Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қабан ақын мен Таутан қыздың айтысы (I нұсқа) (2-бөлім)

Қабан Асанұлы · 124 жол

Таутан:
– Құдайдың жаратқаны бір бәйтерек,
Төрт бұтақ ол теректе болса керек.
Төрт бұтақты және бір екі бұтақ,
Қабеке, ақын болсаң тапсаң керек.

Қабан:
– Бір бәйтерек дегенің Мұхаметім,
Үш жасында анадан қалған жетім.
Төрт бұтағы сүйікті төрт жары дүр,
Пайғамбарым қорғайды көп үмбетін.
Екі бұтақ Хасен мен Хұсайын дүр,
Таутанжан, меніменен кеңесің құр.
Мен таппаған несі бар, ойлап қара,
Нұсқаға мен көрсеткен мойныңды бұр.
Бар екен отыз үш мың сақабасы,
Қабекеңнің алпысқа келген жасы.
Қабибі бір Алланың сүйер досы,
Екі мысқал пәниде ішкен асы.
Намаз оқып, ораза тұтпаған жан,
Таутан бала, ойласаң, адам насы.
Зекет, қажы, иман білмек парыз болар,
Он екіге ілініп шықса жасы.

Қыз балаға болады тоғызында,
Тағаты кем болмайды болса ұрғашы.
Лағанат қамытын кигеннен соң,
Ғазәзіл адамзаттың болды қасы.

Таутан:
– Құдайдың жаратқаны жалғыз тері,
Буы жоқ қалың тоғай жүрген жері.
Қырық күн аштан өлмес, ашпын демес,
Мұны табар адамның кемеңгері.

Қабан:
– Жалғыз тері дегенің ол аспан көк,
Қалың тоғай жұлдыздар еш буы жоқ.
Қырық күнде жерге кеп үркер кірер,
Сексен түн санасаңыз болады кеп.

Таутан:
– Білмеймін ақыр қайғы салмағы бар,
Бір күні алдап жүріп, алмағы бар.
Пәнидің жеті басы, он екі қол,
Отыздан қол бас сайын бармағы бар.

Қабан:
– Дегенің он екі қол он екі ай-ды,
Сопылар құдай үшін жан қинайды.
Отыз бармақ дегенің отыз күн дүр,
Барша жан біреуінен құтылмайды.
Ғибадат қыл Таутан қыз тіршілікте,
Ойлалық мақшар күнде барар жайды.

Жеті күннің бірінде алар құдай,
Хабары жоқ іш адам біле алмайды.

Таутан:
– Қабеке, бұл өлеңде көптеу парық,
Жасымнан ақын болдым қыдыр дарып,
Отыз қол аттаныпты әскербілән,
Он төрт жігіт қасына жолдас алып.
Қабеке, бұл жұмбақты ойламай тап,
Сөзіңіз өтірік болмай, болсын анық.
Мен айтсам, сіз шешіңіз кідірместен,
Таңқалар екеуімізге барлық халық.

Қабан:
– Жаратқан баршамызды хақ тағала,
Ғаламға он сегіз мың өзі пана.
Он төрт жігіт дегенің он төрт шәжде,
Құран дүр отыз қолың отыз пара.

Әскері ішіндегі сүрелері,
Бұл сөзді құлақ салып тындап қара.
Не айтсаң да табамын жұмбағыңды,
Барың болса қарышта, Таутан бала.

Таутан:
– Қабеке, Орта жүзге келуің нақ,
Сөйлей бер мүдірместен тіл менен жақ.
Адамды ләпсісінен азғырады,
Бір құс бар оны тапсаң жеңгенің-ақ.

Қабан:
– Жеңілсем ал ұялтып қайтар дағы,
Білгендер шариғатын айтар дағы.
Ләпсіге іркілместен ойран салса,
Бұл жұмбағың Таутан қыз шайтан дағы.

Тағат қыл тіршілікте бір Аллаға,
Мақшарда жақсы болар істің ағы.
Табармыз қартайсақ та, сөйле, шырақ,
Аман болса Алланың берген бағы.

Таутан:
– Қабеке, таба алмадың сөз ұяңды,
Қинайды өтірік сөз шыбын жанды.
Қанша ақын болсаң да таба алмадың,
Ол құсым ләпсі тиған зым-зиянды.

Қабан:
– Біреуі ұшқан құстың бөдене еді,
Бұл Таутан өлең бірлән теңеледі.
Мен таппаған несі бар, Таутан бала,
Зым-зиян шайтан емей немене еді?
Алла берген ақыл, ой түгел тұрса,
Қабекең неменеге түңіледі.
Тақтайға «Лауқыл мақпұз» жазған Алла,
Пендесі рақым қылған көгереді.

Таутан:
– Қабеке, бәрін таптың сөзің анық,
Жолынан шариғаттың адаспалық.

Жұмбақты қанша айтсам таба бердің,
Сізбенен бұдан былай таласпалық.
Қабеке, қарсылық деп ойыңа алма,
Тыңдап тұр осы отырған барша халық.
Сізге айтқан сөзімді кешіріңіз,
Маған наза болмаңыз қапаланып.
Бір келген дүниеге әулиесіз,
Қаблиса атандың қыдыр дарып.
Өтініп сізден жәрдем сұрап тұрмын,
Бұл Таутан қызың тынсын бәтеңді алып.

Қабан:
– Атыңнан айналайын, жұпар құдай,
Данышпан бір баласың ақылға сай.
Таласпа меніменен мұнан былай,
Берейін мен бәтемді, қолыңды жай.

Таутан:
– Атыңнан айналайын, пәруәрдігер,
Қабеке, шариғаттың сабағын тер.
Азырақ жел сөзбенен дәсіп ұрдым,
Атажан, ықыласыңмен бәтеңді бер?

Қабан:
– Құдайым, малды көп бер, басты көп бер,
Аздырма бұл пендеңе бәрін тек бер.
Шерменде ахиретте қылма, құдай,
Біссімиллә, рақман рақым, аллау-акпар!

Жыраулар поэзиясы

Барлық 69 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері