«Бүркіттің күйі» (2-бөлім)
Күй аңыздары · 2 мин оқу
—Әй! әй! Кәрі жолдасым, қыраным, қилы құсым, кәкә!— деп екі қолын бүркітіне созғанда, қыран сәл тайып барып бір төбеге қонады. Тілей бүркітін үйіне әкеліп, аяғын емдеп сылап-сипап, ашуын басып, әбден сауықтырып, арада бірнеше айды өткізіп, арқар алдырайын деп аңға тағы да шығыпты. Бір төбеге шыққанда бүркіт тіленіп ұшып бір қыратты асып зымырап кеткен екен. Тілей артынан шауып жотаға шықса, сайдың басынан аузына дейін алты арқарды, тақыр шаптан бір-бір есіп тастап, біреуінің тамағынан сығып, басына қонып отырыпты. Қыранына бір кесек қызыл жұтқызып, томағасын кигізіп отырғызып қойып, өзі арқарларын бауыздап союға кіріскенде қыран тағы да ұшамын деп тіленіпті. Көкте бір айналып топшысын жазып, шабыттанып жадырап қайтсын деп томағасын тартып қоя беріп, өзі арқарларды союға кірісіп кеткен екен. Алты арқарды сою аз жұмыс па, кеш батып, көз байланыпты, бірақ қыраны қайта оралмапты. Кейде, Сарышегірдің Тілейден бұрын үйге барып алатын әдеті де болады екен. Үйге төте тартқан болуы керек деп қайтып келсе, құсы келмепті. Қайта атына міне шапқан Тілей, бір жотаға шығып, «кә-кәласа» ештеме көрінбепті. Бір заманда төменгі бір адам баспайтын шатқалдан жарық-жұрық еткен сағым, будақталған шаң шығыпты. Бүркіті келмегеніне алаң болып, түнімен көз ілмеген Тілей, ертесі ерте тұрып, әлгі жерге келсе, қалың бүргенді жапырып, құлдап кеткен ізге жолығады. Ізбен тағы да жүрсе, анадай да жарқыраған бір үлкен нәрсе жатады. Қараса айдаһар екен. Сарышегір айдаһарды басынан ұстаған екен. А дегенде оның көзін шоқып шығарып жіберіпті де, содан дәу айдаһар, дүниені талқан қылып осы жерге келгенде, төбесін тесіп жібергендіктен миы шашылып, өлген екен, Құстың тұла бойы жарақаттаныпты. Осыдан соң, Тілей қатты ауырып жатып қалыпты. Ауруының аужәйін түйген Тілей туыс-туған, көрші-қолаңдарын шақырып алып:
—Бұл аурудан жазылмаспын. Мен өлгеннен кейін Сарышегірімді қоя беріңдер. Енді оның бабын ешкім білмейді. Өзімді ауылдың батыс жағындағы жазыққа қойып, айнала қорған жасаңдар, күрең атымды да қоя беріп, жылыма сойып, ас беріңдер. Күрең ат сойылған күні, Сарышегір де келіп қалар. Күрең аттың бір жақ қазысын соған беріңдер!—деп өсиет қалдырыпты.
—Айтып айтпай, Тілей қайтыс болыпты. Жыл уағы толғанда, Тілейдің күрең атын асына сойып жатқанда, Сарышегір аспанда пайда болып, Тілейдің шаңырағын үш айналып, онан соң Тілейдің бейітіне келіп қонған екен. «Күрең аттың қазысын өзіміз жемей, алжыған бүркітке береміз бе» деп есер біреулер аттың жарым өкпесін лақтырып берген екен, Бүркіт өкпені іліп алып, ауылды бір айналып ұшып, қиян көкке самғап шығып кетіпті, бір уақытта, ысылдаған дауыс шығып, бүркіт оқтай заулаған беті өзін Тілейдің бейітіне бір-ақ ұрып, күл-талқан болған екен. Сөйтіп, Тілейдің Сары құсы өзімен бір қорғанда қалыпты. Міне, осы осы хикмет оқиға ел арасында аңыз болып таралып, күні бүгінге дейін сыбызғыдан аңырап, домбырадан төгіліп, «Бүркіт күйі» аталып келеді.