Шайтан арба көріпті
1 мин оқу
—Қалаға жақындай бергенімізде алдымыздан қарауытып бір шоғыр көрінді,—деп Қабекең бәрімізге жағалай қарады.— Көрінуі-ақ сол екен, бір құбыжық екі көзі жайнап, дүрілдеп жетіп келді. Сыртқы бейнесі кәдімгі төрт доңғалақты бірішке тәрізді, алдынан қарағанда адам шошырлықтай, көрмесек те ертегіде айтылатын жын, перілердің бірі шығар дедік. Ал құйындай ұйтқыған жүрісіне, көз ілестірмей зырылдаған доңғалақтарына қарап, шайтан арба деп атадық.
Бұл тамашаға ақсақал таңырқап, тамсана қараса да, ол бізге жат нәрсе емес. Оның көргені жүк автомобилі екенін сезіп отырмыз. Енді қалада көрген ғажайыптарын естуге ынтығудамыз.
—Қаланы екі күн араладық,—деп сөзін одан әрі жалғастырды Қабекең.—Сәбетский жаңа өкіметтің бірсыпыра жаңалықтарын көрдік. Бұрынғыдай емес, кәңсалары көп, кімге болса да есіктері ашық. Аттарын ұға қоймаймыз ғой, есімізде қалғаны «бұйра жал», «майда жал» деген кәңсалар бар екен. Базар да өзгеріп қалыпты. Жаймалар затқа толы, дүкендер көбейген, бәрінің де айдар таққандай аттары бар, солардың біреуін «Онбармақ» деп атады. Қабекең соларды ұнатқанын сездіріп, жымия күлді.