Шәмшиева Мария Әділбекқызы
Балабақша – баланың алғашқы білім алып, қоршаған ортамен танысып, достық пен мейірімділікті үйренетін ерекше орта. Ал осы ортада тәрбиешінің орны ерекше.
Баламен жұмыс істеу – тек сабақ өткізу емес. Ол – әр баланың мінезін түсіну, көңіл күйін сезіну, кішкентай жетістігін байқап, қолдау көрсету. Әр баланың бойында ерекше қабілет бар. Тәрбиешінің міндеті – сол қабілетті байқап, дұрыс бағыт беру.
Балалардың «апай» деп қуана жүгіріп келгені, жаңа нәрсе үйреніп, оны мақтанышпен көрсеткені – тәрбиеші үшін үлкен бақыт. Кейде бір жылы сөздің өзі баланың өзіне деген сенімін арттырады.
Мен үшін балалармен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік әрі жүрекке жақын мамандық. Әр бүлдіршінге жақсы тәрбие мен сапалы білім беріп қана қоймай, мейірімді, әдепті, білімге құштар болып өсуіне өз үлесімді қосқым келеді.
Балаға берілген әрбір жақсы тәрбие – оның болашағына салынған үлкен үлес. Ал бақытты балалық шақ – балабақшадан басталады.
Балаларымның әр жетістігіне бірге қуанып, әр қадамына қолдау көрсету – мен үшін үлкен мәртебе.
