«Əрбір шəкірт бір жұлдыз, жарқырауына жəрдем ет»

 

Абай атындағы Республикалық мамандырылған

дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін

тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының тәрбиешісі

Әшімжанова Әсел  Садатбекқызы

«Əрбір шəкірт бір жұлдыз, жарқырауына жəрдем ет»

      Бұл сөз – жалпы ұстаздар қауымының ұраны болу керек. Осылай болғанда ғана мектептен түлеп ұшқан жас түлек өмірдегі өз орнын тез таба алады. Иә, ұстаз атаулының шәкірттің өмірінде алатын орны ерекше. Өйткені бала мектеп табалдырығын аттағанда ең алғаш көретін адамы – осы ұстаз. Қолына қалам ұстатып, әріпті қосып оқуды да мұғалімнің өзі үйретеді. Баланың болмысын қалыптастырып, болашағына жол сілтеуде мұғалімнің еңбегі ұшан теңіз.Тіпті,ұстаз баланың болашақта кім болатынына тікелей әсер етеді, өзін тануы мен қалыптасуына да себепкер болады.

Бірінші сыныпқа барғанда барлық бала тұйық болады. Жаңа орта, «мектеп» атты жаңа әлем бастапқыда бала шәкіртке таңсық келеді. Ал осы әлемде оған қолдау көрсетіп, алға жетелететін – ұстаз ғана. Бастапқы төрт сыныпта оқушы білімнің не екенін, бақылау мен диктанттың қалай жазылатынын, көбейту кестесінің құдіретін түсінеді. Иә, алғашқы төрт жылда шәкірттің білім, тәрбие жолында негізі қаланады. Оны қалайтын да осы ұстаз. Байқадыңыз ба, біздің өміріміз тікелей ұстазға тәуелді, әрі байланысты. 6-7 сынып  —  оқушы үшін нағыз білім алатын кезең. Осы сәттен үздік шыққан шәкіртте білім жолында қиындық көп кездеспейді. Бұдан кейін баланың ашылып, үлкен өмірге аяқ басатын кезеңі де келеді. 9-сыныпта бала шәкірт жасөспірімге айналады. Міне, нағыз өмір енді басталды. Осы кезеңде баланың бойында болатын кез келген әрекет пен қарым-қатынасқа, жалпы болмысының қалыптасуына ұстаз тікелей әсер етеді. Осылайша ұстаз атаулы баланың әрбір жаңа қадамын қадағалаушы, оған бағыт-бағдар беруші бағдаршамына айналады. Тек білім жолында ғана емес, тәрбие де ұстаздан дариды.

Жоғарыда ұстаздың баланың өміріндегі рөлін айттық. Бұл тақырып аясында ұстаздың міндеттерін айтпай кеткеніміз жөн болмас. Ең алдымен, ұстаз психолог болуы керек. Баланың психотипін анықтап, оны психологиялық тұрғыда зерттеу – ұстаздың ең алғашқы міндеті.

Мұғалім – баға жетпес психолог. Жоғарыда да айтып өттік, ұстаз – шәкірттің жұлдызын жағуға тікелей себепші. Ал сол жұлдызды мұғалім психология арқылы жағатындай. Психология – адам болмысын зерттеу. Ұстаздың тікелей міндеті де сол шәкіртінің болмысын зерттеу, әрі зерделеу. Сол арқылы оқушыға бағыт-бағдар беріп, ой-санасының түпкіріне қозғау салу. «Ұстаз баланың жұлдызын қалай жағады?» —  деген сұрақтың ойға келуі заңды. Мұғалімнің өзі де осы сұрақты зерттеп жүріп, қаншама шәкіртін білім ұясынан түлеткен шығар. Осы сұрақтың жауабын іздеумен ұстаздық өмірінің бәрін өткізетін де шығар. Ұстаздың ұлылығы да осы.

Бала психологиясын меңгере білген ұстаз ғана оның болашағына әсер ете алады. Әсіресе мектепті бітірейін деп отырған түлектермен жұмыс өте үлкен табандылықты, білім мен білікті талап етеді. Өйткені баланың болашаққа жасаған алғашқы қадамы, алғашқы таңдауы дәл осы сәттен басталады. Оқушының әртүрлі ортада өскенін ескере отырып, оның бойындағы ерекше қабілетті ашу, өзіне ұнайтын істің, мамандығына айналуына ықпал ету ұстаздың міндеті. Ол үшін ұстаз баламен жеке-жеке жұмыс жасауы керек. Оған білім ала отырып, әртүрлі салада бақ сынауды үйрете білуі керек. Сонымен қатар, өзінің жанына жақын бағытты таңдауына ықпал ету де маңызды. Бірақ барлық бала дерлік мектеп жасынан бастап, мамандыққа бейімделіп өспейді. Сондықтан, ұстаздың тағы бір міндеттерінің бірі  — баланың бойындағы дарынын анықтау, оны ашуға ықпал ету. Негізінде, әр бала өзіндік дарынымен, ерекшелігімен өмірге келеді. Бірақ оның дарынын ашуға отбасындағы жағдай, психологиялық соққы, сыртқы орта ықпалын тигізуі мүмкін. Яғни, дарынсыз бала болмайды, тек оның жұлдызы, оның сәулесі бір бұрышта бұғып жатуы мүмкін. Сондықтан, ұстаз атаулы сол баланың дарынын ашуға күш жұмсау керек. Әр баланы жеке тұлға ретінде тәрбиелеу үшін оның бойындағы құндылықтарды аша білу маңызды. Баланың қоғамға қаншалықты маңызды екенін де ұғындыру қажет.

11 жылдық білімін ортаға салып, өзінің жүрек қалауын жасау, сүйікті мамандық таңдау түлектер үшін үлкен жауапкершілікті талап етеді. Үлкен өмірге қадам басқалы отырған әрбір жас болашағын бағдарлап, келешегінің кемел болуы үшін жанын салады. Дегенмен, ата-анасының қамқорлығын көріп, ұстаздарының мейіріміне бөленіп өскен оқушыға бұл оңай соқпасы анық.

Әрбір ұстаз оқушылармен жеке-жеке жұмыс жасап, олардың психологиясын зерттеп, педогогикалық тұрғыда оқушының қыр-сырын аша білсе, оған бағыт-бағдар сілтесе түлектеріміз мамандық таңдауға келгенде қателеспесі анық. Баламен жұмыс істеу барысында педогог бірнеше критерийлерді ескеруі қажет. Біріншіден, баланың бойындағы дарыны. Яғни, оқушының өнері, таланты, жүрек қалауы. Екіншіден, оның ішкі жай-күйі. Отбасындағы қарым-қатынас, достармен сөйлесуі, жан-жағындағыларға деген көзқарасы. Яғни, оқушының жанында жүрген адамдармен байланысы, оларды қабылдауы, өзін еркін сезінуі. Үшіншіден, баланың ішкі толғанысын сыртқа шығарып, ойын еркін жеткізе білуі, жүрек қалауын жанындағылармен бөлісіп, өзіндік позициясының болуы, оқушының ішкі демократиясы. Төртіншіден, арманы мен мақсаттарының тізбегі — өзін бірнеше жылдан кейін қалай елестететінін сұрау, қиялына қанат бітіріп, бірге армандау, бірге алдыға ұмтылу. Осы шарттарды ескере отырып, ұстаз оқушымен тікелей жұмыс жасайтын болса, онда оның болашағы айқын болары ақиқат. Сол кезде ғана оқушы мамандығын өз бетінше таңдап, жоспар құрып, алдын ала болжам жасап, еңбек етуге дайын маман болып шығады. Бала психологиясын жетік меңгерген ұстаз ғана шәкірт тәрбиелеу кезінде алдында отырған оқушының болашағына, әсіресе, мамандық таңдауына, жүрек таңдауын жасауына ықпал ете алады. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат. Өйткені, мұғалім — мектептің жүрегі», — дейді Ыбырай Алтынсарин. Сол себепті, мектептің жүрегіне айналған ұстаздар оқушының болашағына үлкен үмітпен қарауы керек.

Қазіргі таңда мамандық таңдауға арналған арнайы тесттер, жаттығулар, жобалар көбейіп келеді. Осындай психологиялық, логикалық, деңгейлік тапсырмаларды ұстаздар жетік меңгеріп, шәкірттеріне ұсына алатын болса, олар арнайы мамандардың көмегіне жүгінбес еді. Осы тұрғыда ұстаздардың біліктілігін арттырып, техникалық тұрғыдан сауаттарын қалыптастырып, тек білім ғана емес, психология тұрғысынан да жұмыс жасаулары керек. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, оны ұлттық болмыспен байланыстыра отырып, шәкіртіне білім берген, болашағына бағыт сілтеген ұстаздың оқушысы ертеңгі күні өзін биікке жетелейтін, мамандық майданында сүрінбейтін азамат болып қалыптасары анық.

Оқушының қалауын ескере отырып, мамандығына деген қызығушылығын арттыру, жастайынан өзі таңдаған салаға бейімдеу, мықты студент, білікті маман шығару ұстаздардың басты міндеті болып отыр. Өйткені елімізде қолына дипломын алып, басқа салаға кетіп қалып жатқан жастардың қатары көбейіп келеді. Осыны ескере отырып, ұстаздар балаларды тура жолға бағыттауы тиіс. «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады», — деп тегін айтпаса керек-ті.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *