Студенттік белсенділердің шығармашылық кабинетін ашу

Омирзақ Қуралай Аянқызы
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Алматы, Қазақстан
Аға оқытушы: Коспагарова Асем Кабидолдаева


Аңдатпа. Мақала студенттердің шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, олардың дербес зерттеу жұмысына жақындауына әсер етеді. Шығармашылық – адамның өзін тануға, ізденуге бағытталған ішкі талпынысы. Өмірде дұрыс шешім қабылдау үшін адам ой елегінен өткізіп, саналы әрекет етуді үйренуі қажет. Жеке тұлғаның қабілеттерін дамыту оның рухани күшін арттырып, өзін қалыптастыруына көмектеседі. Адам тек дайын дүниені қабылдаушы емес, сонымен бірге оны жасаушы болып табылады. Қазіргі таңда шығармашылық әрекетті дамыту мәселесі педагогика мен психологияда кеңінен зерттелуде, өйткені ол тек жеке емес, әлеуметтік маңызға да ие.

Кілт сөздер: Шығармашылық іс-әрекет, қабілет, талант, белсенділік, дарын, клуб, клубтық жұмыстар, шығармашылық белсенділік, студенттер клубы.


I Кіріспе

Шығармашылық ең алдымен табандылықты талап ететін, кейде ауыр әрі күрделі еңбек түрі болып табылады. Сонымен қатар ол адамның барлық физикалық және рухани мүмкіндіктерін барынша жұмсауды қажет ететін шабытпен ұштасқан іс-әрекет. Нағыз шығармашылық әрқашан қоғам үшін пайдалы әрі маңызды нәтижеге жеткізеді.

Шығармашылық – әлеуметтік жағдайлар мен қажеттіліктер негізінде туындайтын қызмет. Осы үдеріс барысында адамның көптеген психикалық қасиеттері ашылып, оның ішкі әлемі айқын көрініс табады. Шығармашылық әрекет кезінде тұлғаның психикалық белсенділігі жоғары деңгейде жүзеге асады, оған интеллектуалдық, эмоциялық және еріктік қасиеттер қатысады.

Шығармашылықтың маңызды қырларының бірі – іске деген қызығушылық пен ұмтылыс. Өз ісіне шын берілген адам үшін шығармашылық өмірдің ажырамас бөлігіне айналады. Әсіресе оның нәтижесі қоғам тарапынан қолдау тапқанда, шығармашылыққа деген ынта одан әрі арта түседі. Шынайы шығармашылық шабытпен тығыз байланысты.

Белгілі ғалым П.И. Чайковский шабыттың ерекшеліктерін төмендегідей сипаттайды:

«Шабытты күй қойылған мәселені шығармашылықпен шешу үшін құмарта және табандылықпен ұмтылған адамда пайда болады. Шабыт – жалқауларға жоламайтын, оның есігін ашпайтын қонақ»;
«Шабытты ой мен бейне қозғалыстарының жеңілдігімен, олардың айқындығы әрі молдығымен, тебіреністердің тереңдігімен сипатталады»;
«Шабытты күй аясында таным процесінің бәрі жемісті өтеді. Ерік ой мен әрекет тәртібін қамтамасыз етіп отырады» (Читякова, 1984) [1].

Шығармашылық мәселесін қарастыруда «қабілет», «талант», «белсенділік», «дарын» ұғымдарының маңызы зор. Зерттеудің мақсаты – студенттердің шығармашылық белсенділігін клубтық іс-әрекеттер арқылы теориялық және тәжірибелік тұрғыдан негіздеу.


Әдеби шолу

Қазіргі таңда жоғары оқу орындарындағы білім беру үдерісі студенттердің шығармашылық ойлауын дамытып, оларды дербес зерттеу жұмысына бейімдеуге бағытталған. Педагогикалық қызмет пен ғылыми ізденісті ұштастырудың маңызы әрдайым жоғары.

Шығармашылық іс-әрекеттің негізі – адамның өмір сүру қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, оның жеке қабілеттеріне сүйенуінде. Ғалым Э.К. Сэт шығармашылық белсенділікті эмоционалдық, еріктік және интеллектуалдық қасиеттердің күрделі бірлігі ретінде қарастырады.

Клубтарды ұйымдастырудың басты мақсаты – студенттердің және дарынды жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, практикалық дағдыларын қалыптастыру, ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттыру. Клуб қызметі тиімді болуы үшін:

  • нақты жоспар негізінде ұйымдастырылуы;
  • әрбір іс-шара алдын ала мұқият дайындалуы;
  • қатысушылардың жас ерекшелігі, қызығушылығы мен бейімділігі ескерілуі тиіс (Жунусова Л., 2015).

«Клуб» ұғымы орыс тіліне XVIII ғасырда ағылшын тілінен енген және «адамдардың бірлестігі» деген мағынаны білдіреді. Алғашқы клубтардың бірі 1905 жылы С.Т. Шацкийдің бастамасымен Ресейде ұйымдастырылған. Негізгі қағидалар ретінде:

  • өзін-өзі басқару;
  • дербес әрекет ету;
  • шығармашылық қабілеттерді дамыту қарастырылады [7] (Жарков, 2000).

1-кесте – Клубтық іс-әрекеттердің тарихи кезеңдер бойынша дамуы және Ресей психологиялық-педагогикалық әдебиеттерінде талдануы

Кезең Сипаттамасы
XIX ғ. аяғы – 1917 ж. Клуб – балалардың өз күштерімен қалыптастырған, балалардың бірлескен ортасы немесе мекемесі ретінде қарастырылады, балалардың ұйымдасуына көмектесетін орта (С.Т. Шацкий). Клубтық іс-әрекет өзін-өзі басқару принциптерін таңдауға және қызығушылықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар клуб – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған ғылыми және шығармашылық орта (А.П. Пиукевич).
1917–1936 жж. Клуб – балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс уақытын ұйымдастыруға бағытталған, ортақ қызығушылықтардың тоғысқан ортасы. Алдымен қызығушылықтарға негізделген үйірмелер құрылып, кейін олар клубқа айналған (А.Ф. Родин). Клуб кейде үйірме ретінде де қарастырылады (А.С. Макаренко). Сонымен қатар клуб – еркін таңдалатын іс-әрекеттерге негізделген кең құрылымдық бірлестік (Э.Г. Костяшкин).
ХХ ғ. 60–80 жж. Бұл кезеңде клуб ұғымының ауқымы тарылып, «қызығушылықтар үйірмесі», «бірлестік», «үйірме» ұғымдары жиі қолданылды. Үйірме белгілі бір арнайы қабілеттерге (музыка, техника, актерлік және т.б.) бағытталса, клуб әртүрлі іс-әрекет түрлерін қамтып, қатысушылардың ортақ қызығушылықтары негізінде бірігуіне мүмкіндік берді.
90 жж. Клубтық мәдениет қалыптаса бастады. Клубтық іс-әрекет тек сабақтан тыс ойын-сауық емес, шығармашылық қызмет нәтижелерін жеке өмірде кеңінен қолдануға бағытталған үдеріс ретінде қарастырылады. Клубтық жұмыс барысында жүзеге асырылатын әрекеттер қатысушыларға қанағат пен қуаныш әкеледі, бұл психологиялық тұрғыдан мотивация мен қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.

Біздің зерттеуіміздің әдіснамалық негізі ретінде жүйелілік тұрғы (Б.Г. Ананьев, Э.Г. Юдин), әрекеттік тұрғы (Н.В. Кузьмина, Т.Г. Браже, Л.С. Рубинштейн, Л.Ф. Спирин және т.б.), мәдениеттанымдық тұрғы (Н.Я. Данилевский, Д. Урсул және т.б.), тұлғалық тұрғы (В.В. Сериков, Е.В. Бондаревская, И.Ф. Исаев, Б.С. Гершунский, В.А. Сластенин, И.С. Якиманская және т.б.), сондай-ақ іс-әрекеттік тұрғы (Н. Ханс) алынды [8].

2-кесте – Студенттердің шығармашылық белсенділігін клубтық іс-әрекеттер арқылы қалыптастырудың әдіснамалық тұғырлары

Тұғырдың атауы Студенттердің шығармашылық белсенділігін клубтық іс-әрекеттер арқылы қалыптастыру аясындағы мазмұны
Жүйелілік тұғыр (Б.Г. Ананьев, Э.Г. Юдин, В.Н. Садовский, М.С. Каган, В.Г. Афанасьев, Д. Урсул және т.б.) Тұлғаның кәсіби даярлығын жүйелі түрде, оның барлық құрамдас компоненттерінің өзара байланысы негізінде ұйымдастыру.
Тұлғалық тұғыр (В.В. Сериков, В.А. Сластенин, И.С. Якиманская және т.б.) Тұлғаны білім беру үдерісінің субъектісі ретінде қарастыру. Оның жеке ерекшеліктеріне сүйене отырып, әлеуетін, дербес қасиеттерін дамытуға бағыттау.
Әрекеттік тұғыр (Н.В. Кузьмина, Т.Г. Браже, Л.С. Рубинштейн, Л.Ф. Спирин және т.б.) Тұлғаның мақсат қоя білуі, іс-әрекетті жоспарлауы, оны жүзеге асыруы және нәтижеге қол жеткізе алуы арқылы шығармашылық белсенділікті дамыту.
Мәдениеттанымдық тұғыр (Е.В. Бондаревская, И.Ф. Исаев, Б.С. Гершунский және т.б.) Тұлғаның мәдени дамуы, оның білімділігі, қоғамдағы қарым-қатынас мәдениеті мен жалпы мәдени деңгейінің қалыптасуы арқылы шығармашылық белсенділікті жетілдіру.

Нәтижелер және талқылау

Студенттердің шығармашылық белсенділігін клубтық іс-әрекеттер арқылы қалыптастыруға бағытталған педагогикалық эксперименттің негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарында білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту. Экспериментті ұйымдастыру барысында бірқатар маңызды талаптар сақталды:

  1. Зерттеуге қатысушылардың (студенттердің) денсаулығы мен жеке тұлғасына зиян келтірмеу;
  2. Зерттеудің мақсат-міндеттеріне сәйкес қатысушыларды іріктеу және эксперименттік базаның сәйкестігін анықтау;
  3. Зерттеу әдістерін оқу және тәрбие үдерісін жетілдіру мақсатында тиімді пайдалану.

Клубтық іс-әрекеттер арқылы студенттердің шығармашылық белсенділігін анықтауға бағытталған анықтаушы эксперименттің міндеттері:

  • эксперименттік базаны анықтап, бақылау және эксперименттік топтарды қалыптастыру;
  • клубтық қызметтің түрлерін белгілеу;
  • студенттердің пән сабақтары аясындағы шығармашылық белсенділік деңгейін анықтау;
  • клубтық іс-әрекет негізінде шығармашылық белсенділіктің бастапқы деңгейін айқындау;
  • білім алушылардың шығармашылық белсенділігін арттыру мүмкіндіктерін зерделеу.

Педагогикалық экспериментке жалпы саны 106 студент қатысты. Оның ішінде 47 студент эксперименттік топқа, ал 59 студент бақылау тобына енгізілді.

3-кесте – «Шабыт» студенттер шығармашылық клубының жұмыс күнтізбеліктақырыптық жоспары

Іс-шараның атауы Жүргізілу формасы Шараға қатысушылар
1 «Өнер тапқыштар» Сайыс «Шабыт» клубы мүшелері
2 «Б. Байқадамов шығармашылығына арналған хор концерті» Концерттік кеш «Шабыт» клубы мүшелері
3 «Ұшқан ұяға – тағзым» (Серіккали Елбебек шығармашылығы) Шығармашылық кеш «Шабыт» клубы мүшелері
4 «Күз кереметі» Көрме «Шабыт» клубы мүшелері
5 «Утилитарлы көрме» (қолөнер түрлері) Қолөнер көрмесі «Шабыт» клубы мүшелері
6 «Жаса Қазақстан» Флешмоб «Шабыт» клубы мүшелері
7 «Квиллинг әдісі» Мастер-класс «Шабыт» клубы мүшелері
8 «Шашбауы сылдырлаған бұрымды қыз» Шаш өру сайысы «Шабыт» клубы мүшелері

4-кесте – Педагогикалық эксперимент жұмысының анықтау кезеңінің көрсеткіштері (% есебімен)

Компоненттер Топ Студент саны Төмен деңгей Орташа деңгей Жоғары деңгей ОК НК
Мотивациялық-құндылықтық ЭТ 47 23 (44%) 19 (42%) 5 (14%) 1.7 0.10
БТ 59 27 (46%) 13 (17%) 10 (17%) 1.71 0.56
Мазмұндық ЭТ 47 17 (37%) 21 (41%) 10 (22%) 1.85 1.05 0.59
БТ 59 23 (23%) 27 (43%) 9 (17%) 1.77
Әрекеттік ЭТ 47 7 (15%) 20 (36%) 12 (30%) 1.96 1.14 0.95
БТ 59 24 (24%) 11 (18%) 24 (36%) 1.72

Жүргізілген педагогикалық эксперимент нәтижелері студенттердің шығармашылық белсенділігін қалыптастыруда клубтық іс-әрекеттердің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Клубтық орта студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ұйымдастырушылық қасиеттерін жетілдіруге, актерлік шеберлігі мен қызығушылығын арттыруға, ойлау мәдениетін дамытуға, ізденімпаздықты қалыптастыруға ықпал ететін тиімді құрал болып табылады.


Қорытынды

Қазіргі таңда елімізде білім беру жүйесі жаңартылып, әлемдік білім кеңістігіне интеграциялануға бағыт алуда. Осы үдеріс аясында студенттердің шығармашылық белсенділігін дамыту мәселесі өзекті болып отыр.

Сондықтан жоғары оқу орындарындағы оқу үдерісінде студенттердің шығармашылық әлеуетіне ерекше назар аударылып, олардың өздігінен дамуына ықпал ететін дербес белсенділігін қалыптастыру мәселелері педагогика ғылымында маңызды зерттеу нысанына айналуда. Заманауи талаптарға сай білім беру мен тұлғаны шығармашылыққа баулу бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Жалпы алғанда, клубтық жұмыстар студенттердің қызығушылықтары негізінде өз қабілеттерін сынауға, жетілдіруге мүмкіндік беретін, ынтымақтастық пен өзара әрекеттестік қалыптасатын тиімді орта болып табылады.


Әдебиеттер тізімі

  1. Читякова Н.А. Художественная культура греческого мира // Художественная культура в докапиталистических формациях. – Л.: Изд-во ЛГУ, 1984. – С. 153–156.
  2. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. – Алматы, 1995. – 520 б.
  3. Монтень М. Опыты: в 3-х книгах. Книга первая. – М., 1991. – 339 с.
  4. Сэт Е.К. Творческая активность как непременное условие формирования педагога-музыканта // Вопросы педагогики и психологии. – 1970. – № 69. – С. 26–41.
  5. Овчарова Т.Н. Творчество как деятельность: тезисы докладов. – Горький, 1982. – С. 70–71.
  6. Телешова Ұ.Б. Тұлға қалыптастырудағы танымдық қызығушылықтың педагогикалық негізі. – Алматы, 2008. – 89 б.
  7. Жарков А.Д. Технология культурно-досуговой деятельности. – М.: Профиздат, 2000. – 287 с.
  8. Таубаева Ш.Т. Педагогиканың философиясы және әдіснамасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2015. – 345 б.
  9. Черепанов В.С. Экспертные методы в педагогике. – Пермь: ПГПИ, 1988. – 83 с.
  10. Жунусова Л.Б. Клуб бірлестіктері мен үйірме жұмыстары // Мир учителя. – 2015. – URL: https://worldofteacher.com/7575-klub-brlestkter-men-yrme-zhmystary.html (қаралған күні: 31.12.2015).

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх