Ұл мен қыздың айтысы
Балалар айтысы · 1 мин оқу
Ұл:
Қыздар, қыздар құртыңнан,
Қуып келдім жұртыңнан,
Сол құртыңнан бермесең,
Тесіп шықсын ұртыңнан.
Қыз:
Бала, бала, қырт бала,
Аузымдағы құрт, бала,
Сілекейлеп берейін,
Сусын болсын, жұт, бала.
Ұл:
Қасқыр, қасқыр қара ала,
Бауыр жүні сары ала,
Біздің қойды арала,
Қыздардың қойын жарала.
Қыз:
Қасқыр, қасқыр қарасың,
Қасқыр қайда барасың,
Мына баланы жей ғой,
Қойды қайдан табасың.
Ұл:
Қасқыр, қасқыр қара ала,
Өтірікке қарама,
Қой болмаса далада,
Осы қызды жарала.
Қыз:
Маң төбетім барады,
Қасқырларды алады.
Содан кейін сен, бәлем,
Тап өзіңді қабады.