Әз Жәнібектің Жиренше мен Қарашашқа бала болғаны (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Әз Жәнібек ханның жасы елуден асқанда, қасында бірнеше жолдастары бар, қаршыға салып жүріп өзен суды жағалап келе жатса, бір бойжеткен қыз бие сауып, бір келіншек оны сауғызып тұр екен. Ханның ойында: «тоқалдыққа бір қыз алсам» деген мақсаты болу керек, қасындағы уәзірлеріне: «Ана қызға барып, біреуің бір ауыз сөз сөйлесіп кел!»— деп тапсырады. Жігіт барса, қыз биенің борбайына отырып, сауып жатыр екен. Жігіт барып:
—Сөдегей Бикеш, амансыз ба?—дейді. Қыз түрегеліп:
—Шүкір, тұрса, түзеледі, жолаушының аузы емес,— дейді. Жігіттің аузы бір жағына қисық екен. Жігіт ізінше қайтып келіп, ханға қыздың айтқан сөзін баян етеді. Хан тағы бір жігітін жұмсайды. Жігіт қыз қасына келіп:
—Бір ақ қолтық қызыл қашар көрдіңіз бе?—деп сұрайды. Келіншек:
—Көргеніміз жоқ,—деп еді, қыз тұрып:
—Олай емес, сіз байқамаған шығарсыз, мен көріп едім,— дейді. «Ақ қолтық қызыл қашар» деп тұрғаны қыздың үстіндегі қызыл көйлегі еді. Қыз айтты:
—Әлгі түс кезінде бір қызыл қашар осы өзенді өрлеп кетіп бара жатыр еді. Соңында бір көк бұқа бар. Қашардың жүрісі ширақ көрінді. Бұқаның «жетемін бе» деген ойы бар сықылды, сірә жеткізе қоймас,—деді. Жігіт ханға қайтып келіп, қыздың сөзін айтқан соң хан намыстанып:
—Қап, бәлем, сені алмай қоймаспын,—деп үйіне қайтып келіп, қызды айттыруға кісі жібереді. «Байға сәлем де, қызын берсін»,—дейді. Бай қызын берейін десе, ханның жасы болса келіп қалған еді. «Қатын үстіне қызымды бермеймін» деп айтуға қорқады. Ауыл адамы болып, ханға жауап қайтара алмай отырғанда, қыз әкесіне кісі жібереді: «Мен үшін «бермеймін» деп ханға жексұрын болмасын, беремін десін, бірақ қалың малын қызымның өзі айтады десін. Сол өзі айтқан малын беретін болса, алсын деп жауап қайтарсын»,—дейді.
Қыздың әкесі келген адамды осы жауаппен қайтарады. Барған адам осылай айтып келген соң хан: «Малға келетін болса жарайды, біреуің қайтадан барып, қыздың айтқанын біліп келіңдер, не сұраса да берейік»,—дейді. Ханның жігіті қызға келсе, ол былай дейді: «Хан менің қалың малым үшін он бес лақ теке берсін, жиырма бес тоқты қошқар берсін, тоқсан құнан бұқа берсін, қырық бес бесті айғыр берсін, елу бес бура берсін, алпыс ат, жетпіс атан берсін»,—деп қайырады. Ханның жігіті қыздың жауабын айтып келген соң хан жарлық беріп теке, бұқа, айғыр, қошқар, бура, ат, атанды елден салық қылып жиғыза бастайды. Бұл кезде Жиренше шешен бір жаққа, алыс жолға жолаушы болып кеткен еді. Ел шетіне келгеннен-ақ: «Хан қатын аламын деп, қалың малға осындай мал сұрап, елге салық қылып, жиғызып жатыр» дегенді естіген соң, Жиренше ренжіп, ханның үйіне бармай, өз үйіне келіп, екі күнге шейін жатып алады. Бұрынғы әдеті бұлай емес еді. Шешен бір жаққа барып келетін болса, әуелі ханның үйіне түсіп, көрген-білгенін айтып, сонан кейін өз үйіне барады екен. Жиренше екі күнге дейін келмеген соң хан кісі жібертіп, Жиреншені шақыртып алады.
Хан алдына келген соң ол Жиреншеден:
—Бұл қалай? Сен бұрын ұзақ жолдан келгенде әуелі маған түсіп, сонан кейін үйіңе барушы едің. Бұл сапарда сен бір өнер тауып келдің бе? Болмаса, мен өзгердім бе?—дейді. Сонда Жиренше:
—Келмеуіме себеп мынау еді: мен уәзір болам десем, хан да көп, ел де көп еді. Соның бәрін көріп, бұрынғылар «ханда қырық кісінің ақылы болады» дегенді ұстап, сізді де сондай ақылды ханның бірі ме деп жүрген едім. Ханым, бір қыздың айтқан жұмбағына түсіне алмай, елді де, өзіңді де әуре қылып, салық салып мал жиғызғаныңа өкпелеп келмедім,— дейді. Хан: