Темірдің «Есентемір атанып, бір рулы елге айналуы (І нұсқа) (2-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 2 мин оқу
Ас желініп, әңгіме дүкен үстінде Темір: «Ал бұл маңда ел болуы мүмкін, жортуылшылар мен қарақшылар да аз болмас, жылқыға қатты күзет керек, бір адам ас пісіруге қоста қалсын, қалғандарың күзетке кетіңдер! Мен өзім қарауылға тұрамын»,—дейді.
Айнала тыныштық. Түн ортасы ауа қосты байқауға келіп, есіктен сығаласа, кешегі келген әйел ас пісіруші жігітті өлтіріп, етін отқа қақтап жеп отыр екен. Темірді көрген әйел екі қолын басынан асыра көтеріп, қанталаған екі көзінен от шашып, Темірге қадала қарайды да, бүркітше қомданып, шабуыл жасайды. Темір алдап та үлгермей қалды ма, әлде әйелдің қамқарекетімен қайратын байқамақ та болған шығар. Оқ жыландай бір атылғанда-ақ, Темірдің үстіндегі қой терісінен тігілген тізеге жетер-жетпес тоны мен сыртындағы жадағай шекпенді қатар айырып түсіреді. Өзіне жармасқан әйелді қайта шабуылға жібермей, әйелдің екі қолын ұстап алады да, байлап тастайды. Әйелдің қолының тырнағы қара құстың тырнағынан бетер, тағы болып кеткенін көреді де, нағыз жез тырнақтың өзі екенін байқайды.
«Ал мұның жақтаушылары кім болмақ?» деген ойға келеді де, әйелді екі күн байлаудан шешпейді. Жолдастары әйелді өлтірмек болады. Темір әйелді шешіп жібереді. Содан кейін біраз ізге түсіп көріп еді, жігіттер:
Орманның қалың қойнауына кіретін із бар, оған атпен жүріп болмайды. Ал із таудың үңгіріне қарай, ілгерілей береді. Іздің өзі біресе түйе табан, біресе тағы бір ұзыншалап келеді де, тағы бірде жоқ болып кетеді,—деп келген еді жылқышылар.
Сонда Темір тұрып:
—Бұл маңда ел жоқ, тек ізге түсіп келетін қарақшылар ғана болмаса, бұл жерде таутайлақтың ізі бар, ол да қауіпті. Ол кездессе, оған бір-екі адамның әлі келмейді. Сондықтан жылқыны кезектесіп күзетеміз. Қоста қалғандар да қарулы әрі сергек болуы керек,—деп түсіндіреді.
Талай қиыншылықты бастан кешірген Темір бесаспап қарулы жігіттерімен елге аман оралды.
Қыдырқожа Маңғыстау жағын жайлаған екен. Бірнеше ай хабарсыз кеткен Темірден де, жылқыдан да күдер үзіп отырған Қыдырқожаға Темір келіп сәлемдеседі.
Сонда ол Темірге:
Түлкілімісің, күлкілімісің?—дейді.
Темір:
—Түлкілімін,—деп жауап береді. Қыдырқожаның «түлкілімісің» дегені: «Қырмызы қызыл түлкідей құлпырып келдің бе?»—дегені еді. Ал «күлкілімісің» дегені: «Тігерге тұяқ қалмай қырылып, елге күлкі болып келдің бе?»—дегені екен. Елде жұт болып, тігерге тұяқ қалмағандар көп болған екен.
Қыдырқожа Темірге қатты риза болып:
—Қайда барсаң да есен-аман келесің-ау, батырым! Енді сенің атың Есентемір болсын,—деген екен. Ел жиып, бұдан былай аты «Есентемір» болады деп хабарлаған екен.
Қазір сол әділетсіз ханнан қарғыс алғанмен, әділетті ханның алғысы қабыл болып, Есентемірден бір рулы ел тарайды.