Көкше батыр (3-бөлім)
Ер Көкше · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қалмақ келе сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ай, ит ноғай, ит ноғай,
Алды ма даяр сені оңай!?
Бұдан бұрын, ноғай, еліңнен
Алдық жесір біз талай.
Екі бала өлген соң,
Бір ноғайдың қолынан
Шықтым өзім шыдамай.
Екі бірдей баланың
Жиырма төрт жілік санына
Жиырма төрт ноғай шалармын.
Қырайын деп келдім ұзамай,
Болсаң батыр, ноғайым,
Кезегімді бересің,
Қайратты сосын көресің.
Қан тартып келіп тұрсың ғой,
Көп ұзамай өлерсің.
Сонда Орақ сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Біздің текті сұрасаң,
Біз ноғайдың елі едік,
Елдегі байтақ ері едік.
Ерегіскен дұшпан тап болса,
Жерміз етін деп едік.
Пәнсіген батыр ерлерің
Қалды өліп, әнекей,
Сен де бірге жатуға
Іздеп соны келгенің.
Жасың үлкен ағасың,
Кезегіңді аласың.
Қалмақ сонда долданды,
Иіннен садақ қолға алды.
Қорамсаққа қол салды,
Қозы жауырын оқ алды.
Орақтайын батырды
Атайын деп қозғалды.
Орақтайын батырды
Қақ жүректің басы деп,
Алтын ердің қасы деп,
Өлер жерің осы деп,
Толғап атып қалады,
Ораққа оғы барады.
Оғы тура барса да,
Өте алмай оғы таяды.
Тағы атып қарады,
Тағы өте алмай қалады.
Тағы бірін тағы атты,
Өте алмай оғы жер соқты.
Сонымен қалмақ үш атты,
Үш оқты бірден босатты.
Орақ та сонда қозғалды,
Атайын деп оңдалды.
Садағын о да қолға алды,
Қорамсаққа қол салды,
Қозы жауырын оқ алды.
Қалмақ ердің қасы деп,
«Өлер жерің осы» деп,
Толғап тартып қалады,
Қалмаққа оғы өтеді.
Ар жағында бір төбе,
Тостағандай төңкеріп,
Ол төбені де кетеді.
Қалмақ сонда құлады,
Баладай болып жылады.
Өлгенін ханның көрген соң,
Айнала тауды қаптаған
Қалың қалмақ етекке
Соғысуға шұбады.
Орақтайын еріңіз
Қалмақтың атын, қаруын
Көкшеге тарту қылады.
Алып Көкше қылышты,
Беліне мықтап буады.
Сонда Көкше сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Әй, ерлерім, ерлерім,
Бәрің де тұлпар ерледің.
Қаптаған қалың қалмаққа
Күш көрсетер жер келді.
Сегіз мың қалмақ бар екен,
Қалмақ, ноғай арасы
Сынасар қайрат кез келді,
Аянып енді қалмаңдар.
Қалмақтың өлді басшысы,
Жеңерміз деп ойлаймын
Қалмақтардың қосшысын.
«Жаудан бетті бұрмалық»
Деп бір ерлер кеңесті.
Көкшенің айтқан бұл сөзін
Бірігіп ерлер жөн десті.
Қалмақтар жүрді шұбалып,
Айбарларын шығарып.
Қалмақ та жақын келгенше,
«Алла» деп ерлер ұмтылды.
Көкшедейін батырың
Қылышын алып қолына,
Оңды-солды сермеді.
Келген жақын қалмақты
Бұта құрлы көрмеді.
Орақ пенен Телағыс,
Айсаның ұлы Ахмет,
Алау батыр, Ер Әмет—
Ерлер де бар-ды керемет.
Қалмақтар жаман қырылды,
Қан сасыған қырғын ішінен
Жөнін тауып жүре алмай,
Біріне-бірі сүрінді.
Қырғынды бұндай көрген соң,
Ханның күйеу баласы
Шығып жалғыз қашады,
Ерлердің пысы басады.
Шынтасұлы Төрехан
Ақтанаудай тұлпармен
Әудем жерге апармай,
Ақ сүңгіні қолға алып,
Ашу кернеп долданып,
Желкеліктен шаншады,
Қорылдап қалмақ құлады.
Елу екі батырың
Қалмақтың елін қан қылды.
Бытыратып ерлерін,
Өлігін үйіп жал қылды.
420 Отыз екі күн соғысты,
Сегіз мыңдай әскерден
Екі мыңдай қалыпты.
О да қашып шәріне
Ерлер қуып барыпты.
Еліне барып тағы соғысып, елін көндіріп алып, мал, дүниемүлкін алып, еліне қайтады. Елу екі кісіден тоғыз кісі өледі.