Еспембет (3-бөлім)
Дулат Бабатайұлы · 1802–1871 · 164 жол
Асқар белге ұқсайды;
Кенетінен ду етсе,
Тас қопарып, тау бұзған
Аққан селге ұқсайды.
Ақтамберді, Қабанбай –
Алдындағы көсемі.
Келелі сөзге Сасан бар –
Жібермейтін есені.
Еспембеттей ер жүрек
Қолмен бірге келеді.
Топ «шу!» десе,
Алдынан құйын оратып,
Бөкендей орғып желеді.
Еспембет ер сұңқардай
Алыстан тоят тіледі.
Орынсыз сөз сөйлемес
Батагөй қарттай сінелі,
Міндетінен бас тартпас,
Айтқызбай-ақ біледі.
Сыр бермейді сырттансып,
Кежегесі тартып тұр
Бейне арыстан түлегі.
Толқынды топ кездесті
Шебін құрған қалмаққа.
Тебінгілес тең жауды
Тегіндікпен алмақ па?!
Айла-әдісі тең жауы,
Бір салыспай қалмақ па?!
Бозаша бойын түзесе,
Буыршын шөгер шаңдаққа;
Қарт бура қарсы шабынса,
Қас батыр қару тағынса,
Әкпіш те тұлпар иілсе,
Қыран көктен түйілсе,
Анталаған аштардай
Ажал да жетер аңдап та;
Серт қылыштың жүзінде,
Бұрылмас мойын жан-жаққа;
Серт найзаның ұшында,
Айласын тап, алдатпа!
Айласынан адассаң,
Қан майданда қала бер
Қаныңды жұтып, шаң қап та.
Қарсыласып екі топ,
Іріктеді батырды.
Қалмақ соғып дабылды,
Қазақ ұран шақырды.
Айбаты өсіп ерлердің,
Арыстандай ақырды.
Иығы түсіп ездердің,
Қоярға жанын жер таппай,
Арман көріп, аһ ұрды.
Қалмақ шықты майданға
Шамасы елу жастағы,
Астына мініп әлемдеп
Мақпалдай қара қасқаны.
Ерлігі елең қылмайды
Бір өзінен басқаны.
Қайырымсыздығы талайдың
Жонынан алған таспаны.
Кір басқан құлаш айдары,
Аждаһадан кем емес
Аузын ашқан айбары.
Алты жүз кірген соғысқа,
Алпыс алты айлалы.
Алты қару асынған –
Айласының айғағы.
Жекпе-жекте өлтірді
Жүрелете сегізді.
Қазақты қамап қамалға,
«Кім шығар бұған?» дегізді.
Тоғызыншы ер шықпақ
Ақтамберді, Саббастай,
Ол болмаса әдісін
Басқа қазақ таппастай.
Жетіп келіп Еспембет:
– Ақтамберді ер, – деді, –
Мен барамын сіз үшін,
Кезегіңді бер, – деді. –
Жас санама, бас сана,
Қайратымды көр, – деді.
Ақтамберді карт батыр
Қол жайып бата бергені.
Топтан шығып жөнелді
Найзаға таққан шоқтай боп;
Ақбөрте кетті қүнтиып
Садақтан тартқан оқтай боп;
Қанға сусап қалмақ тұр
Обатұғын оптай боп.
Еспембет келе сөйледі,
Ерлікке сай қайраты,
Қаруға сай амалы:
«Сен – қалмақтың қабаны.
Қарсыңа қалай жіберді
Қазақ саған баланы?
Қазақ сені қорлады,
Баладан төмен санады.
Жігерің болса, қайраттан,
Баланы саған балады.
Ағаштан жұлып алмадай
Басыңды бала алады».
Ашуланып, қалмақтың
Түгі шықты сыртына.
Тістегенде тісінің
Қаны толды ұртына.
Көз шыдап қарап тұрмастай
Қарағанда сұрқына.
Қамшы тиді тұлпарға,
Қылыштары жарқ етті.
Қабағыңды қаққанша,
Жарқ етті де, сарт етті.
Бірінің жанды еңбегі,
Бірі күшін сарп етті.
Дене қанға боялды,
Қанқұмар қылыш қарш етті.
Қас қаққанша майданда
Айқасқан екі ер де жоқ,
Қара жер жатыр қайыспас,
Жұтса, тоймас қанға оп.
Дене жатыр майданда
Қылышпен басы кесілген.
Өлімге мойынсұнғандай,
Аяқ-қолы көсілген.
Тіршілік пен өлімнің
Ұзақ дауы шешілген.
Елеуреген екі топ
Майданға тіккен көздерін,
Жүз кайтара қайталап
Бір айтып кеткен сөздерін.
Қандары шапшып кайнады,
Өздері де білмейді
Не билеп тұр өздерін.
Ел үшін туған ерім деп,
Бір топ келіп жыласты.
Еліме қатер жауым деп,
Өлгенін бір топ ұнасты.
Күні туып бір топтың,
Қуанышы шың асты;
Түні туып бір топтың,
Үстінен кейіс, мұң басты.
Қарақасқа қосарда,
Қалмақтың басы белінде,
Бақ құсы қонып басына,
Еспембет келді еліне.
Ер Қабанбай ту байлап,
Арқар таң атты борбайлап,
Ақтамберді айғайлап,
Қалмаққа кірді желіге.
Қарқ олжаға батысты,
Қалмақты жеңіп қалың қол.
Ит ырғын да көл-көсір,
Бақыршы тоқ, олжа мол.
Еспембеттей ер ұлын
Елі сонда таныған.
Бет бұрып тізгін тартқан жоқ
Жаудың мың мен санынан.
Өле-өлгенше ел болды
Еспембеттің арманы.
Өзімен бірге жасады
Астындағы тарланы.
Бәрін айт та, бірін айт,
Еспембеттей ер қайда?
Еспембеттей ер туса,
Ер күтетін ел қайда?