«Ер төстік» қойылымындағы ұлттық рух

Фараби Темірбай
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының
«Театртану» бөлімінің 1 курс студенті

Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театрының сахнасында Қ. Бегмановтың «Ер  Төстік» поэтикалық драмасы бірнеше жыл қатарынан сахнада қойылып келеді.

Қазақ халқының ауыз әдебиеті – ұлттың рухани байлығының асыл қазынасы. Сол мұралардың ішінде «Ер Төстік» ертегісі айрықша орын алады. Бұл шығарма халқымыздың дүниетанымы мен арман-мүддесін, ерлік пен адамгершілік ұғымдарын терең бейнелеген.

«Ер Төстік» ертегісі желісінде жазылған бұл пьесада ұлттық рух пен адамгершілік қасиеттер, батырлық пен достық, адалдық пен әділеттілік секілді асыл құндылықтар көркем бейнеленген. Автор Қасымхан Бегмановтың мәтініндегі поэтикалық тіл мен ұлттық бояуды режиссер Еркебұлан Қабдыл сахналық тұрғыда үйлесімді дамытқан.

Спектакльде өнер көрсеткен актерлердің шеберлігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Қуыршақтарға жан бітірген орындаушылар кейіпкерлердің мінезін, көңіл-күйін дәл жеткізіп, оларды тірі бейне ретінде қабылдатты. Әсіресе, Ер Төстік роліндегі Алияр Нұрәділ өз кейіпкерінің  батылдығы мен тапқырлығын шынайы сомдады. Ол Төстіктің достарына деген адалдығы мен жауынан қорықпайтын ержүректігін Кеще хан мен Мыстан ойластырған өнер сайыстарында жан-жақты ашты.

Басқа артистер де  қуыршақтарды шеберлікпен жүргізіп  қоймай, олардың бойына қан жүгіртіп, сезім мен әрекет арқылы өтіп жатқан оқиғаға сендірді.

Режиссер қолданған тың шешімдер қойылымның көркемдік деңгейін айқындай түсті. Сахнада қазақтың дәстүрлі өрнектері мен символдары оңтайлы пайдаланылған. Әсіресе екінші көріністегі тұман арасында шауып келе жатқан аттардың бейнесі ертегідегі тылсым әлемнің сиқырлы атмосферасын дәл көрсетті. Жарық пен түтін арқылы берілген кеңістік ауысымдары көрерменді ертегінің ішіне елітіп әкетеді. Қуыршақтардың ұлттық нақыштағы киімдері мен әшекейлері де аса ұқыптылықпен таңдалған. Әсіресе Ер Төстіктің қазақы шапаны мен асынған қару-жарақтары, басына киген дулығасы батырдың бейнесін айқындап, сахналық шындық пен тарихи рухты ұштастырып тұр.

Түйіндеп айтқанда, «Ер Төстік» қойылымы ұлттық құндылықтарды заманауи театр тілімен жаңаша жеткізіп әрі кішкентай көрермендердің ғана емес, ересектердің де жүрегіне жол тапқан спектакль болды. Бұл туынды – қазақ қуыршақ өнерінің биіктен көріне алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.       «Ер Төстік» – халқымыздың рухани бай мұрасын насихаттай отырып, көркемдік деңгейі жоғары, мазмұны терең, шебер сахналанған қойылымдар қатарынан орын алды.

Театр ұжымының басты мақсаты – бұл қойылым арқылы жас ұрпаққа ежелгі батырлықты, салт-дәстүрді, қайсарлықты, досқа адалдықты дәріптеу. Бүгінгі интернет әлемі жаулап алған заманда балалардың бойына туған жерге, туыстарға, достарға деген жылы сезім ұялататын осындай ұлттық шығармалар театр репертуарынан көп болуы керек. Себебі, мұндай өнер туындылары жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыруда маңызды роль атқарады деп білеміз.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *