Мазмұнға өту

Қазақстандағы ауыл мен қала мектептері арасындағы теңсіздік мәселесі

Гүлназ Рысбек 4 мин оқу 88 оқылым

Жылдан жылға өткізіліп отыратын халықаралық емтихандардың нәтижесі ауыл мен қала орта мектептерінде тәлім алатын балалардың оқудағы үлгерімінде біршама айырмашылықтың бар екенін айғақтайды. Бұл жайт әртүрлі аймақтардағы білім беру жүйесінде теңсіздік мәселесінің болуы мүмкін бе деген сауал тудырады. Өмірден алынған дәлелдер мен статистикаға көз жүгіртіп, әрқайсысы мәселенің әлі күнге дейінгі өзектілігі жөнінде ой түйеді деген үміттемін.

Қоғамда әділдіктің орнауына кепіл болатын білім беру жүйесінің маңызды қағидаты – әрбір азамат сапалы білімге қолжетімді болу үшін тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету. Соңғы жиырма жылда ақпараттық технологиялардың кең өріс жайғанына қарамастан, біздің елімізде білім саласында теңдік қағидаты орындалмай жатқан көрінеді. Қалалық жерлерде білім деңгейінің салыстырмалы түрде жоғары болуы біз үшін қалыпты жағдай болып кетті, алайда алдымыздағы өзекті әлеуметтік мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Себебі, еліміздің ертеңгі күні бүгінгі жастардың сауаттылық деңгейіне байланысты болмақ.

Қала мектептерімен салыстырғанда ауылдағы білім беру сапасының төмендігі халықаралық салыстырмалы зерттеулерде (TALIS, PISA, ICILS) және ұлттық тестілеулерде (ҰБТ, VAUD) байқалады. Осылайша, оқушылардың үлгерімін бағалайтын халықаралық бағдарлама 2009-2018 жылдар аралығында Қазақстанның ауылдық және қалалық мектептерінің оқушылары арасында айтарлықтай айырмашылықты (30 баллдан астам) көрсетті. Бұл дегеніміз, ауыл оқушылары мен олардың қалалық құрдастары арасындағы алшақтық шамамен бір оқу жылын құрайды.

Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің нәтижелері де ауыл мен қала түлектерінің білім деңгейінде олқылықтардың бар екендігін көрсетеді. 2020 жылы оқушылар педагогикалық мамандықтар бойынша жоғарғы оқу орнында оқуды жалғастыру үшін кемінде 70 балл жинауы керек еді. Ауыл мектептері түлектерінің жартысына жуығы бұл межеге жете алмады. Ауыл мектептері түлектерінің тек 20% - ы және қала мектептері түлектерінің шамамен 30% - ы 100-ден астам балл жинады. 2021 жылы педагогикалық мамандықтар бойынша шекті балл 75 балға дейін көтерілді. Статистика ауыл мен қала оқушылары арасындағы алшақтық жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. 2012 жылы ауылдың балалары қалалық құрдастарынан 1,82 ұпайға артта қалса, 2018 жылы бұл теңсіздік 7,08 балды құрады.

Қазір 2024 жыл және бұл статистикалар өз өміршеңдігін жойды деген ойда болсаңыз, өкінішке орай, олай емес. Мен оқыған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында жыл сайын оқу демалыстарында «ауыл-қала» жобасы өткізіліп тұратын. Яғни, ауыл мектептерінен балалар интернатқа орналасып, біздің мектептің мұғалімдері оларға 1 апта бойына сабақ беретін. Кейін мұғалімдер бізге білім алуға келген балалардың оқуға деген зейіні мен ықыласын, қабілеттерін мақтайтын. Бірақ, өкінішке орай, олардың әлеуетін көтере алатын мамандардың, мұғалімдердің тапшылығы басты кедергі болып тұрғандығын айтатын. Біздің физика пәнінің мұғалімі ауылдағы бір мектепке онлайн сабақ беруге де мәжбүр болған, себебі, ол жердегі жалғыз физика мұғалімі дүние салып, оның орнына сабақты өткізе алатын адам болмаған. Бұл білім деңгейінің төмен болуының түп-тамыры ауылда кәсіби мұғалімдердің, өз істерін атқаруға құлай берілген майталмандардың тапшылығында жатқандығын растайды. Себебі, ұстаздарға да қолайлы жағдайлар жасалмаған: зейнетақының уақытылы төленбеуі, қағаз жұмысының көп болуы, бірнеше пәннен сабақ беру, керек жабдықтардың болмауы мұғалімдердің ауылда сабақ беруге дейін мотивациясын төмендетеді. Қарапайым химия пәні­нің мұғалімі оқушыларды қызық­ты­рып түрлі тәжірибелер жасағысы ке­луі мүмкін, бірақ оған да жабдықтар жетіспейді.

Елімізде бастауыш және орта сыныптардан кейін білімін жетілдіремін деген оқушыларға арнайы мамандандырылған мектептер бар. Қазіргі таңда жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдетіп оқытатын 90 лицейдің 8%-ы, қоғамдық-гумманитарлық бағыт бойынша оқытатын 120 гимназияның 14%-ы ғана ауылдық елдімекендерде орналасқан. Яғни, ауыл оқушыларының тереңдете білім беретін ұйымдарда оқу мүмкіндігі шектеулі. Қаладағы зияткерлік мектептерге түсемін деушілерге үлкен бәсекелестік кедергі болып табылады, себебі, қалада бірнеше айлар мен жылдар бойы дайындық курстарына қатысып, білімін шыңдап отырған балалармен тең түсу мүмкін еместің маңайында. Осындай бәсекелестіктің салдарынан, 2022-2023 оқу жылында ауыл мектептеріндегі 1,5 млн оқушының тек 2900-ы ғана мамандандырылған мектептерге қабылданған. Ал бұл ауыл мектептері оқушыларының жалпы санының 0,2%-ын ғана құрайды. Ауылға білімді, креативті маман бармайынша білім сапасы көтерілмейді.

2020 жылы қашықтан оқыту енгізілгенде, ғаламтордың әлсіздігі және техниканың жетіспеушілігі ауылдардың әлі мұндай цифрлық өзгерістерге толыққанды дайын еместігін көрсетті. Әрине, бұл оқу тәртібінің және білім сапасының нашарлауына әкеліп соқтырды.

Тұрғындар саны көп ауылдарда жағдай әлдеқайда жақсырақ болуы мүмкін екенін де айту кету керек, себебі, ондай жерде адамдар жұмылып, қоғамның бірге дамуына мүмкіндіктер пайда болады және ол аймақ көркейе бастайды. Алайда бір мектепті 3-4 түлек қана бітіріп шықса (мұндай жағдайлар да болған), оларға аса үлкен көңіл бөлмейтіндігі айдан анық. Ондай жерге көп мұғалімдер де аяқ баспайды. Осы тұста білім беру жүйесіндегі олқылықтар бір үлкен мәселенің тек бір жақ салдары екендігі анықталады. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, ауылдың экономикасын, өмір сүру сапасын жақсартып, дамуға, өсуге деген перспективаларды кеңейту қажет, сонда ғана тұрғындардың көп бөлігі қалаға ағылуын тоқтатып, ауылға қайта көшудің алғышарты туындайды.

Қазақстанда орта білім беру жүйесі кешенді реформадан өтуде, бірқатар бағдарламалар да жүзеге асырылуда. Алайда, мемлекеттің білім берудегі теңсіздікті жою жөніндегі шаралары қалалық және ауылдық мектептер арасындағы айырмашылықты одан әрі арттырды. Бұл проблема шұғыл шешімді талап етеді, бірақ бұған тек біркелкі қадамдар жасау арқылы қол жеткізе аламыз. Осындай олқылықтарды жою қоғамда әділеттілік пен теңдіктің орнауы үшін ғана емес, сонымен бірге елдің болашақ дамуы үшін де маңызды. Ауылдағы білімге инвестиция құю, инфрақұрылымды жақсарту және қолдау көрсету арқылы біз жас ұрпақтың болашағына сеніммен қарай аламыз. Мүдделі тараптардың және қарапайым халықтың осы өзекті мәселені шешу үшін бірлесуі өте маңызды.

Материал пайдалы болды ма? Бөлісіңіз

WhatsApp

Автор

Гүлназ Рысбек

Автордың басқа материалдары

Жалпы рубрика

Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жастар бәсекеге қабілетті

Кез келген елдің басты қозғаушы күші - жастар. Заманның талабына сай дамып, елінің табысты болашағы үшін жаңа бастамаларға жол бастау озық ойлы табысты азаматтардың қолынан келеді. Алайда бұл тұста елдің ертеңгі тізгінін…

Гүлназ Рысбек 134 оқылым 2 мин

Осы тақырыптағы материалдар

Жалпы рубрика

Тәрбиешілерге және мұғалімдерге арналған тегін көрнекіліктер: дайын материалдарды Telegram-нан жүктеп алыңыз

Сабаққа сапалы көрнекілік дайындау мұғалімнің көп уақытын алады. Әдемі безендіру, қажетті суреттерді іздеу, мәтінді орналастыру, басып шығаруға ыңғайлы формат жасау — мұның бәріне бірнеше сағат кетуі мүмкін. Енді…

Bilimger Media 57 оқылым 2 мин
Жалпы рубрика

Баламен жұмыс – жүрекпен атқарылатын үлкен еңбек

Балабақша – баланың алғашқы білім алып, қоршаған ортамен танысып, достық пен мейірімділікті үйренетін ерекше орта. Ал осы ортада тәрбиешінің орны ерекше. Баламен жұмыс істеу – тек сабақ өткізу емес. Ол – әр баланың…

Шәмшиева Мария Әділбекқызы 52 оқылым 1 мин
Жалпы рубрика

1 Қыркүйек - Білім күніне арналған тақпақтар

Ыбырай Алтынсарин – Кел, балалар, оқылық! Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге Ықыласпен тоқылық! Істің болар қайыры Бастасаңыз Аллалап, Оқымаған жүреді Қараңғыны қармалап. Кел, балалар, оқылық,…

Bilimger Media 102 оқылым 8 мин
Жалпы рубрика

1 қыркүйек - Білім күні сценарий

«Қош келдің, білім ордасы!» 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты жиын сценарийі Мақсаты: Оқушыларға Білім күнінің маңызын түсіндіру, жаңа оқу жылына жақсы көңіл күй сыйлау, бірінші сынып оқушыларын мектеп…

Bilimger Media 83 оқылым 4 мин