Текесбаева Диана Жанболатқызы
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті
Факультет: Журналистика
Мамандық: Қоғаммен байланыс
Эволюциядан қалған әдет: энергияны үнемдеу
Адам миы әрқашан энергияны үнемдеуге тырысады. Мұның өзіндік себебі бар. Ежелгі адамдар үшін тамақ пен басқа да ресурстар әрдайым қолжетімді бола бермейтін. Сондықтан энергияны босқа жұмсамау — өмір сүрудің маңызды тәсілдерінің бірі болды.
Бұл қасиет қазіргі адамның миында да белгілі бір деңгейде сақталған. Бірақ бүгінгі заманда оның көрінісі басқаша болуы мүмкін. Біз оны кейде «жалқаулық», бір нәрсені кейінге қалдыру немесе күш талап ететін әрекеттен қашу ретінде қабылдаймыз.
Бұрын энергияны үнемдеу адамға өмір сүруге көмектессе, қазір ол кейде біздің мақсаттарымызға жетуімізге кедергі келтіреді.
Мысалы, қозғалыс азайып, телефон немесе компьютер алдында ұзақ отыру қалыпты әдетке айналуы мүмкін. Ал біз спортпен айналысқымыз келсе де, алғашқы қадамды жасау қиын болып көрінеді.
Жалқаулықтың артында не жатыр?
Жалқаулықты тек «адамның ерік-жігері жоқ» деп түсіндіру дұрыс емес. Оның артында ми жұмысы, мотивация, ұйқы, күнделікті әдеттер және адамның эмоционалдық жағдайы сияқты бірнеше фактор болуы мүмкін.
Мысалы, сабақ оқуды үнемі кейінге қалдыратын студентті алайық. Ол оқудың маңызды екенін түсінеді, бірақ кітапты ашып, бірден бастау қиын. Мұны тек уақытты дұрыс жоспарламау деп қабылдауға болмайды. Тапсырманы бастау, жоспарлау және назарды ұстап тұруға жауап беретін ми процестері де бұл жерде маңызды рөл атқарады.
Префронтальды қыртыс және әрекетті бастау
Мидың префронтальды қыртысы жоспарлау, шешім қабылдау, зейін қою және әрекетті бастау сияқты процестерге қатысады.
Сондықтан кейде адам не істеу керегін жақсы білсе де, сол әрекетті бастау қиын болуы мүмкін.
Мысалы:
«Бүгін спортпен айналысуым керек екенін білемін. Бірақ кейін бастаймын».
Осы жерде мәселе адамның спорттың пайдалы екенін білмеуінде емес, сол әрекетті бастауға қажетті мотивация мен нақты себептің жеткіліксіз болуында болуы мүмкін.
Дофамин және мотивация
Мотивация туралы сөз болғанда дофаминді айналып өту қиын. Дофамин — мидағы маңызды нейромедиаторлардың бірі. Ол мотивация, марапат сезімі және белгілі бір әрекетті қайталауға деген ұмтылыспен байланысты процестерге қатысады.
Адам үшін қандай да бір әрекет қызық немесе маңызды болған кезде, оны орындауға деген ынтасы да жоғары болуы мүмкін.
Ал керісінше, әрекеттің мәнін көрмесек, оны бастау қиын болады.
Мысалы, «спортпен айналысуым керек» деген сөз бір адамға ешқандай эмоция бермеуі мүмкін. Ал «спортпен айналыссам, өзімді жақсырақ сезінемін, денем ширақ болады» деген түсінік сол әрекеттің мағынасын нақтылайды.
Сондықтан өзімізге:
«Мен мұны не үшін істеп жатырмын?»
деген сұрақты қою маңызды.
Мимен «келісімшартқа отыру»
Мақаланың тақырыбындағы «мимен келісімшарт» — ғылыми термин емес. Бұл адамның өз миының ерекшеліктерін түсініп, онымен күреспей, оны өз мақсатына сай пайдалануы деген мағынадағы метафора.
Мысалы, спортпен айналысқың келсе, бірден:
«Мен спортпен айналысуым керек»
деп өзіңді мәжбүрлеудің орнына, өзіңнен үш нәрсені сұрап көр:
«Маған бұл не үшін қажет?»
«Егер мен мұны істесем, не өзгереді?»
«Егер істемесем, не болады?»
Осы сұрақтарға шынайы жауап берген кезде әрекеттің мәні түсінікті бола бастайды.
Мысалы, сен спортты жай ғана «істеу керек нәрсе» ретінде емес, өзіңнің денсаулығың, сыртқы келбетің немесе физикалық жағдайың үшін қажет нәрсе ретінде қабылдай бастайсың.
Миға түсіндіретініміз де осы — әрекеттің себебін өзіміз үшін нақтылау.
Кішкентай қадамнан бастау
Миға бірден үлкен өзгеріс ұсыну әрқашан оңай емес.
«Енді күн сайын екі сағат спортпен айналысамын» деген мақсат бірнеше күннен кейін қиын болып кетуі мүмкін.
Ал «бүгін 15 минут жаттығу жасаймын» деген мақсат әлдеқайда жеңіл қабылданады.
Ең бастысы — өзіңе бірден мінсіз болуды талап етпеу. Бастау,қайталау, әдетке айналдыру.Осылайша әрекет уақыт өте келе күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айналуы мүмкін.
Ұйқы мен физикалық белсенділікті ұмытпау керек
Миды тиімді жұмыс істету үшін тек мотивация жеткіліксіз. Ұйқының сапасы, физикалық белсенділік және тамақтану да маңызды.
Ұйқы аз болса, адамның зейіні мен есте сақтау қабілеті төмендеуі мүмкін. Ал тұрақты физикалық белсенділік ми мен жалпы ағзаның денсаулығын қолдауға көмектеседі.
Сондықтан кейде «мен жалқаумын» деп өзімізді кінәламас бұрын:
«Мен соңғы кезде қаншалықты ұйықтап жүрмін?»
«Қозғалысым жеткілікті ме?»
«Менің күн тәртібім қандай?» деп сұрап көрген жөн.
Қорытынды
Жалқаулықты тек адамның әлсіздігі деп қабылдау дұрыс емес. Оның артында біздің миымыздың энергияны үнемдеуге бейімділігі, мотивация, әдеттер және күнделікті өмір салты сияқты көптеген фактор болуы мүмкін.
Сондықтан миымызбен күресудің орнына, оның қалай жұмыс істейтінін түсінуге тырысқан жөн.
Кез келген істі бастамас бұрын өзімізге:
«Маған бұл не үшін қажет?» деп сұрайық.
Содан кейін:
«Істесем не болады?» және «Істемесем не болады?» деп ойланайық.
Мүмкін, мимен «келісімшартқа отыру» дегеніміз — өзімізді күшпен мәжбүрлеу емес, алдымен өзімізге не үшін әрекет ету керегін түсіндіру шығар.
Өйткені адам өз мақсатының мәнін түсінген кезде, «істемей-ақ қояйын» деген ойдың орнына «мен мұны не үшін бастап едім?» деген жауап пайда болады. Ал сол жауап әрекетке бастайтын алғашқы қадам болуы мүмкін.
