Колледж студенттерінің кәсіби құзіреттілік сапаларын қалыптастырудың педагогикалық негіздері

 Колледж студенттерінің кәсіби құзіреттілік сапаларын

қалыптастырудың педагогикалық негіздері

Сарсекова Гульжан Кусмановна

«М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК
           

Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» – деп атап көрсетілген.

            Елбасының Жолдауындағы басым­дық берілген міндеттердің бірі де осы адами капитал сапасын жақсарту болып отыр. Бұдан біз білім саласы­ның басты назарда екенін көре аламыз. Елдің болашағы жастар десек, оларды мектеп қабырғасынан сауатты, білімді етіп тәрбиелеу қашанда ұстаздар қауымына жүктелетін жауапты міндет[1].

Бүгінгі күні білім беру жүйесі түбегейлі жаңаша ойлауға негізделген іргелі реформалар кезеңіне қадам басты.

Дүниежүзілік экономикалық форум XXI ғасырдағы табысты адамның білімі мен іскерлігінің 16 түрін атап көрсетті. Олар:

  • командадағы жұмыс дағдылары;
  • көшбасшылық қасиет;
  • бастамашылық;
  • IT-құзыреттілік;
  • қаржылық және азаматтық сауаттылық және т.б.

2015 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Білім беру саясаты  комитеті «Білім мен дағдылардың болашағы: Білім беру-2030» атты жаңа жобаны іске асыруды бастады.

ЭЫДҰ әлемнің бұрын белгісіз жаһандық сын-қатерлермен көбірек бетпе-бет келіп отырғанын, барынша тартысты және осал болып келетінін негізге алады.

XVII (он жетінші) ғасырдағы адамның бүкіл өмірі бойындағы алған ақпаратты қазіргі заманғы адам 1 айда ғана алады және өңдейді. Әлемде ақпарат әрбір екі жыл сайын екі еселенеді, бұл оны қарапайым жаттаудың мүмкін еместігін және пайдасыз екендігін көрсетеді.

Мұндай жағдайларда білім алушыны өмір сүруге дайындау үшін академиялық білім, функционалдық дағдылар, жеке тұлғалық қарым-қатынастар мен құзыреттіліктер жеткіліксіз. Мүлдем жаңа сапа – метабілімділік, метақұзыреттілік қажет.

Озық экономика білім беру мақсаттарын «білетін адамнан» «шығармашылықпен ойлайтын, әрекет ететін, өзін-өзі дамытатын адамға» ауыстыруды талап етеді.

Сондықтан XX ғасырдың 80-ші жылдары әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері білімді орталыққа дәлдеуден – практикалық-бағдарланған  білім беруге бет алды [2].

            Техникалық және кәсіптік білім берудің мақсаты: қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу, педагог мамандығының беделін көтеру, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

            Білім беру жүйесіндегі жаңа білім парадигмасы білім, білік, дағды жиынтығын толық меңгерген, қоғам өміріне белсене араласатын, шығармашылықпен ойлайтын, өзін-өзі көрсете алатын, өздігінен ақпаратты іздеп, талдайтын және оны дамытуға қабілетті, кәсіби құзыретті, функционалды сауатты жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

            Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер, республиканың әлемдік деңгейде білім беру жүйесіне жетуде жасаған қадамдары осы кезге дейін педагогика теориясы мен практикасында бекітілген білім беру парадигмаларын, жүйелерін, әдістерін, формаларын жетілдіру талабын қойды. Білім берудегі жаңа басымдықтар – ізгіліктік педагогика, студенттердің тұлғалық әлеуетін анықтау және дамыту, әлеуметтік үдерістер мен тұлғааралық қарым-қатынастарды ұйымдастырудың ерекше формасы ретінде танылатын оқыту үдерісінің тиімділігін арттыру болып отыр.

            Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі білім беру мен тәрбие жұмыстарының талапқа сай жетілдірілуі студенттердің болашақ кәсіби құзыретті маман болып қалыптасуына зор ықпал етеді.

            Қазіргі таңда білікті маман даярлаушы техникалық және кәсіптік білім жүйесінде бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру үшін, алдымен маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру керек деген әр түрлі пікірлер жиі айтылуда.

            Құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ кәсіби маманның – қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ [3].

            Құзыреттілік бірінші орынға білімалушының ақпаратты сауаттылығын емес, оның мәселені дұрыс шеше білу қасиетін қояды. Егер болашақ педагогтың құзіреттілігінің қалыптасуын орта кәсіби білім беру жүйесінің аумағында қарастырсақ, онда білім, білік, дағды мүмкіншілігі, яғни бір сөзбен педагогикалық қызметке жаңа сипаттағы мамандарды қажет етеді.

            Кәсіби құзіреттіліктерді меңгеруде болашақ мамандардың теориялық білімін тереңдетумен қоса шеберліктің жиынтығын, яғни, кәсіби қызметті орындау әдістеріне үйрену аса маңызды болмақ. Болашақ мамандардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастыруда төмендегі мәселелерге: кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудың тиімді жолдарын айқындай алуға, іс-әрекетті ұйымдастыруға қызығушылықтарының басым болуына; қажеттіліктері, белсенділіктері, ізденістері мен білім берудің әдістемесін толық меңгеруі; білім, білік, дағдылардың дәрежесіне сәйкес болуын қадағалай білуі; мектепте берілетін білім мазмұнын жаңарту мәселесіне қатысты теориялық, әдістемелік дайындығының жеткілікті деңгейде болуы; мақсатқа жетуге байланысты тиімді жолдарды таңдай алуы; ұсынылған жаңа білім мазмұнын игеруі және оны эмоционалдық көңіл күймен қабылдауы; оқушылармен жүргізілетін оқу-тәрбие үдерісінің міндеттерін жүзеге асыра алуы, талдау жасауы, түзету жұмыстарын жүргізе білуге ықпал ете алуы; шығармашылықпен болжам жасай білуі мен нәтижеге жетуге ұмтылысының болуына баса назар аударуы қажет.

            Сонымен педагог-психолог, ғалымдардың пікірі бойынша еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, кәсіби оңтайлы маманнның бойында белгілі бір құзіреттіліктер қалыптасуы қажет:

  • бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б);
  • мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);
  • оқу-танымдық құзіреттілік(өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);
  • коммуникативтік құзіреттілік (адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);
  • ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);
  • әлеуметтік-еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);
  • тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті) [5].

            Студенттердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру мынадай әдістер көмегімен айқындалады:

1) арнайы өз бетімен орындауға арналған тапсырмалар жүйесі;

2) жобалау әдісі;

3) шағын топтағы диалогтық, проблемалық жағдаяттар.

            Педагогикалық мақсатқа жету үшін оқу үдерісінде барынша белсенді оқыту әдістерінің маңызы зор болып табылады. Бұл әдістер тобын оқу үдерісінде қолдану маңызды, өйткені мұндағы оқу өзара әрекеттесудің дидактикалық шарты ретінде және білім алушының тұлғалық өсуі мен әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді. Сондай әдістердің бірнешеуіне тоқтала кетсем.

            Сократтық әдіс. Сократтық әдіс ерекшелігі – әдіс қарапайым өмірлік ситуациялар негізінде құрылады. Шындықты бірлесе іздеу – білім берудегі ең басты тәсіл. Сократтың оқушылармен әңгімесі дәстүрлі тақырыптардан басталған. Диалогты өрістете отырып, оны құрамдас бөліктерге ажырата отырып, оның әрбір талқылау тармақшасынан жаңа сұрақтар тудырып, өзімен бірге ойлануға дайын адамдардың ойын шындықты іздестірудің қиын жолына апарған. Ойдың туындауына көмектесе отырып, Сократ бірде бір көзқарасты назарынан тыс қалдырмаған, алдын ала ешбір көзқарасқа жақтаспай, әңгімелесушілерді өзін-өзі жоққа шығаруға қатыстырған, осылайша, беделге емес, тек дәйектерге сенуге үйреткен. Сократтың пайымдауынша, педагог ештеңені қалыптастыру керек емес, ол басқа адамдарда даналықтың туындауына жағдай жасауы керек.

            Топтық жұмыс. Топтық жұмыстың мәні – бірлескен жұмыс барысында қойылған міндетті шешу (оқу, т.б.), топ мүшелеріне қолдау көрсету. Студенттердің тұлғалық әлеуетіне негізделетін, диалог құру, білім беруде өзара әрекеттесудің ерекшеліктерін ескере отырып бейімделген оқыту түрі болып табылады. Диалог білім беру үдерісін тұлғалық деңгейге көтеріп және оның осы деңгейде жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Топтық тапсырмалар сыныпта ынтымақтастықты қарым-қатынас орнатуға, шығармашылықпен жұмыс жасауға, тақырыпты өмірмен байланыстыруға мүмкіндік туғызады.

            Пікірталас – студенттердің аудиторияда немесе ағын топтарда нақты бір өміршеңді проблема бойынша өзіндік көзқарастары мен пікірлерімен алмасып, оларды дәлелдеп, өзге позициялармен толықтыру әрекеттері.

            Пікірталас механизмінің арқасында адам эгоцентрикалық ойлаудан тысқара кетіп, өзгенің көзқарасын қабылдауға үйренеді. Пікірталастың объектісі болып тек арнайы қойылған мәселелер ғана емес, сонымен бірге өмірдегі жағдаят және қатысушылардың тұлғааралық қарым-қатынасы бола алады. Топтық талқылау әдісі әр қатысушының өзіндік көзқарасының қалыптасуына, белсенділігінің, сондай-ақ коммуникативтік сапалар мен іскерліктердің дамуына әсер етеді. Талқылау кезінде шешендік біліктердің қажеттілігі туындайды. Талқылау кезінде қарастырылған материалдың есте сақталу деңгейі жоғары екені дәлелденген [4].

            Оқытушы ретіндегі  мақсатым – оқытудың барлық компоненттерін пайдалана отырып, студентке педагогикалық  деңгейде терең білім беру. Білімалушы белгілі мәліметті қабылдаушы ғана емес, сонымен бірге терең ой иесі. Ол дербес ойланып, дәлелдер келтіруіне сабақ барысында түрлі әдістер арқылы қолайлы жағдай жасауға тырысамын.

            0105000- «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша оқитын студенттерге жаңа педагогикалық технологиялар пәнін ұйымдастыруда интербелсенді әдістерді қолданамын. Атап айтсам, сабақты ұйымдастыруда жағымды писхологиялық орта орнату (биопоэма, болжау, ой қозғау, ізгі-тілектер),  қызығушылығын арттыру үшін қызықты жұмбақты сұрақтар, проблемалық сұрақтар  қою (мотивация, ұмытылыс тудыру), ұжыммен жұмыс жүргізу (психологиялық ойсергектер, кестелер толтыру) т.б. әдістер білімалушылардың  қызығушылығын арттырып, өз бетімен ізденіп, ой қорытуға шақырады. 

            Үй тапсырмасын сұрауда «Әріптестер», «Конверт-сұрақ», «Бір сөйлем» әдістері, рөлдік ойындар, постер, идеялар матрицасын құру т.б. әдістерді қолдану студенттердің пәнге деген қызығушылықтарын арттырып, тапсырманы өз бетімен орындап, әрі қарай жұмыс істеуге өзіндік жігерлігін арттырады.

            Жаңа сабақты бекітуде өзіндік жұмыс ретінде  тақырыпты зерттей отырып,  жобалар жасаңыз, педагогикалық технологиялардың маңызы мен тиімділігін дәлелдеңіз, педагогикалық технологиялардың туындау себептері туралы өз ойыңызды айтыңыз, басқа топ студенттерімен бір тақырып бойынша сұхбат жүргізіп, диктафонға жазыңыз және сараптама жасаңыз, баспасөз беттерінен технология авторы туралы мәлімет жинаңыз, технологияның күшті жақтары мен әлсіз жақтарын атап, оларға сипаттама беріңіз т.б. тапсырмалар беремін.

            Нәтижесінде студенттің білім деңгейі түсінуден басталады да алған білімін қолданып, қорытындылауға дейін жоғарылайды. Қабылдаған жаңа ақпаратты саралап, мәселені өзі шеше алуға мүмкіндік болады. Сондай-ақ, коммуникативтік, ақпараттық,  мәселенің шешімін табу құзыреттілігі қалыптасып, қарым-қатынаста өзгені ұғыну мүмкіншіліктері артады, өздігінен ізденіп ой қорытуға деген қызығушылықтары оянады, әр түрлі педагогикалық жағдаяаттарды талдау мен оны іс-әжірибеде қолдану іскерліктерін меңгереді.

            Сонымен, кәсіби құзыреттілік дегеніміз ең алдымен студенттің функционалдық сауаттылығы мен кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Студент қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыратын, кәсіби білімді, жаңа технологияларды меңгерген, ортамен қарым-қатынасқа тез бейімделе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол, т.б. қасиеттерді жинақтағанда ғана кәсіби құзыретті маман бола алады.

            Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаз қолында» -деген еді. Ендеше туған тілін, елін, жерін сүйетін, өз ойын еркін жеткізе алатын, бәсекеге қабілетті, құзыретті маман тәрбиелеу – қазіргі заман талабы.    

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкін­дік­тері» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Астана.-10 қаңтар 2018 ж.
  2. 2017-2018 оқу жылында ҚР жалпы орта білім беретін ұйымдарда оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы. Әдістемелік нұсқау хат. Астана. 2017.
  3. Әлімов А. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері.-Алматы, 2013.-334б.
  4. Құрманалина Ш.Х., Мұқанова Б.Ж. Педагогика.-Астана, 2014.-12-б.
  5. Омарова Л.Т. Студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастырудың педагогикалық шарттары.- Алматы, -2007.-23-27 б.б.

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *