Алпамыс (1-бөлім)
Алпамыс · Ә. Оспанов нұсқасы · 2 мин оқу
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда
Жиделі Байсын деген жерде,
Қоңырат деген елде
Байбөрі деген бай болыпты.
Бір күні Байбөрінің Аналық атты кемпірі:—Е, бай, біз өліп кетсек бұл малға кім ие болады? Жасымыз болса келді. Сен келдің сексенге, мен келдім жетпіске, не айтасың?—дейді.
Сөйтіп, Байбөрі байға Аналық атты кемпірі:—Түйеден бура, қойдан қошқар, жылқыдан айғыр әкел,—дейді. Оның айтқанын жасайды. Малды алып әулие кезеді. Мал сойып, Құдайға «бала бер» деп жылайды. Арыстан бапқа барып түнейді. Әулиелердің бәрінен пайда болмады. Қалған жалғыз қошқарыменен еліне қайтып келе жатады. Жолдың жағасында тұрған шеңгелге барып түнейді. Қошқарын сояды.
Жатып кемпірі түс көреді. Түсінде шал кісі аян береді. «Қырықты берейін бе, бірді берейін бе?» дейді. Кемпір «біреуі-ақ керек» деп айтады. «Бала жерге түскенде ақ таяғы бар шал кіріп, атын қойып береді»,—деді. Ғайып болады. Оянса түсі екен. Қуанып шалын түртіп оятады.
—Сол түсті мен де көрдім,—дейді Байбөрі. Қуанысып еліне келеді.
Тоғыз ай, он күнде ұл бала туады. Артынан бір жылдан соң қыз туады. Баяғы түсіндегісі келіп:
Ішін жараттым қара шойыннан,
Сыртын жараттым болат темірден.
Атса мылтық өтпейді,
Шапса қылыш кеспейді.
Суға салса батпайды,
Бұған қас қылған ешбір мұратқа жетпейді,
Аты Алпамыс батыр,—деп бата береді.
Бұл Қызыр еді, көзден ғайып болды. Алпамысты он жасқа келген соң Сарыбай байдың қызы Гүлбаршынға үйлендіреді. Байға бір күні қойшы келіп:—Бес қойыңды қасқыр өлтіріп кетті,—дейді. Бір жылдан соң жылқышы келіп:—Байбөрі бай, жылқыңды қалмақ шауып кетті,—дейді. Бұл сөзді естіген соң баласына қарап:—Сен туған соң малымның берекесі кетті,— деп налыды. Мұнан кейін Алпамыс жылқыға барады. Жүгенін сілкіп еді, бір шұбар тай жетіп келді. «Теңім сен емессің» деп лақтырып жібереді. Біраздан соң ол тағы қайтып келеді. «Құдайдың жазғаны осы екен» деп сол тайды жүгендейді. Тай жүнін тастап, түрлене түседі. Тоқымын салып ерлеп, үстіне мінген соң тай Байшұбар тұлпар болып шыға келеді.
Қалмақтың ханы Алпамыстың аттанғанын сезіп, ол адамдарын жинап сөз салады.—Алпамысты ұстау кімнің қолынан келеді?—дейді. Көп ортасынан мыстан кемпір шығып, патшаның берем деген мүлкінен қағысады.
Кемпір қырық отау, қырық қыз беруін өтінеді. Алпамысты күтіп жата береді. Байшұбар кемпірдің дұшпан екенін сездіреді. Кемпір әбден жалынған соң сұрауы бойынша тіккен отауына барады. Алпамысқа қыздар қымызды беріп-беріп мас етеді. Үйдің жел жағын ашып қойғандықтан батырға жел тиіп, есін білмей қалады. Апарып осыдан соң батырды зынданға салады. Жата береді. Патшаның қойшысы Кейқуат қой жайып жүріп қоңыраулы серкені зынданға түсіріп алады. Қойшы Алпамыспен келісіп, күніне екі қойдан беріп тұрады. Бір күні патшаның қойы таусылады. Алпамыс амал табады. Түйенің сүйегін алдырып сылдырман жасап, оны Кейқуатқа беріп, ханның қызы Қаракөзайымға жібереді.—Соның келе жатқан алдынан тарт,—дейді.