Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Толыбай сыншының баласы (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Қарабас әкесінің және басқа да атбегілердің сәйгүліктерді қалай таңдап, қалай баптағанына көзі қанық болып өскен жас екен. Ол оны іс жүзінде өзі де қолдану үшін үш жыл бағып, сүйегін ағартқан қара кер тұлпарды мініп, әуелі аса көп, қатты жүрмей, аз ғана шыға жүріп, үнемі суытып, таң асырып қойып жүрген екен. Ол тұлпарға жем ретінде тазаланған арпа, не сұлы және жылқыға жұғымды қара шөп беріп отырыпты. Жемді қаракерге шамалап, ретімен беріпті. Себебі аяңдатып, кейде желіп, кейде шоқытып, кейде шауып жүріп, келгеннен соң кермеге байлап, суытып, таң асырып, терін алған атқа жемді ел жата, түн ортасы ауа, таңға жақын беру керектігін Қарабас жақсы біледі екен. Тұлпарды баптап жүрген ол ұйқыны азайтып, сергек жүріпті. Талай таңды көзімен атырған екен. Әдетте ол тұлпарды суытқан соң, отқа қоятын бопты.

Суытпаған, не таң асырылып тері алынбаған жылқы семіз кезінде тез бұзылатынын, яғни қызыл май болатынын Қарабас жақсы біліпті. Тұтқын қаракер тұлпарды күз, қыс бойы баптап, бәйгеге қосуға жаратыпты. Тұлпармен еліне жетуді армандаған Қарабас қалмақ тайшысының «таңдаған қызыңды әперем» дегеніне де амалсыз келісіп, қыз көруді кейінге қалдырыпты. Құдай оның көктен тілегенін жерден беріп, жаздың басында қонтайшының інісінің баласы келіншек алатын болып, оның тойына зор дайындықпен баратын болыпты. Сонымен қатар ол тойда болатын ат жарысына Қарабас баптап, қыс бойы оқтаудай боп жараған қаракер тұлпарды қосатын сәт туды. Атқа Қарабастың өзі мініп шабатын болған екен. Сондықтан ол тұлпардың кекілін түйіп, үкілеп, жалын тарап, құйрығына шоқ тағыпты.

Ат айдаушы жүйріктерді белгілі жерден жіберер алдында астындағы ер-тоқымының үстіне екі басына орталап құм салынған қоржынды байлап, үстіне өзі отырып, аттардың артында кете барады. Бәйге аттарға мінген балалар тиісті жерге жетіп қонып, ат тынықтырып, өздері де дем алыпты. Ертеңінде ат жарысы басталған кезде де Қарабас қаракер тұлпардың екі бүйіріне құм салған қоржынның екі басын теңдеп алып, сәйгүліктер қарасын үзгенше артында келе жатыпты. Бәйге аттардың алды ортасынан ауды-ау деген кезде тұлпардың құлақ шекесі аздап терлей бастайды, көзі шырадай жанып, ілгері қарай шаба береді. Сол шақта ол тізгінін тартып, ат басын тежеп, қоржынды ат үстінен алып тастап, жұлдыздай аққан тұлпардың көздерін жібек орамалмен сипай сүртіп, екі тізгінін іркіп ұстап отырып, барлық жүйріктерді басып озыпты. «Қазақ, Қазақ!» деп ұран салып, қарақшыдан өте шығып, ат басын тежеп, жоңғар тайшысына қарап: «Бәйге сенікі, тұлпар менікі. Ер туған жеріне, ит тойған жеріне. Қайыр қош, аман болыңдар!»—депті. Дереу ат басын бұрып алып, жолға түсіп «Алаштап» ұран алып, ілгері қарай жөнеле беріпті. Былай шыға Қарабас астындағы қаракер тұлпарға: «Жануар, қалмақ байына бәйге әпердің, енді мені еліме аман-есен жеткізе көр!»—депті де, бүйірі қызған тұлпармен еліне аттанып кетіпті.

Толыбай сыншы Дәулетұлының бәйбішесі Ақбілек—Орта жүз, оның ішінде арғынның бес мейрамдағы сүйіндік әулетінен шыққан Айдабол би Құлболдыұлының жалғыз қызы, әрі тұлабойы тұңғышы екен. Ақбілек заманында данышпан әйелдердің бірі болыпты. Сол Ақбілек бәйбіше бір күні таңртеңгі шайға ауыл қорғауға қалған балаларын, қайын інілерін, ауыл адамдарын шақырып алып: «Мен бүгін түс көрдім, түсімді өзім жорыдым. Менің Қарабасым тірі екен, тұлпар мініп жаудан құтылып келе жатыр екен. Тұлпардың бүйірі қызса, әбден болдырып жығылмай тоқтамайтыны бәріңе мәлім. Таудың тасына соғылып тоқтайды дейтіндей жерімізде тау жоқ. Сондықтан бір тоқтаса, ағашқа тоқтар, бірақ баланы мерт қылып жүрер. Баланы аман қалып үшін бірнеше жерден мықты қазықтар қағып, әр жерден жолына арқан керіңдер»,—деп тапсырма берген екен. Ол кезде жаудан елді қорғау үшін Толыбай сыншы қол бастап, азаттық жолындағы соғыста жүріпті. Сол себепті ұлын сау-саламат алып қалу үшін елге бұйрықты Ақбілек ана өзі берген екен.

Ақбілек ананың жарлығын екі етпей, әлеумет жолға бірнеше жерден мықты қазықтар қағып, арқанды керіпті. Ақыры көп ұзамай Қарабас сол арқан керілген жерге жетіп, атты тоқтатайын десе, тұлпар тоқтамай, керілген арқандардан қарғып өте беріпті. Сонда асқан шапшаңдықпен үзеңгіден екі аяғын босатып алған Қарабас тез еңкейіп, соңғы керілген арқаннан ұстап қап, ерден сыпырылып түсіп қала беріпті.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз