Бала мен шілдің айтысы
Балалар айтысы · 3 мин оқу
Азырақ өлеңімді ал бастайын,
Балалық албырттықты мен тастайын.
Жолығып қозы бағып жүргенімде,
Болған соң айта салдым сөзім дайын.
Айтқанда осы өлеңді аз ойландым,
Өмірдің көп сырына қайран қалдым.
Бәйшешек, көк шалғында маужыраған,
Ермегі өлең деген жайған малдың.
Дөңестің қозы бақтым бауырына,
Отырдық жердің таңдап сауырына.
Ұстап ап байғұс шілді еріккен соң,
Өлең ғып айтып келдім ауылыма.
Қиысы кейде нашар осы өлеңнің,
Бір шілге қолға түскен аз бөгелдім.
Жел сөздің желдей ескен арқасында
Өлең ғып әлгі шілді ала жөнелдім.
Айтыстым әлгі шілмен сол арада,
Көрсеттім өктемдікті бейшараға.
Сүйретіп жалбыратып ұстап алып,
Бастадым осы өлеңді ен далада.
Жоқ еді көкте бұлт, жерде қылау,
Білмейтін албырт кезім елді сыйлау.
Оралған қыл тұзаққа байқұс шілмен,
Айтысып айтқан сөзім сонда мынау.
Бала:
Шілмісің, кекілікпісің, неменесің?
Беткейге тұзақ құрсам кез келесің.
Қаңғырып қайдан келдің сорлы байғұс,
Шілім-ау, шыныңды айтшы, енді өлесің.
Жаудырап шіл байғұстың екі көзі,
Кездейсоқ тұзағыма келген кезі.
Жалынып қоя бер деп өлең айтып,
Сондағы байғұс шілдің айтқан сөзі.
Шiл:
Екеуі: шіл, кекілік ағайынды,
Жаныңа өлең айтып жағайын-ды.
Аға-екеш, мені өлтірмей қоя берші,
Жақсылық етіп баян бағайын-ды.
Бала:
Атымның соған бола қылын жұлдым,
Беткейге қылын жұлып тұзақ құрдым.
Бидайды тұзағыма шашып қойып,
Затыңды бәлем сенің сөйтіп ұрдым.
Шiл:
Обалы жұлған қылдың менде болсын,
Жақсылық пайдасымен сенде болсын.
Аға-екеш, мені өлтірмей қоя берші,
Және де мал мен басың тең боп өссін.
Бала:
Әй, шілім, кішкенеңнен жорғалайсың,
Тау-тастан қырғи көрсең қорғалайсың.
Шілім-ау, арықпысың, семізбісің,
Ұстатшы төс етіңнен, сен қалайсың?
Шiл:
Сен ұстап төс етімді не қыласың,
Бір шапан екеу ара жамыласың.
Ағатай, мені өлтірмей қоя берші,
Бір қасық қанды жүктеп не қыласың?!
Бала:
Түсімде бөрте атыма мініп жүрмін,
Тү
Тау-тастан қырғи қоймай жиып жүрмін.
Тау-
Шілім-ау, осы түсті жорып берші,
Шілім-
Жүніңді тап-тақыр ғып жұлып жүрмін.
Жүнің
Шiл:
Ш
Шіліңіз жаман айтса назар болар,
Ш
Адамға тағдыр жетсе қаза болар.
Түсіңіз түске ұқсасын, мен жориын,
Бақ қонып сарайыңыз таза болар.
Бала:
Ой, шілім, бара қойшы жаның сақтап,
Жібердің осы құрша мені мақтап.
Қолына қырғи, сұңқар қалма түсіп,
Жүргейсің қысы-жазы мені жақтап.
Шiл:
Ағатай, мол-ақ екен амалдарың,
Басына талай сеңгір самалдармын.
Егер де жайылымға ұзап кетсек,
Болмасын ағайымның көңілі жарым.
Бала:
Келемін қозы айдап ылди-ойдан,
Шыға алмас қозы қарғып терең жардан,
Шырағым, тау-тас кезіп ұзап кетпей,
Жесеңші біздің үйде көп бидайдан.
Шiл:
Жемеймін бидайыңды көп те болса,
Болады өзіме ас шөп те болса,
Бір күні жардай қылып сойып тастар,
Бидай жеп мен семіріп етті болсам.
Бала:
Қонады біздің ауыл қиыр шетке,
Сені мен өлтірмеймін биттей етке.
(Қолымнан бара қой деп ұшырып ем,
Әлгі шіл ұшып барып қонды бетке).
Шiл:
Мен өзім қорқа-қорқа қор болдым ғой,
Сен дағы құдайдан да зор болдың ғой.
Әй, бала, теңдік алдым, қолым жетті,
Терезем терезеңмен тең болды ғой.
Бала:
Қарашы, мына шілдің ұшуына,
Ізің жоқ жерде менің түсуіме.
Қайтадан, шілім, қолға түсе қалсаң,
Қамшымен мен даярмын күсуіме.
Шілменен аз сөйлестім мәслихат құрып,
Жамағат, тыңдадыңыз мойын бұрып.
Әлгі шіл бір қарамай кетті ұшып,
Қамшымды отыра кеттім лақтырып.
Өлеңі жас баланың саусылдайды,
Сарқылып тау суындай таусылмайды,
Ерігіп қозы жайып жүрген шақта
Өлең ғып жүруші едім осындайды.
Қатесін кешірерсің, үлкен аға,
Көңілің жас кезіңде пара-пара.
Азырақ қара сөзді тізбектедім,
Балалар, қате жерін түзеп қара!