Қабан ақын мен Таутан қыздың айтысы (I нұсқа) (1-бөлім)
Қабан Асанұлы · 132 жол
Таутан:
– Отырмын бір қудайға жылайын деп,
Бір сөзге тоқтам қылып ұнайын деп.
Ақын деп, ата, сізді естіп едім,
Отырмын аз шариғат сұрайын деп.
Қабан:
– Жолы бар шариғаттың пара-пара,
Тілімді жаңылдырма хақ тағала.
Боламыз біліп айтсақ біз де жақсы,
Қыз Таутан, шариғатың сұрап қара.
Таутан:
– Қабеке, Орта жүзге келгенің-ақ,
Сөйлей бер жаңылмай-ақ тіл мен жақ.
Адамда кеңдік нешеу, тарлық нешеу,
Қабеке, мұны тапсаң жеңгенің-ақ.
Қабан:
– Әуелі сұрасаңыз сөзде иман,
Белгісі сол иманның нәпсі тиған.
Дініңді тіршілікте күтіп жүрсең,
Бейішке дым сасиды бұрын барған.
Таутан:
– Аспаннан кітап түсті әуелден біл,
Кітапсыз айтқан сөзде болады мін.
Алладан неше кітап келген екен,
Сұраймын мен соларды аттары кім?
Қабан:
– Аспаннан Алла тағала кітап салған,
«Таурат» деген кітапты Мұса алған.
«Інжіл» деген кітапты Ғайса оқып,
Бар ма екен бұл сөзімде сірә жалған.
«Забыр» деген кітапты Дәуіт алды,
Мекеге бір ғажайып қорған салды.
«Құранды» хазіреті Оспан оқып,
Шариғат насихатшы содан қалды.
Таутан:
– Пендеде, ау, Қабеке, болады арман,
Атамыз Адамнан да пәни қалған.
Осымды ойланбай тап ақын болсаң,
Ер Ғайса атасы жоқ қайдан туған?
Қабан:
Мұным рас «Інжілді» Ғайса алған,
Мұса каллам Алладан сөз сұраған.
Сұрадың-ау қайтейін «Мәриям» деген,
Алланың лебізінен Ғайса болған.
Алланың құдіретімен Ғайса туған,
Аллаға құлшылық қып белін буған.
Жапанда жалбыз теріп жүргенінде,
Құдайдың баласы деп ұстап алған.
Ғайсаны қайламенен ұстап алған,
Темір қорған апарып үйге салған.
Кәпірлердің қысасы қандай дейсіз,
Неше түрлі қыспақты күйге салған.
Сол уақта темір үйде жатқан шақта,
«Ұшқын» деп бір Алладан жарлық болған.
Алладан әмір естіп «ұшқын» деген,
«Шыға алман» деп тесіктен қайғы жеген.
«Иығым қайтіп шығады, маңлайым» деп,
Көрсетіп өр жерлерін нұсқай берген.
Орнынан «иә, Алла» деп түрегелген,
Абайлап ақырын басып тұрды Ғайса,
Именіп күзетшісі кәпірлерден.
Ғайса шығар тесікке қолын салған,
Көтеріп періштелер көкке алған.
Құдайдың баласының қылғаны деп,
Кәпірдің шоқынбағы содан қалған.
Таутан:
– Бар екен бір ағашта қырық жаңғақ,
Бұл дүние барша жанды жатыр жалмап.
Ол ағаштың бар екен мың бұтағы,
Адамға обал екен кесіп алмақ.
Қабан:
– Қырық жаңғақ дегенің қырық парыз,
Мойныңа оқымасаң болар қарыз.
Мың бұтағы шариғат әмірі дүр,
Обалы сол – күтпесең айттым нағыз.
Таутан:
– Айналар өз-өзінен бір диірмен,
Шығарды бір ағашын бір бүйірінен.
Ішінде қылдан нәзік бір жібі бар,
Шіркінді әбзәл ғылып кім иірген?
Қабан:
– Кей адам ұйықтаса пырылдаған,
Айтысам десең еді бұрын маған.
Халім келсе шешейін Таутан бала,
Бұл жұмбағың мәшине дырылдаған.
Таутан:
– Жансызда төрт аяғын басып тұрған,
Алдынан қаһар отын шашып тұрған.
Айналып мәшинесі келгенінде,
Кісіні жанындағы асықтырған.
Қабан:
– Сөзімнің байқа, Таутан, қарауылын,
Айтасың жұмбақтардың бар ауырын.
Мейлің жақтыр, мейлің жақтырмағың,
Бұл айтқан жұмбағыңыз самауырын.
Таутан:
– Жансызда төрт аяғын тұрды басып,
Шұп-шұбар омырауын қылды қасып.
Қабеке, осынымды ойламай тап,
Анда-санда қояды аузын ашып.
Қабан:
– Жақсы мерген Арқадан аң атты ма,
Бозбалалар, қараңдар, таң атты ма?
Ойламай-ақ табармыз тіршілікте,
Бұл жұмбағың шешуі сағат-нама.
Таутан:
– Бес өзен ағып жатыр әрбір сайдан,
Дарағы отыз екі мәуіланнан.
Қабеке, ақын болсаң ойламай тап,
Он жеті жерде тоқтап, аялдаған.
Қабан:
– Бес өзен бес уақыт намаз болар,
Дінін күткен мақшарда сабаз болар.
Бесеуінің он жеті парызы бар,
Сүндетін бірге қосып оқымасаң,
Сауабы намазыңның ғазал болар.
Қартайған уақытта кез келмесең,
Жұмбақты шеше алмасам кім мәз болар?
Таутан:
– Бір адам жүр алтынды киік бағып,
Мойнына үш жүз алпыс арқан тағып.
Екі ұры аламын деп күнде аңдиды,
Бекіттім төрт жүз қырық төрт қазық қағып.
Қабан:
– Жаныңа ие адамың анаң болар,
Анасыз көрген күнің қараң болар.
Үш жүз алпыс арқаның жыл он екі ай,
Мұны тапқан Қабекең кімің болар?
Екі нәпсі екі ұры – білсең танып,
Төрт жүз қырық төрт сүйек бар, ұққын анық.
Тірі болсам табамын жұмбағыңды,
Таутан бала, бәтемді ал, тілімді алып.