Көкше батыр (1-бөлім)
Ер Көкше · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Көкше батыр Шыңғырлау, Торыат деген тауда отырады. Осыған жақын жерде қалмақ Сұлтанғали деген ханның елі болады. Сол хан Көкшеге хабар жібереді. «Ноғайлының батыры Көкше батыр болса, Сүйретпенің тауында боламыз, ноғайларын жинап соғысам десе, келсін, одан қорқып қашса, біздің қалмақтар барып елін шауып алады» депті. Осы хабарын естіп ноғайға хабар салады. Бұл хабарына ноғайлар келмей қалады. Осыған жақын жерде Сыпыра жырау сып берме, осыны Көкше батыр шақырып алып:—Ал жырау, маған ақыл қос, мені мына Сұлтанғали соғысам деп шақырып отыр, мен ноғайға хабар салсам, біреуі келмей отыр. Осыған не ақыл қосасың?—дейді. Сонда Сыпыра Көкшеге сөйлей бастайды:
—Ай, Ер Көкше, Ер Көкше,
Айтайын ақыл мен Көкше,
Бұл жерден әскер жинама!
Қобданың қалың жағасы
Сол жерде бар-ды сұрасаң,
Орақ, Мамай, Телағыс—
Сұрасаң көмек беретін
Ноғайдың сонда баласы.
Хан Мамайға хабар ет,
Адам мен атты жіберед.
Көкше, саған еретін
Қалмақпен олар жауласты,
Сегіз жасар күнінен
Сені жалғыз дегесін,
Олар шыдай алмас-ты.
Арына шыдап тұра алмас,
Бәрің ноғай елісің.
Жақын жерде ит қалмақ
Етектен алып жармасты.
Содан көмек сен алып,
Қалмақтан сүйтіп кек алып,
Жалғыз барып ұрынба,
Сүйтпесең жауға болмас-ты.
Сыпыраның бұл ақылын жөн көріп, бір кісіні жаңағы жағдайын айтып қоя берді. Осы хабарды Мамайға жетістіріп еді, Мамай хан Орақты, Жаңбыршы ұлы Телағыс батырды шақырып алып, сонда Мамай сөйлей бастады:
—Орақ пенен Телағыс,
Келдің батыр жиналып,
Ағаларың ер Көкше
Айтыпты сәлем қиналып.
Отырған жақын қалмақты
Батыр жалғыз болған соң,
Елді шауып алуға
Кеңесіпті дейді жиналып.
Осыдан бармай қалсақ біз,
Қалмақтар көзін салмай ма!
Мал мен дүние, халықты
Көкше жалғыз болған соң,
Ерікті қолдан алмай ма!
Сағы сынып батырдың
Көп ішінде қалмай ма!
Қатын, бала, жесірдің
Көзінің жасы болмай ма!
Асылы туған ерлерім,
Осы жауға барыңдар,
Жауға ойран салыңдар!
Дұшпанның сағын сындырып,
Жері менен мал-мүлкін
Бөлісіп, ноғай, алыңдар.
Егер әскер аз болса,
Ноғайда адам тағы бар.
Жолың болсын ерлерім!
Ерегескен дұшпанның
Үстінен отты жағыңдар!
Орақ пен Жаңбыршыұлы Телағыс қасына қырық әскер ертіп Көкшенің еліне келеді, Ер Көкшенің отырған жеріне келіп, Көкшенің үйіне қонақ болып түстеніп, Ер Көкше бастап алып жөнеді.
Жөнеді ерлер, жөнеді,
Мінгені өңкей сал бедеу.
Ауыздықпен алысып,
Табан жолмен тартысып,
Дөңгеленіп желеді.
Күні-түні жол жүрді,
Азғана емес мол жүрді.
Жиырма бес күн болғанда,
Сүйретпенің ұзын тау
Қарасын сонда көреді.
Басына таудың көз салса,
Жүрген қаптап қалың жау
Құмырсқадай қаптайды.
Қырық үш кісі әскер де
Даярлана береді.
Әуелгі айтқан хабармен
Айсаның ұлы Ахмет,
Батыр Алау, Ер Әмет,
Шынтасұлы Төрехан
Сегіз кісі жолдаспен
Бұлар да жетіп келеді.
Қаптаған жауды көреді,
Көріп көңіл бөледі.
Сонда тұрып Айсаның ұлы Ахмет Көкшеге сөйлей бастайды:
—Ай, Ер Көкше, Ер Көкше,
Қара құрттай қайнаған
Қалың жауды көр, Көкше!
Айтқан сізге хабармен
Еліңе келдім мен, Көкше.
Кетті Көкше дегенмен
Кейіс қылар деп сені,
Артыңнан келіп отырмын.
Бұл ниетіме сен, Көкше
Сегіз кісі жолдас қасымда—
Бәрі де өңкей асылдар.
Алау батыр, Ер Әмет,
Шынтасұлы Төрехан,
Асанның ұлы Ер Абат,
Ақжонасұлы Ер Кеңес
Бірінен-бірі кем емес,
Кем дегенім жөн емес.
Қысылар кезең келгенде,
Бір кісі—мың кісі
Болар деймін бір теңдес.
Жиналған өңкей батырлар
Қолдарында болат асыл бар,
Үстерінде кілең көк темір,
Ақ сүңгі, найза өңгерген,
Азын көпке теңгерген.
Тұлпар мініп астына,
Жауды көрсе ашына,
Екі батыр тең келген.
Қайырлы болсын сапарың,
Жауға бұлар тигенде,
Қалмақтар жаман сенделген.