Алпамыс (2-бөлім)
Алпамыс · Ә. Оспанов нұсқасы · 2 мин оқу
Осы кезде Алпамыс зынданда жатып ұшып бара жатқан тырналарды көреді. Дауыстап еді, «өлгеніңнен тұрма» деп кете барады. Артынан бір жалғыз тырна келіп, Алпамыс жатқан зынданға түседі. Әке-шешесіне, қарындасына, досы Қарабайға сәлем айтып хат жазып, оны қанатына байлайды.
Бір ауылдың тұсында даусын шығарып жібереді. Оны көрген біреулер ұстап алып үйіне әкеледі. Сояйын деп жатқанда қанатындағы хатты көріп қалып:—Қойыңдар, соймаңдар, Алпамыс мұны естіп бізді тірі қоймайды,—деп тырнаны баратын жолына қоя береді.
Тырна Алпамыстың құс аулайтын жеріне келеді. Қарындасы Қарлығашқа кез болады. Хатты алып оқиды. Мұны естіп Алпамыс жатқан жерге досы Қарабай келеді. Бірақ намыстанып, Алпамыс досының көмегіне бармайды. Зынданның жартысына келіп қалғанда қырық құлаш арқанды қиып жіберіп, жатқан жеріне қайта түседі. «Кейін осы досым бұл істеген жақсылығын бетіме басар» дейді. «Тірі болсам, шығармын, өлі болсам, қалармын» дейді. Досы қоштасып еліне қайтады.
Ханның қызы Қаракөзайым бау ішінде Кейқуатқа жолығып қалып:—Бұл сылдырманды кім істеді?—дейді. «Өзім жасадым» десе қыз сенбейді. Жалынған соң мұны Алпамыстың істегендігін айтады. Қыз «Алпамысқа апар» деп әуре етеді. Ертіп келіп батырды көрсетеді.
Алпамыс қыздан аты Байшұбардың жағдайын сұрайды. Қаракөзайымға:
Қаракөз көзің сүзілер,
Көкірегіңде жаның үзілер,
Сен кетсең көңлім бұзылар,
Ғаріп көңлімді сен аула,—дейді.
Алпамыс осыдан кейін өзін қалай босатуды айтады. Киімін киіп диуана болып, батырдың атына барады. Иесінің киімін біліп, Шұбар темір үйді бұзып шығады. Байшұбар Алпамыс жатқан зынданға келіп құйрығын салбыратады. Батырды босатып алады. Шығысымен ханды, кемпірді өлтіреді. Қалмақтың жазықтыларын тегіс қырады. Алпамыс қойшы Кейқуатқа ханның қызы Қаракөзайымды қосады. Бұл қалмақ еліне Кейқуатты хан сайлайды. Ол жұртты билеп тұра береді.
Алпамыс көңлі тынған соң еліне қайтады. Ауылына жақындап қалғанда бір қойшыны көреді. Жұрттың көкпар шауып жатқанын көреді. Алпамыс қойшыдан:—Анау көкпар не?—деп сұрайды.
Сонда қойшы:—Е, шырағым, Алпамыс деген балам бар еді, кеткеніне жеті жыл болды, хабарсыз. Келінімді Ұлтан таз әйел етем деп көкпар шауып, той жасап жатыр,—дейді.—Анау соныкі,—дейді.
Сол күні тойға барады. Баласы Жәдігерді көріп табысады. Жар-жарға қатысады. Бадам сақау сөз бастайды:
—Есік алды айуан,
Шылдырап өтеді керуен.
Мойнымда тілдә, маржан,
Мен—бәйбіше, Гүлбаршын—тоқал—дейді.
Алпамыс айтады:
—Ине өткеннен жіп өтеді қылдырық,
Дабыл тисе, жерге қонбас бұлдырық.
Атасыздың көрген күні құрысын,
Бір байталдық құлдан жедім жұдырық.
Құтты болсын, баба, қылған тойыңыз,
Ұят-дүр тойды қойыңыз.
Осылай дегеннен соң Гүлбаршын өзінің ері екенін таниды. Мұнан кейін Алпамыс түрлі ауыртпашылықтармен Ұлтан тазды өлтіреді. Алпамыс елін аман-есен көріп дегеніне жеткізеді. Үй-ішіне көрмеген жақсылықты көрсетеді.