«Бүркіттің күйі» (1-бөлім)
Күй аңыздары · 3 мин оқу
Ертеде Алтай тауын мекендеген атақты құсбегі Тілей деген адам өткен. Өзіне әуелде жалғыз кері биесінен басқа мал бітпеген кедей адам болыпты. Міністен құлындамай жүрген сол биесі бір жылы ішті көрініпті. Иесі жануардын аман-есен құлындатып алайын деп желіні жетіле бастағанда, жылуатты шөптесін жерге қайырып қарап жүріпті. Бір күні ауа райы аяқ астынан бұзылып, кері биеден көз жазып қалыпты. Таба алмай дағдарған иесі таңертең ізімен қуалап келе жатса, биесі қалың тобылғы арасында құлындап, еркек күрең құлынды емізіп тұрыпты. Қуанышы қойнына сыймаған Тілекең биесін жетелеп енді қайтайын дей бергенде, бір құстың зәу теректің басынан пышақтаған дауысы естіліпті. Қараса, бір бүркіт отырады. Теректің түбіне барып кері биенің шуын берейін деп ағаш басына іліп көтерсе, бүркіт қималдамапты, тас лақтырса да, қозмалмапты. Анықтап қараса, қанатына қалың мұз қатып ұша алмағандай көрініпті. Бұл тәңірдің маған берген киелі құсы болмасын, ала кетіп, күрең құлынмен бірге мәпелеп бағайын деп, бүркітті ұстап алып, тонына орап, үйіне әкеліп бағады. Құсты үш жыл ұдайы бағып, күзде қайырып, түлкіге салса, үш жыл бойы түлкі алмай қойыпты. Құсбегі сонда да қоя беруге қимапты. Күрең құлынмен бірге бағып, бірге кәртейтейін, түлкі алмаса да, бағып қағайын деп баға береді.
Бір күні Тілейдің үйіне алыстан жолаушылап келе жатқан ақ сақалды бір адам келіп қонақ болады. Әңгіме үстінде әлгі адамға бүркіттің жағдайын баяндаған екен, жолаушы бүркіттің күміс құймалы томағасын тартып, жемсауын, тегеурінін, сан етін ұстап көріп:
—Сенің бұл құсың Нарынның сары шегірі екен. Мұның алдына құс өтпейді. Асқан қыран. Бірақ қазір құстың әлі екі түлеуі кем екен. Енді үш түлетіп, қар бір жауғанда аңға шық, көзіне не көрінсе, соны алар. Қыстай қынадай қырып алады да, ел жайлауға шыға құсты өз бетіне қоя бер. Күзде өзі қайтып келеді. Құсың нағыз жау жүректің өзі екен. Бұл түспейтін жан иесі болмайды. Сақ болмасаң, ашуы қайтпағанда адамға түсер. Құсты өлгеніңше қолыңнан шығарма. Күрең атты осы құсты алып жүруге мінсең болады. Бұл сенің шаңырағыңа қонған «бақыт құсы»,—дейді екен.
Жолаушының айтуы бойынша Тілей сары шегірдің басына күміс құймалы томаға кидіріп, үш қайырып, түлкіге салған екен. Көзіне көрінгенін құтқармайды. Жазда құсын суырдың етімен бағып семіртіп, түлетіп, күрең атына мініп, аңға шыққанда қасқыр, түлкі, арқар, құлжа дегендерді қырып салыпты. Сонымен Тілей тез байып, қорасына қой, өрісіне жылқы салыпты. Келер жылы ел жайлауға шыққанда, құсын қоя берсе, күзде қайтып келеді екен. Сөйтіп, Тілейдің сары құсы шаңырағына қонып кеткен үйге ырыздық еніп, дәулет бітіпті.
Бір күні Тілей құсын қолына қондырып, күрең атына мініп, қағушысын ойға тастап өзі бір биікке шыққан екен. Сарышегірі «қоя бер» деп тілепті. Томағасын тартқан бүркіт лақтырған зақпының тасындай зымырап көкке шығып, бір уақытта бір қыраттың астына қарай түйіліп оқша жөнеліпті. Артынан шауып жетсе, Сарышегір бір тайыншадай қасқырдың арланына түскен екен. Бұрын талай қасқырды алдырып жүрсе де, дәл мынадай жойқын көкжалды Тілей көрмепті. Сарышегір бір аяғымен таңнан алып, енді бір аяғымен кеуілжірін ноқталай ұстап, бүктеп астына басқанда, қасқырдың езуінен түйреп кірген бір тегеурінін қасқыр шайнап жіберген екен. Сонда долы қасқырды онан ары бүре түсіп, Тілейге де бермей, кеудесін тесіп жіберіп шыңғырта тартып қасқырдың өкпесін жұлып алады. Сонан соң бүркіт тік көтеріліп аспанға шығып көрінбей кетеді. Әдетте, иесі келгенде олжасын тастап, бір шетте отыратын Сарышегірдің мына мінезіне қайран қалған Тілей, екі көзін аспаннан алмай қарап тұрады. Таңырқайды. Бір заманда құс зеңгір көктен Тілейдің өзіне тіке қарай зымырайды. Бұрын қапысыз қыранның аяғын шайнатып алғанына ашуының басылмай келе жатқанын көрген Тілей әлгі жолаушының «ашуы қайтпаса, адам алар» деген сөзін есіне алып, қатты қауіптенеді. Зымыраған бүркітке құлақ түріп, көз тіге күрең аты кісінеп, жер тарпып шиыршық атады. Сонда: