арқасына мініп, соңына ерген. Көшіп келе жатқан қазақтың көшіне қара қалмақтың Қаты Сыбан қосыны килігіп, алты ұлды Наурыз қашып құтылған. Он бес ұлды Тілеуімбет қашуды ар-намыс көріп, соғыса берген. Қалмақ рапайсыз көп, қашпай қалған қазақ аз, жанын тәтті көріп, басын қорғап балалары қашып шықса, Тілеуімбет отағасы өзі жауға қарай қайта қуып тығады дейді: «Жаудан қашып барып, қатын қойнына қорғалағанша, жаудан жаралы болып жарқырап жатсаң, әне, сонда кісілігіңді білемін» [деп]. Басы—үлкен отағасының өзі болып, он бес ұл сол жолы қырғын тауып, бықбырт болыпты.
Орманшы Бәпке-Тайлақтың Тайлағы батыр кісі екен. Жайрап, жарқырап жатқан жерінен қайта-қайта кіріп, Тілеуімбеттің үш баласын алдына өңгеріп алып қашып құтылған. Күліктің тоқалының баласы Сары атты Сексен екеуін алып қашып құтылған. Егер Сексен мен Тайлақ болмағанда, Тілеуімбет деген елден нам, нышан болмақшы емес екен.
Сол бес тұқымнан өсіп-өнген Тілеуімбет осы күнде: Күнту, Айтқожа, Жаңабай, Бесім, Құтиан—бес атаға бөлінеді.
Ол бес ұлдың ең үлкені—Аспантай. Оған тетесі Амантай екен. «Аспантай тұқымсыз кетті» дейді. Сол жолы алдымен жайрап, сол қалған бойымен қалыпты. Амантайдан тұқым бар. Онан соңғыларының атын анықтап жан біле алмаған. Қалған бесеудің үшеуі—белбала. Екеуі немере болса керек. Күнту, Айтқожа, Жаңабай—белбаладан өсіп-өнген тұқым. Бесім, Құтиан—немереден өсіп-өнген тұқым.
Қалмақ пен қазақ жай жүрген бе? Бесім ат арқасына мініп, ауылы баранды болған күнде қазақ-қалмақтың тағы бір соғысы болып, Бесімнің қатыны Бүктік бәйбіше қалмаққа олжаға түсіп кетіпті. Өзі Қыпшақ Қатықұлақ мергеннің қызы екен. Аузы-мұрнынан шығып тұрған екі қабат көн екен. Қалмақ қолына барған соң бір ұл тауып, ит терісін биялай қылатұғын кісі екен. Қол ісімен күн кешіріп, баланың бойындай дорба тігіп алып, соны құртқа толтырып күнде бірін аузына салып суын жұтумен ауқат кешіріп, өзін әбден жаратып, қатырып алып: «Қалмақ қолында тірі болып, құлдығында жүргенше, өлген артық қой»,—деп, баласына ине шаншыпты да өзі жаяу қашыпты. Артынан қалмақ қуып, құтқармасын білген соң бүркенген көк шапаны бар екен, шапанын бүркеніп жата қалыпты. Жатқан жері бұжырмақ қойтас екен. Алыстан қара бойын қалқиғандығын көрген екен. Шапанның көк түсі қойтастың тасына түстес болғандықтан ба, олай-бұлай қарап, былдырлап-былдырлап таба алмай, қайтып кетісіпті.