ТӘРБИЕНІҢ ЕҢ ТАМАША МЕКТЕБІ – ОТБАСЫ

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған

дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін

тереңдете оқытатын орта мектеп интернатының мұғалімі

Каленова Клара

 

ТӘРБИЕНІҢ ЕҢ ТАМАША МЕКТЕБІ – ОТБАСЫ

 

Тәрбиенің бастауы – отбасы.  Тұлғаның дамуына, рухани күш алуына, өмірде дұрыс тұлға болып қалыптасуына тәрбиенің берер маңызы жоғары. Қазіргі таңда тәрбиені қоғамнан, теледидардан, рухани азық беретін кітаптан, білімнен алып жатырмыз дейміз. Алайда біздің тәрбиеміздің негізгі фундаментін отбасы құрайды. Ең алғаш көзіңді ашқан кезде, ата-анаңды көресің, олардың іс-әрекеттерін көре бастайсың, ата-анаңа еліктейсің, бала үшін ата-ана мінсіз адам көрінеді.

Отбасы – шағын мемлекет. Мемлекеттің бірлігі халыққа байланысты болғанындай, отбасының да бірлігі  отбасы мүшелерінің қолында. Отбасының мықты, әрі мығым болуы, отбасы мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасының жақсы болуында. Мемлекетті құраушы, әр адамның өзінің қызметі мен міндеті болатындай, отбасы мүшелерінің де, өзіндік міндет, мақсаттары, өзіндік жауапкершіліктері болады. Бұл отбасының мығым,  бірлігі жақсы, ынтымақты, берекелі болуына жағдай туғызады. Ал мұндай отбасыда тәрбиеленген бала тәрбиелі болмауы мүмкін емес. Қазақтың атақты ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер»- дегені бар [1]. Міне, осы сөзден-ақ, біз отбасының  бекем болуына, отбасы құрған жас жұбайлардың бір-біріне деген сыйластықтары мен әркім өз міндеттерін дұрыс біліп, жауапкершілікті сезінуінде деп білеміз.

Жанұя – бала үшін ең алғаш аттайтын мектебі, ең алғашқы аттайтын баспалдағы. Баланың ары қарайғы болашағы сол баспалдаққа байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ бекер айтпаса керек. Үлкен мектептің бастауы осы бір кішкене мектепте. Баланың ең алғашқы айтқан сөзі, көрген іс-әрекеті, ата-анасының арасындағы махаббат, барлығы дерлік баланың санасына, тәрбиесіне айтарлықтай үлкен ықпалын тигізері хақ. Бала анасының жатырында жатқан кезде-ақ, барлығын сезеді. Ақыл-есі әлі толық қалыптасып үлгермесе де, баланың сезім мүшесі, анасының көңіл-күйін сезіп жатады. Сондықтан баланы тәрбиелеу үшін, оны жатырда жатқаннан бастап тәрбиелеген дұрыс деп есептейміз.

Иә, ата-ананың отбасы деген шағын мемлекетте өзіндік міндет пен жауапкершіліктері бар дедік. Ендігі кезекте, сол отбасы мүшелерінің негізгі міндеттеріне тоқталып өтсек, отбасы құрған кезде, ең бірінші басшы ол ер адам, ал сол ер адамға бағыт-бағдар беріп, өзінің көрегендігімен жол нұсқап отыратын, ол – әйел адам, яғни ана. Балаға тәрбие бергенде бір жақты ғана ананың немесе әкенің тәрбиесі жеткіліксіз болар. Тәрбие бергенде екі жақтан тәрбие беру, ананың кім, әкенің кім екенін сездірту маңызды. Бұл ретте, ата-ананың махаббаты мен өздерін қалай ұстайтындықтарын көрген бала, оларға еліктей бастайды. В.А.Сухомлинский: «Тек қана ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін», – дегендей мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі үшін тек ата-анамен бірігіп жұмыс істеу керек екенін ескерткен [1]. Міне, осыдан-ақ отбасының берген тәрбиесін, тіпті, мектеп ұстаздары да бере алмайтынын көре аламыз.

Отбасында тұлғаны тәрбиелеу төмендегі бағыттар бойынша жүзеге асады:

  • Балалар ес білгеннен бастап, сыйластықты үйренеді. Қарт кісілерді сыйлау, үлкен адамдарды сыйлау сынды асыл қасиеттерді үйренеді. Бұл отбасы мүшелеренің, соның ішінде, ата-анасының көмегімен жүзеге асады. Яғни, ата-ананың өзінің үлкен кісілерді сыйлауына байланысты, ата-ананың балаға үлгі-өнеге көрсетуі.
  • Ата-ана балаға, отбасы мүшелерінің барлығын сыйлауға, бір-біріне

қамқор болып, бауырмашылық таныту қажеттігін түсіндіреді. Қаншалықты бауырмашыл, қамқор болу керектігін балаларға ұғындырады.

  • Балаларды өздігінше еңбектенуге, кішкене кезінен еңбекке баулуға, еңбекқор болып өсуге өз септіктерін тигізеді.
  • Баланың бойындағы дарынын шыңдап, өнерге, білімге, құлшыныстарын арттырып, баланың өзіндік дамуына көмектеседі [2].

Қазақ отбасында тұлға тәрбиелеуге тек ата-ананың ғана емес, сонымен қоса, ата-әженің, аға мен әпкенің, отбасы мүшелерінің барлығы дерлік қатысады. Көпті көрген ата мен әже баланың бойына барлық ізгі амалдарды, көркем мінезді дарытады. Бұған дәлел, қазақтың бас ақыны аталып кеткен Абай Құнанбайұлының көреген әжесі, Зере әжесінен тәлім-тәрбие алғаны. Әжесінің екі тізесіне басып қойып отырып, қазақтың ертегілері мен халық ауыз әдебиетімен сусындап өскен баланың атақты ақын болып шыққаны отбасы деген шағын мемлекетте ата мен әженің орнының бөлек екендігін дәлелдейді.  Тәрбиенің негізгі құралы, көреген көнекөз қарт қарияларымызда деп білуімізге болады.

Сөз соңында, отбасы – мемлекеттің кішкене бір бөлшегі, тәрбиенің бастауы. Отбасындағы әр адамның тұлға тәрбиелеуге үлкен жауапкершіліктері мен мақсат-міндеттері бар. Отбасы мүшелерінің  арасындағы бірлік, ынтымақ – тәрбиенің негізгі көзі. Салиқалы, салмақты ұрпақ тәрбиелеу үшін, отбасының берекесінің, бірлігінің мықты болуы, әкенің әке деген атқа лайық болуы, ананың ана деген атқа лайық болуы, ата-мен әженің көреген болуы тәрбиенің басты қайнар көзі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Тәрбиенің ең тамаша мектебі отбасы //https://ziatker.kz/docx/tarbiening_eng_tamasa_mektebi__otbasy_bayandama_29026.html

Салекенова А.Б.Отбасы тәрбиесінің негізі. –Орал. 2

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *