Мазмұнға өту
Кіру Мақала жариялау

Экспонат ішінен табылған крест: реставрация барысындағы күтпеген табылым

Манабаева Нұрдина Асқарқызы 6М42100-Дизайн білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты 7 мин оқу 5 оқылым

МРНТИ: 13.51.01

Манабаева Нұрдина Асқарқызы

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі

Мата және кілем-киіз бұйымдарын консервациялау және қалпына келтіру секторының жетекшісі

Астана, Қазақстан Республикасы

Электрондық пошта: nurdina-1991@mail..ru

Телефон: +7 747 105 93 79

Экспонат ішінен табылған крест: Реставрация барысындағы күтпеген табылым

Аңдатпа. Мақалада музей қорындағы кеңестік кезеңге жататын формалық киімді реставрациялау және консервациялау барысында анықталған бөгде зат–крест қарастырылады. Реставрациялық жұмыс кезінде музейлік экспонаттың сырты ғана емес, ішкі құрылымын зерттеудің маңыздылығы айқындалады. Крест экспонаттың ішкі ойма қалтасының астарына жасырын тігілген бөліктен табылған. Киімінің астарлық қабаттары мен конструкциялық бөліктерін тексеру барысында табылған крест экспонаттың пайдалану тарихына қатысты жаңа сұрақтар туындатады. Заттың жасалу материалы, пішіні, технологиясы және киімнің ішіне орналасу ерекшеліктері оның шығу тегін анықтауға мүмкіндік беретін негізгі белгілер ретінде қарастырылады.

Кілт сөздер: музей экспонаты, реставрация, консервация, формалық киім, китель, крест, музей қоры, реставратор, текстиль, атрибуция, материалтанулық зерттеу, хронологиялық датировка, мәдени мұра.

Кіріспе

Музей экспонатын консервациялау және реставрациялау–оның сыртқы көрінісін қалпына келтірумен ғана шектелмейтін күрделі ғылыми-практикалық үдеріс. Әсіресе тарихы терең мата бұйымдарымен жұмыс істеу барысында заттың құрылымын зерттеу кезінде бұрын белгісіз болған материалдар, жөндеу іздері, қосымша қабаттар және басқа да бөгде заттар табылуы мүмкін.

Матадан жасалған бұйымның әрбір қабаты оның өткен кезеңдерінен ақпарат беруі ықтимал. Сондықтан реставратор үшін матаның түсі, талшықтарының жағдайы, тігістері, жіптердің бағыты, экспонаттағы дақтар немесе кейін қосылған материалдар ғана емес, бұйымның ішінен кездейсоқ табылған заттар да зерттеу нысанына айналады.

Еліміздегі музейлердің негізгі міндеттерінің бірі – тарихи және мәдени құндылығы бар заттарды сақтау, зерттеу және қоғамға таныстыру. Музейдің реставрациялау және консервациялау қызметі заттарды тек қалпына келтірумен ғана шектелмей, олардың тарихын жан-жақты зерттеуді де қамтиды. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми және мәдени-ағартушылық қызметіне қатысты жарияланымдарда да музей жәдігерлерін зертеу мен сақтау бағыттарының маңызы көрсетіледі. Осы тұрғыдан алғанда, реставрация барысында анықталған шағын крест ерекше назар аударуға тұрарлық.

Кресттің табылу жағдайы

Китель - 1982 жылға жататын текстильдік бұйым. Экспонаттың нақты иесі туралы ақпарат қазіргі уақытта анықталмаған.

Зерттеу нысаны-реставрация барысында кительдің ішкі бөлігінен анықталған шағын крест. 2026 жылғы 21 тамызда кительге жүргізілген реставрациялық-зерттеу жұмыстары кезінде оның ішкі құрылымы зерттеліп, астар қабаттары мен қалта бөліктері қарастырылды. Крест бұйымның сыртқы бетінен емес, оның ішкі бөлігінен, яғни бұйымның сол жақ бөлігіндегі орналасқан ішкі ойма қалтаның астарына жасырын тігілген. Бұл жағдай оның экспонатқа кейіннен түскенін немесе бұйымның бұрынғы пайдаланылу кезеңімен байланысты болуы мүмкін екенін қарастыруға мүмкіндік береді.

Реставрациялық жұмыстар кезінде бұйымның ішкі құрылымын зерттеу қажет болған жағдайда оның астарлық және ішкі қабаттары мұқият қарастырылады. Мұндай жұмыстар кезінде негізгі материалдың сақталу жағдайымен қатар, бұрын жасалған реставрациялық жұмыстардың іздері де анықталуы мүмкін.

Реставрациялық жұмыс барысында бөгде зат – шағын крест анықталды. Бұл жерде маңызды мәселе - кресттің кительдің ішіне қашан және қандай жағдайда жасырын тігілгенін анықтау. Қазіргі кезеңде бұл сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес. Сондықтан ғылыми сипаттамада кресттің пайда болу себебіне қатысты болжамдар нақты тарихи факт ретінде емес, зерттеуді қажет ететін нұсқалар ретінде қарастырылады.

Кресттің сыртқы сипаттамасы

Фотографиялық материалдарға сүйене отырып, табылған затты шағын мойынға тағылатын (нательный) крест ретінде алдын ала сипаттауға болады. Кресттің жоғарғы бөлігінде оны шынжырға немесе бауға тағуға арналған сақина тәрізді алтын түсті ілмегі бар. Табылған кресттің өлшемі шамамен 2 х 3,5 см. Алдыңғы жағында крест композициясының орталық бөлігінде айқышқа шегеленген Иса Мәсіхтің – бейнесі орналасқан.

1-сурет. Реставрация барысында экспонаттың ішкі бөлігінен табылған крест.Алдыңғы беті.

Материалдар мен зерттеу әдістері

Кресттің негізі қызыл түсті. Орталық бөлігінде қара сұр түсті элемент байқалады. Бұл элементтің материалы қазіргі кезеңде тек визуалды бақылау негізінде ғана сипатталады. Кресттің материалы көзбен қарау арқылы нақты анықталмайды. Металл элементінің мыс немесе мыс қорытпасына жатуы мүмкін деген болжам бар, алайда бұл тек зертханалық талдау нәтижесінде нақтыланады. Сол сияқты қызыл түсті қабаттың бояу, эмаль, полимерлік жабын немесе басқа материал екендігін де арнайы зерттеу арқылы анықтау қажет. Оның нақты құрамы арнайы материалтанулық зерттеу жүргізілгеннен кейін ғана анықталуы мүмкін.

Кресттің артқы бетінде бедерлі жазу орналасқан, артында «СПАСИ и СОХРАНИ» деп жазылған.

2-сурет. Табылған кресттің артқы беті. Бедерлі жазу.

«СПАСИ и СОХРАНИ» жазуының мәні. «СПАСИ и СОХРАНИ» - православиелік христиандық дәстүрде кең таралған діни-дұғалық формулалардың бірі болып табылады. Оның қазақша мағынасы «ҚҰТҚАР және САҚТА» дегенге жақын. Мұндай жазу мойынға тағылатын кресттерде адамның қорғаныш пен рухани қолдауға деген сенімін білдіретін діни мәтін ретінде қолданылған. Дегенмен, аталған жазудың болуы кресттің нақты жасалған жылын өздігінен анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан жазуға сүйене отырып , бұйымға нақты хронологиялық датировка беру дұрыс емес.

Кресттің уақытын анықтау үшін оның пішіні, өлшемі, иконографиялық ерекшеліктері, материалдық құрамы, жасалу технологиясы және басқа да типологиялық белгілері кешенді түрде қарастырылуы қажет.

Кресттің кительдің ішкі қалтасына жасырын тігілуі

Кресттің кительдің ішкі ойма қалтасының астарына жасырын орналасуы зерттеу тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырады. Бұл жағдайдың бірнеше ықтимал түсіндірмесі болуы мүмкін. Мысалы, крест китель иесінің жеке діни бұйымы ретінде әдейі жасырылған болуы ықтимал. Екінші жағынан, крест бұйымды кейінгі пайдалану немесе жөндеу барысында астардың ішіне енгізілуі де мүмкін. Алайда қазіргі уақытта осы болжамдардың бірін нақты дәлелдейтін дерек жоқ. Сондықтан ғылыми сипаттамада кресттің жасырын орналасуы «анықталған факт», ал оның орналасу себебін «зерттеуді қажет ететін болжам» ретінде ажырату маңызды. Бұл ретте реставрациялық зерттеудің негізгі артықшылығы – заттың құрылымын бұзбай, оның ішкі қабаттарындағы тарихи іздерді мүмкіндігінше сақтай отырып зерттеу. Кресттің материалын нақты анықтау үшін аспаптық зерттеу жүргізу қажет.

3-сурет. Кресттің экспонаттың ішкі құрылымынан табылған орны.

Реставрациялық зерттеудің ғылыми маңызы

Бұл табылым реставрация үдерісінің музейлік зат туралы жаңа мәліметтерді анықтаудағы маңызын көрсетеді. Егер китель тек сыртқы қабатынан қарастырылған жағдайда, оның ішкі қалтасының астарына жасырылған крест анықталмауы мүмкін еді. Текстильдік бұйымдардың ішкі құрылымын зерттеу барысында астар, қалта, тігіс, жіп, қосымша материалдар және кейінгі жөндеу іздері сияқты элементтер тарихи ақпараттың дереккөзі бола алады.

Кресттің музейлік құндылығы оның көлемінің шағын болуына қарамастан, нақты экспонаттың ішкі құрылымынан анықталуымен байланысты.

Қорытынды

Қазіргі уақытта кресттің нақты иесі, жасалу уақыты, материалы мен өндіріс орны және кительге қандай жағдайда тігілгені анықталмаған. Сондықтан бұл мәселелер бойынша нақты ғылыми қорытынды жасау үшін қосымша зерттеулер қажет. Аталған жағдай реставратор жұмысының маңызды ерекшелігін көрсетеді: кейде экспонаттың ең құнды деректері оның сыртқы бетінде емес, ішкі құрылымында жасырын болуы мүмкін. Сол себепті реставрациялық зерттеу барысында бұйымның барлық құрылымдық бөліктеріне мұқият қарау, анықталған ерекшеліктерді дәл тіркеу және реставрациялық құжаттаманы жүйелі жүргізу, музейлік мұраны ғылыми тұрғыдан сақтаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.

Экспонаттың нақты иесі белгісіз болғандықтан, кресттің кительге қашан және қандай мақсатпен орналастырылғаны туралы түпкілікті қорытынды жасауға қазіргі кезеңде негіз жоқ. Дегенмен оның экспонаттың ішкі құрылымынан анықталуы кительдің материалдық және тарихи ерекшеліктерін әрі қарай зерттеу үшін маңызды қосымша дерек болып табылады. Кейде көзге түспейтін шағын ғана зат музей экспонатының тарихын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды дерекке айналуы мүмкін.

Әдебиеттер тізімі

1. Куприянова И. В. Консервация и реставрация музейных предметов: учебное пособие по направлению подготовки 51.03.04 «Музейное дело и охрана памятников». — 2-е изд., перераб. и доп. — Барнаул: АлтГИК, 2023. — 291 с.

2. Страхова Н. В. Реставрация и консервация музейных предметов: методические указания. — Ярославль: ЯрГУ, 2006. — 48 с.

3. Фармаковский М. В. Консервация и реставрация музейных коллекций. — М.: Типография «Красный печатник», 1947. — 144 с.

4. Всероссийский художественный научно-реставрационный центр имени академика И. Э. Грабаря. Реставрация тканей [Электронный ресурс]. — URL: https://grabar.ru/restoration/cloth/index.php⁠ (дата обращения: 29.09.2026).

5. Всероссийский художественный научно-реставрационный центр имени академика И. Э. Грабаря. Реставрация кожи и археологического текстиля [Электронный ресурс]. — URL: https://grabar.ru/restoration/leather/index.php⁠ (дата обращения: 29.09.2026).

6. Всероссийский художественный научно-реставрационный центр имени академика И. Э. Грабаря. Методические рекомендации [Электронный ресурс]. — URL: https://www.grabar.ru/publications/metodics/index.php⁠ (дата обращения: 29.09.2026).

7. Консервация и реставрация музейных ценностей: материалы I научно-практической конференции, 21–23 ноября 2000 г. — М.: Государственный исторический музей, 2002. — 118 с. — (Труды Государственного исторического музея; вып. 129).

8. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қор құжаттамасы. 1982 жылғы китель экспонатына қатысты материалдар. — Астана, 2026.

9. Кительді реставрациялық-зерттеу жұмыстарының құжаттамасы. Мата және кілем, киіз бұйымдарын реставрациялау және консервациялау секторы. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі. — Астана, 2026.

Материал пайдалы болды ма? Бөлісіңіз

WhatsApp Telegram

Журнал оттиск (PDF)

Мақала журнал форматында — аттестация мен портфолиоға

Жүктеу

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін аккаунтқа кіріңіз

Әзірге пікір жоқ — алғашқы болыңыз.

Авторларға

Сіз де өз мақалаңызбен бөлісіңіз

Мақалаңызды жариялап, сертификат пен журнал оттискін бірден алыңыз — аттестация мен портфолиоға дайын.

  • QR-сертификат
  • Журнал оттиск (PDF)
  • Google-да табылады
  • 5 минутта

Бар болғаны

5 000 ₸

Мақала жариялау

Kaspi арқылы · 2015 жылдан бері

Осы тақырыптағы материалдар

Ғылым

Теректі қай мезгілде еккен дұрыс? Егу уақыты мен тәсілі

Терек көшетін отырғызуға қолайлы мезгіл туралы ғылыми мақала. Көктемгі және күзгі отырғызудың ерекшеліктері мен мерзім таңдауда ескерілетін жағдайлар түсіндіріледі.

Акбаев Нурлан Бакытбекович 10 оқылым 19 мин
Ғылым

Жасөспірімдік шақтағы “Арман” мен “Үміт” концепциясының психологиялық көрінісі: бердібек соқпақбаев “менің атым қожа“ повесі бойынша

УДК159.91 Ф.ғ.к.,қауымдастырылған профессор Тулекова Гүлжан Қажымұратқызы курс студенті Жарқын Аружан Ержанқызы ЖАСӨСПІРІМДІК ШАҚТАҒЫ “АРМАН” МЕН “ҮМІТ” КОНЦЕПЦИЯСЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨРІНІСІ: БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ “МЕНІҢ…

Тулекова Гулжан. Жарқын Аружан 172 оқылым 9 мин
Ғылым

Орталық Азия елдеріндегі су секторының дамуы: ерекшеліктері, болашағы және қиындықтары

Қожақан Аяжан Аннотация Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару — трансшекаралық су жүйелеріне тәуелділік және халықтың өсуі, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің сұраныстарының артуы жағдайында күрделі мәселе болып…

Аяжан 45 оқылым 2 мин
Ғылым

Адамгершілік символына айналған – С.Бәйішев

Бұл мақала қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бәйішев Сақтаған Бәйішұлының туғанына 115 жыл толуына арналады. Советтік Қазақстанның жетекші қоғамтанушылардың бірі, Қазақстанның…

Bilimger Media 42 оқылым 6 мин