Темірдің «Есентемір атанып, бір рулы елге айналуы (І нұсқа) (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 2 мин оқу
Қыдырқожаның жылқысына Темір ие болып жүрген бір жылы қыс қатты болып, жылқы тебіндей алмайтындай қауіп туады. Осы кезде Қыдырқожаның жылқысымен қатар тебіндегі жүрген киік үйірінің арқар мүйізді өте ірі текесі жоқ болып шығады.
Бұл текені атып алмақ болып, Темір жолдастарымен келе жатады. Киіктер тегісінен жусап жатыр екен. Келе жатқанда адамдарды көрген киіктер шоқтай болып иіріліп, ежірейе қарап тұрады, ал бастаушы текесі келе жатқандар жүз метрдей жер қалғанда алдынан шығып, олар таман жақындағанда оқтай болып тұра қалады да, басын жерге салып, мойынын бір жағына бұрып, жата кетеді. «Кессең, басым, міне» дегендей сыңай білдіреді. Сол жерде бұл көрініске қайран қалған Темір жолдастарына: «Тимеңдер!»—деген екен.
Темірдің сол жерде қанша тұрғаны белгісіз. Теке келгендер мен Темірге екі көзін қадаған күйі, тырп етпестен жата берген екен. Осы аз уақытта Темір өзінің туған жерін, бүкіл өткен өмірін көз алдынан өткізіп, туған жерін, басшысыз елін, талаудағы қам-көңіл халқын еске алып: «Мына текені атып алсам, үйірі талан-таражыға түсіп, менің басымдағы, ел басындағы хал бұларға да келеді-ау!»—деп, мұңая кері қайтып кеткен екен.
Қытымыр қыстың ызғары батып, жылқыны аман сақтау қамына айналады. Темір қатты толғанады. Аяқ жетер жердің халі мүшкіл. «Япырай, ана киіктің отары не күн көреді?» деген ойға қалып, отарды көріп қайтпақ болып келсе, киік үйірінің текесі жоқ болып шығады. Біреу атып әкетті ме деген қүдік те туады. Темірдің ойына: «ізге түссем «деген ой келіп, ізге түссе, ешкім де келмеген, атпаған болып шығады. Текенің ізі ұзаған үстіне ұзай береді. Сонда темір жолдастарына: «Ал мына теке жайылым, қоныс, тебін іздеп кетті. Егер ол тебін тапса, қайта келіп, мына үйірін ілестіріп кетеді. Солай болса, біз де олармен бірге сапар шегуіміз керек. Әйтпесе, мына жылқыларды қыстан шығара алмауым хақ»,—дейді.
Жолдастары да қуана құптап, текенің келуін күтеді. Бір күні байқауға барса, киік үйірінің орнын сипап қалады. Үйір маңайда жоқ дегендей жылқышылардың қуанышында шек болмайды. «Мың қосшыға—бір басшы» дегендей Темір де тез жолдастарымен жиналып, мыңдаған жылқыны айдап киік отарының ізіне түседі. Апталап жол жүріп, түтеген боранмен арпалыса Оңтүстіктің бір аймағына тұяқтары ілінеді. Әлі де киік үйірінің шұбырған ізі бітер емес. Бір күні шұбырған із қалың нудың ішіне алып кіреді. Күн де жадырап, жайылым да молая түседі.
Жылқышылар қостарын тігіп, апыл-ғұпыл дегендей семіз тайды сойып, былбырап піскен етті алдарына ала бергенде, жұпыны киінген бір әйел есікті ашып қарап тұрады. Үрпиісе қалған жылқышылар қапелімде тіл қатпайды. Темір әйелге: «кір!»—деп бұйырады. Келіншек қосқа кіріп, босағадан ары аспай отыра кетеді. Осы кезде Темір үшкір кездігімен қиялап ет турап жеп отыр еді. Жарты метр шамасындай кездігінің ұшына үлкен бөлек етті шаншып, келіншекке ұсынады. Келіншек киген киімнен қолын шығармай, етті алып, босағада отырып жейді де, тіл қатпастан қайта шығып кетеді.