Дүнген  диаспорасының Қазақстанға қоныс аудару процесі

Бірлес Ырысалды
«7М01602-Тарих-дінтану» мамандығының 1 курс магистранты
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Ғылыми  жетекшісі: Махаева А.Ш.

Аңдатпа

Аннотация: Бұл мақалада дүнген диаспорасының Қазақстанға қоныс аудару үдерісі тарихи деректер негізінде қарастырылады. XIX ғасырдың соңында Қытайдағы дүнгендерге қарсы қуғын-сүргін салдарынан болған көші-қон толқындарының себептері мен сипаты талданады. Автор Қазақстанға келген дүнгендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, этникалық бейімделуі және кеңестік кезеңдегі трансформациялық үдерістеріне назар аударады. Сонымен қатар, дүнгендердің ұлттық бірегейлігін сақтау жолдары мен қазіргі қазақ қоғамындағы орны да зерттеледі.

Кілт сөздер: дүнгендер, миграция, этникалық диаспора, Қазақстан, тарихи қоныс аудару, этникалық бейімделу

Аннотация: В статье рассматривается процесс переселения дунганской диаспоры в Казахстан на основе исторических источников. Анализируются причины и особенности миграционных волн дунган в конце XIX века, вызванных репрессиями в Китае. Автор уделяет внимание социально-экономическому положению переселенцев, процессам этнической адаптации и изменениям в советский период. Также исследуется сохранение этнической идентичности дунган и их место в современном казахстанском обществе.

Ключевые слова: дунгане, миграция, этническая диаспора, Казахстан, историческое переселение, этническая адаптация

Abstract: This article examines the migration process of the Dungan diaspora to Kazakhstan based on historical data. It analyzes the causes and characteristics of the migration waves in the late 19th century due to persecution in China. The study focuses on the socio-economic conditions of the Dungan migrants, their ethnic adaptation, and the transformations during the Soviet period. Additionally, it explores the preservation of Dungan ethnic identity and their role in contemporary Kazakhstani society.

Keywords: Dungans, migration, ethnic diaspora, Kazakhstan, historical resettlement, ethnic adaptation

 Өзектілігі

Қазақстанға қоныс аударушы дүнген диаспорасы өз тарихында маңызды кезеңдер мен әлеуметтік-саяси өзгерістерді бастан өткерді. XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қытайдағы саяси тұрақсыздық, әсіресе Шэньси, Ганьсу, Сычуань және Хэбей провинцияларындағы көтерілістер мен Қытай үкіметінің қоныс аударушыларға қарсы қабылдаған қатаң шаралары нәтижесінде көптеген дүнгендер өз отандарынан кетуге мәжбүр болды. Қазақстанға қоныс аудару процесі қазақ қоғамында бірқатар әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге алып келді. Бұл қоныс аударушылардың көшіп-қонуы Қазақстанның оңтүстік аймақтарында, әсіресе Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында олардың орнығуына ықпал етті. Дүнгендердің жаңа жерге қоныс аударуы, негізінен, оларға жақсы экологиялық жағдай мен ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндігін ұсынғандықтан жүзеге асты.

Қоныс аударудың негізгі себептері мен оның салдарын зерттеу барысында, дүнгендердің Қазақстанға көшіп келуінің әлеуметтік-саяси және экономикалық факторлармен тығыз байланысты екенін байқауға болады. Қоныс аударушылар Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосып, жаңа жерлерде бейімделу үшін материалдық мәдениеттерін өзгертіп, жаңа дағдылар мен шаруашылық әдістерін енгізді. Сонымен қатар, дүнгендердің тұрмыстық мәдениеті мен қолөнер салаларындағы ерекшеліктері, жаңа жағдайда өмір сүруге бейімделуі, жергілікті халықтың мәдениетімен араласуы олардың материалдық мәдениетінде маңызды із қалдырды.

Мақалада дүнген диаспорасының Қазақстанға қоныс аудару тарихына қатысты аспектілер қарастырылады. Дүнгендердің жаңа ортаға бейімделуі мен олардың шаруашылық және тұрмыстық мәдениетіндегі өзгерістер, сондай-ақ бұл процестің Қазақстандағы әлеуметтік және экономикалық дамуымен байланысы зерттеледі. Бұл жұмыс дүнгендердің Қазақстандағы мәдени ықпалы мен қоныс аударушылардың еліміздің материалдық мәдениетін қалыптастырудағы рөлін түсінуге мүмкіндік береді.

Дүнгендердің Қазақстанға қоныс аударуының себептері

XIX ғасырдың екінші жартысындағы саяси және әлеуметтік өзгерістер Қытайдағы мұсылман халықтары үшін ауыр болды. 1864 жылы Батыс Қытайда басталған көтеріліс нәтижесінде дүнгендер мен ұйғырлар Цин әулетінің қатаң билігінен қашып, Ресейдің қоныс аударуға ұсынылған аумақтарына көшті. Көтерілісшілердің кейбір бөлігі Ресей империясының оңтүстігіндегі Жетісу аймағына жетті. 1881 жылы Санкт-Петербург келісімінен кейін Ресейдің Шыңжанмен шекаралас аймағына қоныс аударуға құқық берілді​[2,42 б.].

Дүнгендердің көшуі бірқатар әлеуметтік, саяси және экономикалық факторлармен байланысты болды. Цин әулетінің жазалаушы әрекеттері, халықтың жағдайының нашарлауы және феодалдық қанаудың күшеюі көптеген адамдарды өз отандарынан кетуге мәжбүр етті. Сонымен қатар, Ресей империясының қол астындағы жаңа жерлерде дүнгендер үшін жұмыс күші ретінде пайдалану мүмкіндігі болды, себебі Ресейге қоныс аударған дүнгендер арзан жұмыс күші ретінде қажет еді​[2,43 б.].

 Қоныс аудару процесі

Дүнгендер Жетісу аймағына бірнеше кезеңдермен қоныс аударды. Алғашқы кезеңде 1864-1878 жылдары көтерілісшілер Шыңжаннан қашып, Семиречен облысына келді. Бұл кезеңде дүнгендер негізінен мал шаруашылығымен айналысқан ауылдық аймақтарға қоныстанды​.

1881 жылы Санкт-Петербург келісіміне сәйкес, қоныс аудару процесі ресми түрде басталды. Ресей мен Қытайдың арасындағы шекараның өзгеруі және жаңа қоныстанушыларға жер беру саясаты дүнгендердің көптеп келуіне мүмкіндік берді.​[1,295 б.]

Жетісу облысының Шу алқабында дүнгендер негізінен ауыл шаруашылығына бейімделіп, егіншілік пен бау-бақша шаруашылығын дамытты. Қоныс аударған дүнгендер санының ұлғаюымен бірге олардың экономикаға қосқан үлесі де артты. Дүнгендер өздерінің егіншілік әдістері мен сауда-саттық тәжірибесін алып келіп, жаңа аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал етті.

Дүнгендердің Жетісу өңіріне қоныстануы.

Ресей империясына қоныс аударғаннан кейін дүнгендер Жетісу, Сырдария, Ферғана өңірлеріне: Қарақоңыз (Николаевка), Шортөбе (Сортөбе), Александровка (Сокулук), Ырдық (Мариинское), Қызыл-Жігіт, Сынғылық, Жалпақ-Төбеде қоныстанды. Дүнген слободкалары және кварталдар Жетісу өңіріндегі қалаларда да пайда болды, ол әкімшілік- шекаралық бөліністен кейін Қазақстан мен Қырғызстан арасында бөлінді. Верныйда (Алматы), Пішпекте (Бішкек), Жаркентте (Жаркент), Тоқмақта көптеген дүнгендер қалалық ұйымдарға біріктірілді.

Дүнген тарихшысы И.И. Исмаиловтың мәліметтері бойынша, Жетісу өңіріндегі қалаларда 1908 ж. мещандық қоғамда – 3314 дүнген, оның ішінде еркектер – 1761, әйелдер – 1553, уездерде 13 мың дүнген өмір сүрді, оның ішінде 6883 еркектер [5,14-15 бб]. Дүнген кварталдары Жетісудың Верный, Пішпек, Пржевальск (Қаракөл) қалаларында болды.

Верный қ. дүнген қауымы 1882 ж. пайда болды. Оны Соқылыққа бара жатқан 115 отбасы құрды. Одан бұрын мұнда Қарақоңыздан келген шамамен 20 шэньсий отбасылары тұрған. Қаланың барлық дүнгендері мещандар сословиесіне тіркелінді және 0,1-ден 0,25 десятинаға дейінгі жерді алды. Жетісу аймақтық басқармасының деректеріне сәйкес,

1883 ж. соңына қарай Верный қаласында 1332 адамнан құралған 397 дүнген отбасы болды. Олар екі қалалық қауым құрды: Іле өңірінен шыққандар “құлжа” атты қауым құрса, Шэньси өңірінен шыққандар “тоқмақ” қауымын құрды. Әрбір қауымның өзінің мешіті болды.

Қоныстанудың алғашқы жылдары қаладағы дүнгендер кірпіш, жүк тасумен, бау-бақшамен, ұсақ сауда-саттықпен айналысты. Кейіннен егін шаруашылығына көшті. Сондықтан олар мещан сословиесіне тіркелгендіктен, дәрежесіне сай оларға қазынадан тиесілі жер берілмеді, кеңес билігі тұсында олар «Заря Восток» атты дүнген колхозы пайда болған жерден казактардан жерді жалға ала бастады.

Верный қаласындағы отарлы кездегі дүнген қауымдарының өмірінің кей жақтарын А. Сұлтанғалиеваның «Қала және адамдар: Қазақстандағы әлеуметтік мәдени трансформация» (2010) кітабында баяндалады, онда архивтік құжаттардағы қызықты мәліметтер келтіріледі. Жетісу өңірінің этникалық құрамы былайша сипатталады: қырғыздар – 838 442, сарт-қалмақтар – 2 823, тараншылар – 62 863, дүнгендер – 12 997, сарттар – 10 415, татарлар – 1 700 және шетелдіктер – 3 200 тұрады. Қоныс аударушылар (орыс шаруалары) – 85 572» [6, 67 б].

1897 жылғы Ресей империясының бірінші жалпыұлттық халық санағы бойынша Жетісу облысындағы халық саны 987 863 адамды құрады. Олардың ішінде қазақтар – 794 815 (80,46%), орыстар – 76 839 (7,78%), тараншылар – 56 000 (5,67%) болды. Дегенмен, М.Тынышбаев пен Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы санақ нәтижесіне күмән келтіріп, жергілікті халықтың санын толық қамтымағанын алға тартты. Қазақтар әскери міндеткерліктен қорқып, балаларын санақ кезінде жасырып қалуы мүмкін деген пікірлер де болды.[7,  22-33 бб.].

1904-1910 жж. Верный қ. халқының саны 35458 адамға жетті, ол Верный уезінің халқының 13,6% құрады. «Олардың ішінде орыстар – 67%, уезде – 26%, қазақтар – 5%, уезде – 60,8%, тараншылар (ұйғырлар) – 10%, уезде 9,8%» [6, 68 б]. Верныйдағы ең ірі қауым православиелік қауым болды:

1904 ж. қалада 16 шіркеу анықталды. 8 мешіті бар мұсылман қауымы онымен салыстырғанда екі есе аз болды.

А. Султангалиева келтіргендей, «мұсылман қауымы қаладағы саны мен маңыздылығына байланысты православиеден кейінгі екінші орынды алады. Бір жағынан, ислам әр түрлі этномәдени және шаруашылық типтегі топтарды біріктірді. Ал екінші жағынан – сенімнің бірегейлігі этникалық және жергілікті-аймақтық топтардағы ерекшеліктер мен қайшылықтарды жоққа шығара алмады. Қаланың әрбір кварталы мен этникалық аудандарында (Татар слободасы, Ұйғыр және Дүнген көшелері) «өз» мешіттері, мектептері, жерлеу орындары болды.

Әртүрлі мәдениеттер бір аумақта өмір сүргенде, олардың әрқайсысы басқаларынан «өз» кеңістігінде оқшауланғысы келеді. Бұл жағдайда этно-аймақтық байланыстар діни байланысқа қарағанда үстем болады.

Нақты тұрмыстық тәжірибелер, салт-дәстүрлер, діни рәсімдерді

орындау ерекшелігі жалпы діннің абстрактілі белгілерінің біріктіруіне қарағанда, ажыратуға бейім болады. Бұл сол уақыттың айқын дәлелі. Мәселен, «Верный қаласының дүнгендер қоғамы» «сарттардан бөлек жерлеу орнын алу» өтінішімен қалалық билікке сұрау салады [6, 70 б]. Бұл өтініш адамдарды молалардың шетіне емес, ішінде жерлеумен байланысты болды. Верныйдың қалалық думасы қауымның сұранысын қанағаттандырып, «Ташкент даңғыл жолы» бойында мола салу үшін жер бөлді. Ескере кетерлік бір жәйт, жекелей жаркент-дүнген болысының құрылуы да дүнген қоныс аударушыларының бастамасымен іске асқан.

1892 жылғы Верный қаласы жылжымайтын мүлікті тарату туралы статистикалық мәліметтерінде орыс мещандарына 823 үй, отставкадағы және запастағы инженерлерге – 230, ұйғырларға (тараншы мен қашғарларға) – 180, дүнгендерге – 155, қазақтарға – 56, татар мещандарына – 35, шенеуніктер мен офицерлерге – 108, басқа қаладағы мещан көпестері мен шаруаларға – 90, жергілікті көпестер мен құрметті азаматтарға – 46 үй берілген [6, 86 б].

1950 жылдары Алматы қаласының картасынан Дүнген, Ұйғыр, Өзбек, сондай-ақ, «Татар слободасы» атты көшелердің атаулары жойылып, оның орнына Масанчи, Космонавттар және Сейфуллин көшелері пайда болған.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1990 жылдары дүнген халқы көп шоғырланған Заря Восток шағын ауданында бірнеше көшелерге

«Дүнген», «Биянху» және «Цунвазо» аттары берілді (Алматы қаласы тұрғыны, тіл маманы).

Дүнгендердің Жетісу өңіріне қоныстануының маңызды бағыттарының бірі Пішпек қаласы болды. 1882 жылы Соқылыққа жол тартқан 150 дүнген отбасының негізінде қаланың батыс бөлігінде дүнген слободасы құрылды. 1883 жылы бұл аймаққа тағы 59 отбасы қоныстанып, жалпы саны 649 адамға жетті. 1884 жылы дүнгендер өздеріне үй салуға кірісіп, үкімет тарапынан әр отбасына 2000 рубль көлемінде қаражат бөлінді және таулы аймақтардан ағаш кесуге рұқсат берілді. Негізгі шаруашылықтары жүк тасу, ұсақ сауда және диқаншылық болды. Олар қаланың шеткері бөлігіндегі жерлерді, оның ішінде қырғыз манаптары Д. Ростанбаев пен М. Рескинбаевтан жалға алып, бау-бақша егіп, егіншілікпен айналысты. Кеңес дәуірінде осы жерде Милянфан ауылы (Фрунзе атындағы колхоз) құрылды.

Жаркент қаласындағы дүнгендер қоныстану ерекшелігімен дараланды. Ресей билігі оларды қалаға жақын аймаққа орналастырып, үйлер салуға арналған учаскелер бөлді. Алайда егіншілікке жарамды жерлер батпақты Беш-арал ауданы мен құнарлы Бабай лян алқабынан ғана берілді. Бұл жерлердің құнарлылығы арқасында дүнгендер өз шаруашылықтарын дамыта алды. 1885 жылғы мәліметтерге сәйкес, Жаркент қаласындағы дүнгендердің саны 1768 адамға жеткен.

Сонымен қатар, Пржевальск қаласында да дүнгендердің қоныстануы байқалды. Олар қаланың солтүстік-шығыс орамында орналасып, жалпы саны 619 адамды құрады. Верный уезінде төрт дүнген ауылының құрылуы дүнгендердің Жетісу өңіріне орнығып, аймақтың экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқанын көрсетеді.[4,23-25 б.]

Дүнген қоныстарының қалыптасуы мен тарихи жағдайлары Қырғызстан мен Қазақстанда дүнгендердің көші-қон процесі арқылы айқындалады. 19-шы ғасырдың соңында, 1870-1880 жылдар аралығында Қытайда дүнгендерге қарсы болған көтеріліс нәтижесінде көптеген дүнгендер Қытайдан қашып, Орта Азияға қоныс аударды. Осы кезде олардың алғашқы қоныстары Қазақстан мен Қырғызстан аумағында пайда бола бастады.

Мысалы, Масаншы ауылы (Йинпан, Қарақоңыз немесе Николаевское) Қарақоңыз өзенінің батыс жағалауында, Шу өзенімен тоғысатын жерге орналасқан. Бұл ауыл Тоқмақ қаласынан 8 км қашықтықта орналасқан. Дүнгендер Қарақоңыз ауылына қоныс тепкеннен кейін бірнеше жылдан соң, уездің басшылығы оларды Шу өзенінің оң жағалауындағы Сортөбе аймағына қоныстандыруға рұқсат берді. Бұл ауыл тұрғындары өздеріне бөлінген жерді суландыру үшін жаңа арық қазып, жаңа қоныстарын Щинчю (Жаңа арық) деп атаса, кейіннен ресми түрде Сортөбе деп аталды.

Сонымен қатар, дүнгендер басқа да ауылдарда, соның ішінде Тоқмақ қаласында, Кен-Булун, Искра сияқты елді мекендерде де тұрып жатты. Ыстықкөл шұңқырындағы Қаракөлден 7 км батыста Ирдык (Мариинское) ауылы құрылды, ал Қаракөл қаласында 1916 жылғы оқиғалардан кейін дүнгендердің слободалары қалыптасты. Ош ауданындағы Жалпақ-төбе ауылы мен басқа да қоныстар сол кездегі дүнгендердің көші-қон әрекеттерінің нәтижесі болып табылады.

Құрылыс салу мен қоныс аудару кезінде дүнгендерге тән ерекшеліктер байқалады. Ауылдардың жоспары көбінесе квадратты құрылыс формасына негізделген, әрбір үй-жай «фон» деп аталатын төртке бөлінген шаршы құрылымда тұрғызылды. Бұл құрылымда әдетте үлкен отбасы тұрып, жердің тапшылығына байланысты уақыт өте келе үй-жайлар ұсақтауға мәжбүр болды.

Дүнгендердің орналасу орындары мен ауылдар көбіне ірі жолдар торабында, яғни қалаға жақын аймақтарда орналасты. Мысалы, Заря Восток ауылын Алматының шетінде, ал Александровка ауылы Бішкектің маңында орналасқан. Мұндай орналасу қолайлы климаттық жағдайлар мен ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысатын дүнгендер үшін маңызды болды.

Дүнгендер өз қоныстарын атаған кезде, кейбір ауылдар ресми атаулардан өзгеше аталған. Мысалы, Масанчи ауылын жергілікті тұрғындар «Йинпан» деп атады, ол «әскери лагерь» деген мағынаны білдірген. Бұл атаулар сол кезеңдегі көтерілістер мен дүнгендердің қоныс аударған жылдарына қатысты тарихи естеліктерді сақтайды.

Қоныс аударған дүнгендер көбіне ауылшаруашылығымен айналысып, сондай-ақ қолөнер мен сауда саласында да белсенді болды. Олардың арасында күріш өсіру мен бақша шаруашылығы кеңінен таралған, ал қалаларда тұратын дүнгендер әлі де ауыл шаруашылығымен айналысуды жалғастырды.

Дүнген халқының Қазақстанға қоныс аудару процесі – бұл тарихи, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан аса маңызды оқиға. XIX ғасырдың соңында Қытайдағы әлеуметтік-саяси жағдайлар мен қоныс аудару туралы заңдар дүнгендер үшін жаңа өмір сүру мүмкіндіктерін туғызды. Қазақстанның Жетісу аймағына келген дүнгендер өздерінің мәдениеті мен дәстүрлерін сақтай отырып, жаңа жердің шаруашылық және әлеуметтік жағдайларына тез бейімделді.

Қазақстанға қоныс аударған дүнгендер алғашында ауыл шаруашылығында тәжірибелерін енгізіп, соның ішінде суармалы егіншілік пен күріш егу әдістерін дамытуға ықпал етті. Дүнгендер қоныс тепкен ауылдарда өздерінің өмір салты мен тұрмыс-тіршілігін қалыптастырып, қазақ жерінде жаңа әлеуметтік қауымдастықтарды құрды. Бұдан өзге, қоныс аударушылар ауыл шаруашылығынан басқа, қолөнер мен сауда салаларында да белсенділік танытып, жергілікті экономикаға үлкен үлес қосты.

Бұл процесс қазақ қоғамының түрлі этностармен тығыз байланыста дамуына себепші болды, өйткені дүнгендер қоныс аударған аймақтарда жергілікті халықпен араласу арқылы өзара мәдени алмасу мен ұлттық ерекшеліктерді сақтауға мүмкіндік алды. Дүнгендердің қоныс аударуы қазақ қоғамында жаңа әлеуметтік топтардың қалыптасуына, этникалық тұрғыдан әртүрлі қауымдастықтардың қалыптасуына жағдай жасады.

Қорыта айтқанда, дүнген халқының Қазақстанға қоныс аударуы жергілікті халықтың мәдени, әлеуметтік және экономикалық өміріне терең әсер етті. Бұл процесс тек этникалық интеграция мен мәдени алмасу ғана емес, сонымен бірге Жетісу аймағының шаруашылығын дамытуға, әсіресе суармалы егіншілікті енгізуге ықпал етті. Сондықтан дүнген диаспорасының Қазақстанға қоныс аударуын тарихи тұрғыдан зерттеу, оның қоғамдағы орны мен әсерін анықтау – өте маңызды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстандағы дүнгендер : [топтама] //Таң-Шолпан .- 2010 .-№6.-292-297 бб.
  2. Атантаева Б.Ж. Переселение уйгуров и дунган на территорию Казахстана во второй половине ХІХ в.: причины и последствия //Отан тарихы.- 2007.-№2- 32-39 бб.
  3. Қазақстандағы дүнгендер: саны мен құрамының динамикасы(1897-2007 жж.)//Отан тарихы .-2007.-№2.-207б.
  4. Камалов Аблет Каюмович, Имярова Зульфия Сулеймановна //Қазақстан дүнгендері.Астана.-2016.-150 б.
  5. Исмаилов И.И. Советские дунгане в период строительства социализма.Фрунзе.- – 262 с.
  6. Султангалиева А. Город и люди: социокультурная трансформация в Казахстане. Алматы.- – 242 с.
  7. 7.Тынышбаев М. Таңдамалы. Избранные./Құраст.: Б.Байғалиев.
  8. Г.Жүгенбаева. -Алматы, 2001. – 332 б.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *