Инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері

Маратова Жаныл Муханқызы

Е.А. Бөкетов атындағы университеті,

Шетел тілі: екі шетел тілі факультеті, 3 курс студенті

Аннотация

Бұл мақалада инклюзивті білім берудің мәні, оның қазіргі Қазақстандағы жағдайы, кездесетін кедергілер мен оларды шешу жолдары қарастырылады. Автордың педагогикалық тәжірибесі негізінде нақты мысалдар беріліп, ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға қатысты қоғам мен білім беру жүйесіндегі көзқарастар мен тәсілдер сарапталады.

Abstract

This article examines the essence of inclusive education, its current state in Kazakhstan, challenges encountered, and proposed solutions. Based on the author’s pedagogical experience, specific examples are provided and perspectives on students with special educational needs within the educational system and society are analyzed.

Резюме

В данной статье рассматриваются суть инклюзивного образования, текущее состояние в Казахстане, существующие препятствия и пути их решения. На основе педагогического опыта автора приводятся конкретные примеры, анализируются подходы и взгляды на учащихся с особыми образовательными потребностями.

Кілт сөздер / Keywords / Ключевые слова:

Инклюзивті білім беру, ерекше білім қажеттілігі бар оқушылар, педагогикалық қолдау, балама бағалау, арнайы мамандар, жеке даму, әлеуметтік бейімделу, эмпатия.

Inclusive education, special educational needs, pedagogical support, alternative assessment, specialists, personal development, social adaptation, empathy.

Инклюзивное образование, особые образовательные потребности, педагогическая поддержка, альтернативная оценка, специалисты, личностное развитие, социальная адаптация, эмпатия.

Қазіргі әлемде білім беру әр балаға тең мүмкіндік беруге бағытталып отыр. Бұл – инклюзивті білім беру ұстанымына негізделеді. Инклюзивті білім – бұл ерекше білім қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру процесіне қосып, оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптастыруға бағытталған педагогикалық және әлеуметтік жүйе. Бұл тұжырымдаманың негізі – теңдік, қолжетімділік және адам құқықтарын сақтау.

Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында инклюзивті білім беру – білім беру саласындағы басты бағыттардың бірі ретінде көрсетілген. Басты мақсат – әрбір баланың жеке мүмкіндіктеріне сәйкес сапалы білім алуға жағдай жасау.

Инклюзивті білім берудің міндеттері мен маңыздылығы

Инклюзивті білім берудің басты міндеті – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім алуға толық қатысуын қамтамасыз ету. Бұл жүйе балалардың дара ерекшеліктерін ескеріп, оларды білім алуда шеттетпей, қоғамға бейімдеуді көздейді. Мұндай балаларға арналған жеке білім беру бағдарламалары, арнайы әдістемелер және қолдау көрсету – тиімді инклюзияның негізгі тетіктері.

Өзекті мәселелер

Инклюзивті білім беру іс жүзінде бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келуде. Олардың негізгілері мыналар:

  1. Материалдық-техникалық база жеткіліксіздігі

Көптеген білім беру мекемелерінде пандустар, арнайы парта-жиһаз, дыбыстық/көру құралдары секілді қажет инфрақұрылым жоқ.

  1. Арнайы мамандардың жетіспеуі

Психолог, логопед, дефектолог секілді мамандардың саны шектеулі. Бұл мамандарсыз ерекше қажеттіліктері бар балалармен жүйелі жұмыс жүргізу мүмкін емес.

  1. Бағалау жүйесінің болмауы

Мектеп тәжірибесінде ерекше оқушыларға баға қойылмайтыны байқалады. Бұл олардың білім алуына деген ынтасын төмендетіп, оқыту процесінде шеттетуге әкеледі. Мұғалімдер үй тапсырмасын сұрамайды, тақырыпты игеру деңгейін тексермейді. Бұл – оқу мотивациясының төмендеуіне әсер етеді.

  1. Мұғалімдердің даярлығының жеткіліксіздігі

Барлық мұғалімдер инклюзия бойынша арнайы дайындықтан өтпеген. Бұл олардың әдістемелік тұрғыда қиындыққа тап болуына себеп болады.

  1. Ата-аналар тарапынан түсініспеушілік

Кейбір ата-аналар баласының жалпы орта білім беретін мектепке баруына күмәнмен қарайды. Сонымен қатар, дені сау балалардың ата-аналары да ерекше баламен бір сыныпта оқудан бас тартатын жағдайлар кездеседі.

  1. Қоғамда инклюзия мәдениетінің қалыптаспауы

Қоғамда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты толық түсінік қалыптаса қоймаған. Инклюзияға қарсы көзқарас, шеттету немесе мейірімге негізделген аяушылық жиі кездеседі.

Жеке тәжірибеден алынған пікір

Инклюзивті білім беру тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибе барысында да нақты көрініс табады. Біз педагогикалық тәжірибеден өту кезінде инклюзия жағдайында оқып жатқан оқушылармен тығыз жұмыс жүргіздік. Сабақ барысында сенсорлық бұзылысы бар, сөйлеу қабілеті дамымаған, әлеуметтік ортада еркін қарым-қатынас жасай алмайтын, оқу деңгейі құрдастарынан әлдеқайда төмен оқушылар кездеседі. Мысалы, кейбір балалар қарапайым әріптерді жазуда немесе дыбыстарды ажыратуда үлкен қиындықтарға тап болады.

Соған қарамастан, сыныптағы басқа оқушылар бұл балаларға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуге тырысады. Бұл – инклюзивті мәдениеттің мектеп қабырғасында біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, бұл жағдай инклюзивті білім берудің барлық мәселелері шешілді деген сөз емес.

Практика барысында біз байқаған негізгі қиындықтардың бірі – ерекше қажеттіліктері бар оқушыларға мұғалім тарапынан жеткілікті назардың бөлінбеуі. Бір сабақтың 40 минутында мұғалімге бүкіл сыныппен жұмыс жүргізіп, жаңа тақырыпты түсіндіріп, тапсырмаларды тексеріп үлгеру үлкен жүктеме. Ал инклюзиядағы балаларға жеке қолдау көрсетуге уақыт жетіспейді. Мұғалімдер көбінесе бұл оқушыларға баға қоймауға тырысады, бұл жағдай олардың дамуына кері әсер етеді.

Біздің ұсынысымыз – ерекше білімді қажет ететін оқушыларға қосымша уақыт пен арнайы қолдауды қамтамасыз ету. Бұл қолдау логопед, дефектолог, психолог секілді мамандар арқылы жүзеге асуы тиіс. Сонымен қатар, мұндай оқушыларға арналған жеке немесе топтық түзету сабақтарын енгізу қажет. Бұл олардың оқу жетістіктерін ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік ортаға бейімделуін де жақсартады.

Біз инклюзивті білім беру саласындағы тағы бір маңызды мәселені байқадық – бұл арнайы мамандардың жетіспеушілігі және инклюзивті оқушылардың оқу жетістігінің бағаланбауы. Көптеген мектептерде мұндай оқушыларға пәндер бойынша баға қойылмайды. Бұл жағдай ата-аналар мен мұғалімдердің арасында түсініспеушілік туғызады.

Әрине, «балалар қатарынан қалмасын, өздерін кем сезінбесін» деген ұстаным орынды. Алайда бағалаудың мүлдем болмауы – оқушының білім алуына деген қызығушылығын төмендетіп, жеке дамуын тежейді. Бағалау – тек жетістікті көрсететін құрал ғана емес, ол арқылы әлсіз тұстар анықталып, болашақ оқу жоспары құрылады. Егер оқушы бағаланбаса, мұғалім де тапсырманың орындалуын талап етпейді, сабаққа қатысу белсенділігін ескермейді.

Бұл жағдай мұғалімдер үшін де түсініксіз болып қалады. Олар тақырыпты бүкіл сыныпқа түсіндіруге міндетті, алайда ерекше оқушылардан жауап сұрап, тапсырма тексеруге келгенде «баға қойылмайды» деген себеппен оларды шеттетіп жатады. Бұл инклюзия қағидаларына қайшы.

Сондықтан біздің пікіріміз – инклюзивті оқушылар үшін бағалау жүйесін толық алып тастау емес, олардың мүмкіндіктеріне сай балама бағалау тәсілдерін енгізу. Бұл тәсіл оқушының қатысу белсенділігін, күш-жігерін және оқу барысындағы прогресін бағалауға бағытталуы тиіс. Сонымен қатар, бұл процесте арнайы педагогтардың, психологтар мен логопедтердің белсенді қолдауы қажет.

Ғылыми зерттеулер негізінде

Инклюзивті білім беру жүйесін тиімді енгізу мен дамыту мәселесі көптеген отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің өзегіне айналған. Бұл саладағы жетекші теориялардың бірі – Лев Семенович Выготскийдің «Жақын арадағы даму аймағы» (Zone of Proximal Development) тұжырымдамасы. Выготскийдің пікірінше, бала өзінің даму деңгейінен жоғары нәтижеге тек әлеуметтік ортадағы қолдаудың көмегімен – мұғалімнің, ата-ананың немесе құрдастарының жетекшілігімен қол жеткізе алады. Бұл инклюзивті білім беру жағдайында ерекше маңызды, өйткені ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолдаушы орта – негізгі жетістік кілті.

Қазақстандық зерттеушілер де инклюзивті білім беру мәселесін терең қарастырып келеді. А.А. Асылова өзінің еңбектерінде мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен эмоционалдық тұрақтылығының маңызын атап өтеді. Оның зерттеулерінде көрсетілгендей, ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушылармен тиімді жұмыс жасау үшін мұғалім тек пәнді меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар оқушының психоэмоционалдық жағдайын түсіне алатын, жанашыр, эмпатиялық қабілеті жоғары тұлға болуы қажет. Асылова инклюзияны «мұғалім мен оқушы арасындағы сенімге құрылған үздіксіз педагогикалық әрекет» деп сипаттайды.

         Тағы бір отандық ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты Б.Ә. Әбдікәрім өзінің ғылыми жұмыстарында инклюзивті білім берудің табысты болуы – тек мектеп ішіндегі әрекетке емес, сонымен қатар мектеп пен ата-ана арасындағы өзара сенім мен серіктестікке байланысты екенін көрсетеді. Оның айтуынша, ата-ананың мектеппен тығыз байланыста болуы баланың бейімделуіне, мотивациясының артуына, ал мектеп тарапынан ата-аналарға әдістемелік және психологиялық қолдау көрсетілуі – интеграция процесінің басты шарты.

           Сонымен қатар, шетелдік ғалымдар Tony Booth пен Mel Ainscow ұсынған Index for Inclusion құралы да инклюзивті білім беру жүйесін бағалаудың маңызды әдістемесі ретінде қарастырылады. Бұл құрал мектептегі инклюзивті ортаны жетілдіру мақсатында қолданылатын практикалық нұсқаулық болып табылады және мектеп қауымдастығының барлық мүшелерімен бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Аталған индексте оқу процесі, тәрбие беру, бағалау, әлеуметтік қарым-қатынас, көшбасшылық және оқу кеңістігі секілді бағыттар қамтылған.

            Жалпы алғанда, ғылыми зерттеулер инклюзивті білім берудің тиімді болуы үшін келесі аспектілердің маңызын дәлелдейді:

  • Мұғалімдердің арнайы дайындықтан өтуі;
  • Ата-аналармен жүйелі байланыс;
  • Баланың даму ерекшеліктеріне сай білім беру мазмұнын бейімдеу;
  • Қолайлы психологиялық орта құру;
  • Жеке оқу траекторияларын енгізу.

Шешу жолдары мен ұсыныстар

        Инклюзивті білім беру жүйесін табысты дамыту – кешенді, жүйелі, көп салалы тәсілді талап етеді. Төменде осы бағытта жүзеге асырылуы қажет негізгі шешімдер мен ұсыныстар егжей-тегжейлі сипатталған:

  1. Мұғалімдерге инклюзия бойынша арнайы курстар ұйымдастыру

Инклюзивті білім беруде табыстың кілті – педагогтың кәсіби және психологиялық даярлығында. Көптеген мұғалімдер инклюзивті ортада жұмыс істеу үшін арнайы даярлықтан өтпеген, нәтижесінде олар ерекше оқушылармен жұмыс істеуде қиындықтарға тап болады. Сондықтан:

  • Педагогтарға арналған дефектология, логопедия, психология негіздері бойынша қысқа және ұзақ мерзімді қайта даярлау курстары ұйымдастырылуы тиіс.
  • Білім беру ұйымдарында тәжірибелік семинарлар мен тренингтер, шеберлік сағаттары, вебинарлар жүйелі түрде өткізілгені жөн.
  • Мұғалімдердің эмпатиялық және коммуникациялық дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылуы қажет.
  1. Арнайы мамандардың штаттық бірлігін көбейту

Инклюзивті білім беру мекемелерінде дефектолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог, педагог-психолог, әлеуметтік педагог сияқты мамандардың тұрақты жұмыс істеуі аса маңызды. Өкінішке қарай, Қазақстанның көптеген мектептерінде бұл мамандар мүлдем жоқ немесе жеткіліксіз.

  • Білім беру мекемелеріне арнайы мамандарды міндетті түрде штаттық бірлікке қосу ұсынылады.
  • Университеттерде осы бағыттағы мамандарды даярлау мемлекеттік гранттар арқылы көбейтілуі тиіс.
  • Облыстық және аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің желісін кеңейту қажет.
  1. Әр оқушыға жеке білім беру траекториясын жасау

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар әртүрлі деңгейде және қарқынмен дамиды. Сондықтан бірдей талапты қою – әділетсіздікке және оқушының өзін төмен бағалауына әкеледі.

  • Мұғалімдер мен мамандар бірлесіп, әр оқушыға жеке оқу жоспары мен даму картасын жасап, оқу процесін соған сәйкес жүргізуі керек.
  • Бұл траекторияда баланың физикалық, психологиялық және интеллектуалдық ерекшеліктері, қызығушылықтары мен қабілеттері ескерілуі тиіс.
  1. Ерекше оқушыларға арналған балама бағалау жүйесін енгізу

Көп жағдайда инклюзивті сыныптарда оқитын балаларға баға қойылмайды, бұл олардың білімге деген ынтасын төмендетеді. Бағаланбау – баланың өз мүмкіндігін көруіне, жетістікке жетуге деген сеніміне кедергі келтіреді.

  • Мұндай оқушыларға формативті бағалау элементтерін енгізу тиімді: мысалы, прогреске бағытталған (өткен сабақтармен салыстырмалы даму), қатысу белсенділігі, жеке жетістікке жету.
  • Бағалау кезінде ауызша мадақтау, смайлик, жетістік парағы секілді мотивациялық әдістер қолданылуы тиіс.
  • Мүмкіндігі шектеулі оқушыларға білімнің мазмұны емес, оны меңгеру жолындағы ынтасы мен әрекеті бағалануы қажет.
  1. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу

Инклюзивті білім беру отбасының қолдауынсыз жүзеге аспайды. Алайда ата-аналардың арасында білім беру жүйесіне деген сенімсіздік немесе баласының әлеуетіне күмәндану жағдайлары кездеседі.

  • Мектеп пен ата-ана арасында тұрақты кері байланыс орнатылуы тиіс (жеке кездесулер, чаттар, телефон арқылы хабарлау).
  • Ата-аналарға арналған ақпараттық семинарлар, тренингтер ұйымдастырылып, инклюзияның мәні мен маңыздылығы түсіндірілуі керек.
  • Ата-аналарды психологиялық қолдау қызметтерімен қамтамасыз ету қажет.
  1. Қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру бағытында ақпараттық науқандар жүргізу

Инклюзия тек білім беру саласының мәселесі емес, бұл – бүкіл қоғамның міндеті. Әлеуметтік пікір мен көзқарас өзгермей, жүйелі өзгеріс те орын алмайды.

  • Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы инклюзивті өмір салтын насихаттау қажет.
  • Инклюзивті құндылықтарды дәріптейтін роликтер, әлеуметтік жарнамалар, деректі фильмдер жасау ұсынылады.
  • Мектеп қабырғасынан бастап, толеранттылық пен мейірімділікке тәрбиелеу – қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастырудың негізі.

Инклюзивті білім беру – заманауи қоғамның әлеуметтік әділеттілікке, теңдікке және адам құқықтарына деген ұмтылысын айқын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Бұл тек ерекше білім беруді қажет ететін балалардың білім алуға құқығын қамтамасыз ету емес, сонымен қатар бүкіл білім беру жүйесінің гуманистік бағытта дамуының дәлелі болып табылады. Инклюзия – әр баланың әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін, қоғамда толыққанды өмір сүруге даярлайтын орта.

Қазақстанда инклюзивті білім берудің құқықтық негіздері қалыптасқанымен, бұл бағытта әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар көп. Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, арнайы мамандармен қамтамасыз ету және қоғамда инклюзия мәдениетін қалыптастыру – уақыт талабына айналып отыр.

Педагогикалық тәжірибе мен ғылыми зерттеулер көрсеткендей, инклюзивті білім беру тиімді жүзеге асуы үшін білім беру процесіне қатысушы барлық тараптардың – мұғалімдердің, ата-аналардың, оқушылардың және қоғам өкілдерінің – өзара түсіністігі мен қолдауы қажет. Бұл – тек мектеп қабырғасында ғана емес, жалпы қоғамдық көзқарастағы өзгерістерді талап ететін күрделі де маңызды процесс.

Мемлекеттік қолдау мен білім беру саласындағы стратегиялық жоспарлау арқылы инклюзивті білім беруді жүйелі түрде дамытсақ, ерекше білімді қажет ететін балалардың сапалы білім алуға қол жеткізуі мен қоғамға сәтті бейімделуіне нақты мүмкіндік туады. Бұл – өркениетті, толерантты, жанашыр қоғам қалыптастырудың алғышарты.

Қолданылған әдебиеттер / References

  1. Asylova A.A. (2022). Problemy i perspektivy inklyuzivnogo obrazovaniya v Kazakhstane. Pedagogika zhurnaly.
  2. Abdikarim B.A. (2021). Vzaimodeystvie sem’i i shkoly v usloviyakh inklyuzii. Vestnik obrazovaniya.
  3. Booth T., Ainscow M. (2016). Index for Inclusion: Developing learning and participation in schools. Bristol: CSIE.
  4. Vygotsky L.S. (1978). Mind in Society: The Development of Higher Psychological Processes. Cambridge, MA: Harvard University Press.

Қолданылған сайттар

  1. https://adilet.zan.kz – ҚР “Білім туралы” Заңы
  2. https://www.nao.kz – “Ұлттық білім академиясы” РММ ресми сайты
  3. https://bilimland.kz – Инклюзивті білім беруге арналған интерактивті ресурстар
  4. https://egemen.kz – “Egemen Qazaqstan” республикалық газетінің білім саласына қатысты мақалалары

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *