Ыбырай Алтынсарин – Кел, балалар, оқылық!
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Істің болар қайыры
Бастасаңыз Аллалап,
Оқымаған жүреді
Қараңғыны қармалап.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Мал дәулеттің байлығы
Бір жұтсаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы
Күннен-күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Сиса көйлек үстіңде
Тоқуменен табылған.
Сауысқанның тамағы
Шоқуменен табылған.
Өнер-білім бәрі де
Оқуменен табылған.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Надандықтың белгісі —
Еш ақылға жарымас.
Жайылып жүрген айуандай
Ақ, қараны танымас.
Аяңшыл ат арымас,
Білім деген қарымас.
Жөн білмеген наданға
Қыдыр-ата дарымас.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Оқу деген шыны-ды,
Тұрған сайын шыныққан…
Оқу білген адамдар
Май тамызған қылыштан…
Білмегенді білуге
Есті бала тырысқан,
Есер бала ұрысқан.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Әлпештеген ата-ене
Қартаятын күн болар.
Қартайғанда жабығып,
Мал таятын күн болар.
Ата-енең қартайса —
Тіреу болар бұл оқу.
Қартайғанда мал тайса —
Сүйеу болар бұл оқу!
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Оқу білген таниды
Бір жаратқан құдайды,
Танымаған құдайды
Неғылғанда ұнайды…
Шырағым адам болғай деп,
Ата-енең жылайды.
Баладан қайыр болмаса,
Баланы неге сұрайды?!
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Ахмет Байтұрсынұлы – Оқуға шақыру
Балалар!
Оқуға бар!
Жатпа қарап!
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жылтырап.
Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,
Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:
Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,
Барады аралар да ұшып балға.
Күн ашық, тоғайлар шат, ың-жың орман,
Оянып жан-мақұлық түнде қонған,
Шығады тоқылдақтың тоқ-тоқ даусы,
Сайрағы сарғалдақтың сыңғырлаған.
Өзенде балықшылар ау қарап жүр,
Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған.
Аллалап, ал кітапты қолдарыңа!
Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған.
Ыбырай Алтынсарин – Өнер-білім бар жұрттар
Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды,
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді.
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай.
Білгендерге осылар
Бәрі-дағы анықтай,
Білмегенге танықтай.
Біз де бекер жатпалық,
Осыларға таныспай.
Ат өнері білінбес
Бәйгеге түсіп жарыспай.
Желкілдеп шыққан көк шөптей
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз, қалыспай!
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
«Өнер – жігіт көркі» деп
Ескермедік мақалды…
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды.
Абай Құнанбайұлы – Ғылым таппай мақтанба
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол –
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,
Оны ойға жисаңыз,
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса мейлі, сол айтты –
Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп көзіне көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.
Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл — мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап құлаққа іл.
Ақмақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі бұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме,
Сізге айтамын, қаупім — бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі — тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған — білген құл,
Ғұламаһи Дауани
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл — гүл.
Сұлтанмахмұт Торайғыров – Шәкірт ойы
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?
Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін!
Еңбек, бейнет тарауы
Рақатқа сарқылар.
Қыздырып күннің қарауы
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер.
Тұрмыс, тағдыр — бірі де
Бұл мақсаттан бұра алмас;
Қаһарман, Рүстем, Әлі де
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Сыланған жардың күлісі,
Алдандырмас бірісі.
Сұлтанмахмұт Торайғыров – Оқу
Бүгіндегі жастарға оқу міндет,
Тек қана оқуменен өнер білмек,
Өнер-білім, адалдық, ар-намысты
Жоятын надандық қой емсіз індет.
Бар қиынды тек қана ғылым жеңбек,
Оқыса басқа елдердей қатарға енбек.
Білімге ел боп аңсап құмарланса,
Жетілмек аз-ақ жылда жоғары өрлеп.
Көрші елдер өнерсізді қорлап күлмек,
Оқу мен бірлік болса, көзіне ілмек.
Қараңғы Қарынбайдай надан болсаң,
Байлығыңа иелік бермес күндеп.
Өнерлі ел бар мұқтажын жерден ембек.
Өнермен техникалы жұмсап еңбек.
«А, құдай, өзі бер»ден түк шықпайды,
Талаптанып, талпынсаң сонда бермек.
Алдыңғы ел малға емес, жерге сенбек,
Бар мұқтажы адамның жерден өнбек.
Басқаға малайлыққа жеккен күшті
Жұмсасақ өзің үшін шындап терлеп.
Өнерге сай боп келсін бірлік, ерлік,
Сонда ғана аларсың сен де теңдік.
Надандықтан екенін білесіз бе,
Көрінгенге болғаның семіз жемдік.
Ел болуға алдымен білім тірек,
Бір сөзді, бір ауызды намыс керек.
Жалғыз ғана оқумен теңелмейсің,
Алты ауыз-азғын болсаң қоян жүрек.
Қажырлы ел жаннан арын артық көрмек,
Өнерге ұмтылатын аңсап-шөлдеп.
Қорғайды елін, жерін қаныменен,
Болмайды жаннан қорқып басын имек.
Наданды әркім жейді нандай илеп,
Жыртқыш ілген үйректей тірі жүндеп.
Өгей бала секілді тесік өкпе
Жалғанда теңдік көрмей жаны күймек.
«Ел» дейтін адал басшы әзір сирек.
Көпшілігі табансыз, қорқақ күйрек.
Елі үшін құрбанға шалса разы
Кім бар еді ту ұстаған елін сүйреп?!
Төре көрсе жалаң бас шұлғып, билеп,
Бәйек боп әулиедей ізін сүймек.
Елге келсе, өтірік мақтанатын:
«Қорқайын ба, ұлыққа айттым сөйдеп».
Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,
«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өшірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек!
Сұлтанмахмұт Торайғыров – Оқып жүрген жастарға
Үмітпенен жоқ қуған
Талабы алда баламыз.
Басқалар жоғын тапқанда,
Біздер қайтіп қаламыз.
Тәуекелге бел бусақ,
Көрдегіні аламыз.
Жеткізбей кетер жүйрік жоқ,
Қусақ бәрін шаламыз.
Іс істейік бір болып,
Ашылмасын саламыз.
Сұмдар салған жүректе
Аз ба біздің жарамыз?
Тепкісінде басқаның,
Қор боп жүдеп барамыз.
Көріне көзге азапта
Мәңгі қайтіп қаламыз?
Ойыңды енді азат қыл,
Қалсын былай балалық.
Абай Құнанбайұлы – Әсемпаз болма әрнеге
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа,
Алдың — жалын, артың — мұз,
Барар едің қай жаққа?
Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйгі алма.
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға.
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса;
Күнді уақыт қызартып,
Көкжиектен асырса;
Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа,
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа.
Өткен өмір — қу соқпақ,
Қыдырады, талайды.
Кім алдады, кім тоқпақ
Салды, соны санайды.
Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып-ап,
Себеді сорлы жүрекке.
Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой.
Өкінді, жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой.
Ермен шықты, ит қылып,
Бидай шашқан егінге.
Жай жүргенді уерд қылып,
Тыныш өлсеңші тегінде.
Мағжан Жұмабаев – Мен жастарға сенемін
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегені көк аспан.
Мен жастарға сенемін!
Жұмсақ мінез жібектер.
Сүттей таза жүректер.
Қасиетті тілектер –
Мен жастарға сенемін!
Тау суындай гүрілдер,
Айбынды Алаш елім дер,
Алтын Арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күшті оларда,
Мен жастарға сенемін!
Алаш айбынды ұраны,
Қасиетті Құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!
Мен сенемін жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!
Шәкәрім Құдайбердіұлы – Адамдық борышың
Адамдық борышың —
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз, өнерсіз
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшін,
Нәпсіңе билетпе
Басыңның бағы үшін.
Өміріңді сарп қыл
Өлгеніңше,
Жоба тап,
Жол көрсет
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайырылып
Қауымға келмейсің,
Барыңды,
Нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң —
Шын бақыт,
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!
Міржақып Дулатұлы – Жастарға
Найзаменен түртсе де,
Жатырмын, қазақ, оянбай.
Мұнша қалың ұйқыны
Бердің бізге, ой, Алла-ай!
Бар ма екен біздей ғафыл жұрт,
Атырафқа көз салсақ.
Көзі іскенше ұйқыға
Келе жатқан тоя алмай?
Етемін үміт жастардан,
Жаңа гүл шашқан бақшадай.
Мұрадын оңай кім табар,
Жар салып жұртқа қақсамай?
Халыққа, жастар, басшы бол!
Қараңғыда жетектеп.
Терең судан өтер ме,
Мың қойды серке бастамай?
