Толыбай сыншының баласы (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Бір күні ауылға кенеттен жау тиіп, қалмақ шапқыншылары бір топ саяқ атты айдап, соған қоса он төрт жастағы Қарабасты тұтқындап әкетеді.
Арада бірнеше күн жол жүріп өздерінің мекеніне жеткен жаулар аяқ-қолы бұғауланған жас өспірім Қарабасты басқа да олжамен бірге қонтайшыға әкеледі. Қонтайшы Қарабасты бір қалмақ шонжарының қарамағына жіберіп, тұтқын баланы кісендеп ұстауды тапсырыпты.
Дұшпандар қолға түскен жас баланы келеке етіп, аяғына кісен салып, бетіне күйе жағып, өздері оған мәз болыпты. Бір күні тұтқын бала кісеннің шынжырын сүйрете жүріп, тезек теруге барғанда, жылқының бас сүйегін тауып алып, әрі-бері аударып қарап, оның тұлпардың басы екенін таниды. Ол басты өзі жататын қамыс лашыққа алып келеді. Сол баспен Қарабас ылғи мұңдасады екен. Сонда ол оған: «Сені тұлпардың басы деп кім айтар?» деп мұңын шағады екен. Қазақ баласын күзететін қартаңдау қалмақ жас жігіт кезінде қазаққа тұтқын болып, сонда қазақ тілін үйренген екен.
Күзетші қалмақ бір күні жылқының қу басын қолына ұстап, өзіне-өзі сөйлеп отырған Қарабастың сөздерін сыртынан келіп тыңдап алады да, қалмақ шонжарына барып оның әкесіне тартқан сыншы екенін айтады.
Қарабастың түр-тұлғасына қарап жоңғар шонжары да оны тегін бала емес деп ойлаған екен. Енді оның ойын күзетші шал расқа шығарып тұр.
Жоңғар тайшысы күзетші шалға Қарабасты алдырады. Қалмақ тайшысы:
—Сен қазақтың қай батырының баласысың?—деп сұрапты. Қарабас:
—Мен Толыбай сыншы ордабасының ұлымын,—деп тура жауап қайтарыпты. Қалмақтың шонжары оған тағы да:
—Сен ат сынауды білесің бе?—деп сауал қояды. Қазақ баласы:
—Ептеп ат сынауды білемін!—деп жауап береді. Қонтайшы:
—Менің жылқыларымның ішіндегі тәуір аттарды іріктеп, оның ішінде тұлпар бар ма екен, біліп бер!—дейді.
Қарабас қалмақ тайшысының үш мың бес жүз жылқысын аралап, тәуір ат болуға жарайтын асауларды көрсетіп, жылқышыларға ұстатып, үйреттіреді. Алайда бес жүздей жақсы аттың ішінде бір де тұлпар жоғын Қарабас қалмақ шонжарына ашық айтады. Табылса, құнын артығымен төлеп, сатып алмақ болып келісіп, қасына Қарабасты ертіп, бірнеше қалмақ байларының жылқыларын аралап, аттарды сынап көргенде, тұлпар таба алмайды. Сонда олар ауылына қайтып келе жатса, бір өзеннің жағасындағы лашықты көреді. Ол бір қалмақ балықшы шалдың лашығы екен. Сол үйдің маңында екі жылқы жүргенін Қарабас алыстан көреді. Сыншы қазақ баласы:
—Ана екі жылқыны көре келейік,—деп өтініш қылады. Екі жылқының бірі—торы ала бие, бірі—арық қара кері ат екен. Қарабас аттан түсе салып, биені де, атты да айнала жүріп қарап шығып:
—Арықтығына қарамаңыз, қаракер бесті нағыз тұлпар болатын жылқы екен. Орнына жетектегі аттардан екі ат беріңіз де, осыны алыңыз. Ал ана бие де жақсы екен, бірақ ол тұлпар болатын құлын таппайды,—депті. Жоңғар тайшысы балықшы шал мен кемпірді шақырып алып, оларға екі күйлі ат беріп, арық қара кер бестіні алып кетіпті.
Ауылына бір күндік жер қалғанда, олар тағы да өзен бойында отырған екі балықшыға кез болады. Сыншы Қарабастың айтуымен жоңғар тайшысы екі балықшыға екі-екіден төрт ат беріп, екі арық бесті атты жетелеп жүре беріпті.
Үйіне оралған соң, тайшыға Қарабас үш арық бесті атты күтуді өз міндетіне алатынын айтқан екен. Тайшы енді Қарабасты еркіндікте ұстайтын болыпты. Қазақ баласы үш арық бестіге жем-шөпті мөлшарлеп беріп, оларды жақсы бағады.
Аттарды баққанына бір жыл толғанда тұлпар емес, тор атты сойғызыпты. Сонда торы аттың бел омыртқасының сүйегінен екі сүйемдей жері қызыл-қоңыр болып, арқа сүйегінің басқа жері түгелдей ағарғанын көріпті. Қарабас: «Тұлпардың сүйегі түгелдей ағаруға әлі біраз уақыт бар екен!»—депті қалмақ тайшысына.
Арада тағы бір жыл өткен соң, Қарабас жоңғар тайшысына айтып, тұлпар емес көк атты сойғызыпты. Бала оның сүйегінің екі елі жері әлі ағармағанын байқаған екен.
Үшінші жылы күздің басында тұтқын қазақ баласы қаракер тұлпарды мініп, әрі-бері жүріп, атты ылғи суытып, таң асырып қояды. Ол тұлпарды өзі баптап күту үшін жоңғар шонжарынан рұхсат сұрапты. Қалмақ тайшысы оның тілегін қабыл алыпты.