Ескі Түркістан: Арбакеш
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 16 жол
Ыңылдайды арбакеш,
Арбаңдайды арбасы.
Ырғалады ол, ырғалад
Астындағы жорғасы.
Қойнында бар қауыны,
Қолында қызыл алмасы.
Құлаққа гүл қыстырған,
Берген шығар қарғасы.
Сағыздай созар сәлемін,
Қарсы келсе молдасы.
Мешіт көрсе, мөлиед
Тұрғандай төніп Алласы.
Өте берсе орыстың
Бүлкіл бөксе маржасы –
Ыңылдайды арбакеш,
Арбаңдайды арбасы!