«Ұлттық валюта-төл теңге»

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған

дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін

тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының тәрбиешісі

Иманкулова Қуаныш Әбдімәлікқызы

 

«Ұлттық валюта-төл теңге»

 

Тәрбие сағатының мақсаты:

  1. Оқушыларды тәуелсіз еліміздің еі бірінші айрықша белгісі теңгемен таныстыру, төл теңгеміздің шығу тарихы, айналымға ену кезі туралы мағлұматтар беру.
  2. Қазіргі нарықтық экономика жағжайындағы іс-әрекеттерді реттеуге үйрету; экономикалық терминдермен таныстыру, өз бетімен жұмыс істеуге дағдыландыру.
  3. Оқушылардың бойына елімізге ыстық сүйіспеншілікті, мақтанышты сіңірту, үнемділікке, барды қадірлеуге баулу, ақпараттық жүйелерді пайдалануды үйрету, тілді құрметтеуге баулу.

 

Сабақтың барысы:

Мұғалімнің кіріспе сөзі:Тәуелсіздік алған елдің ең бірінші айрықша белігісі – ұлттық валюта. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ақша – асыл қазына, халық байлығы. Халқымыз теңгені бұрын да пайдаланған. Ерте замандарда теңгелерді Түркістан, Тараз қалаларындағы арнаулы шеберханаларда жасалған. Теңге өмірге оңайлықпен келген жоқ. Елбасымыз өз теңгемізді шығаруға қаржыгерлерге тапсырма берді. Ұлттық валютамыздың өз дизайні, өз идеясы болуы керектігін қатаң тапсырылды. Қазақстан аймағында ерте кезеңде қандай ақша болғанын, тарихта бұл жөнінде қандай деректер бары іздестірілді. Ұлттық валютамыз теңгені жасап шығаруға байланысты жұмыстар жүргізілді. Бірнеше эскиздер жасалып, ішіндегі «мықтылары» Елбасының таңдауына берілді. Елбасының берген тапсырмасына сәйкес ұлттық валюта 1993 жылы 12 қарашадағы жарлығымен  15 қараша күні тағертеңгі сағат 8:00 – ден бастап енгізіліп, елдің қолына тиді. Олай болса, бүгінгі тәрбие сағатымыз «Ұлттық валюта – төл теңге» тақырыбына арналады.

 

Жүргізуші:

 

Түні нұрлы, ақ таңы,

Жері гүлдей бақтағы.

Ел ырысы – тайқазан,

Төл теңгеміз қақпағы.

Қазанымыз толығып,

Болсын дәйім жолы құт!

«Ел тірегі – төл теңге!»

Деп  құрметтер оны жұрт

 

Қайырлы күн,  құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі 8 «Б» сыныбының «Ұлттық валюта – төл теңге» атты тәрбие сағатына  қош келдіңіздер!Ендігі кезекте ұлттық  валютамыздың шығу тарихына назар аударсақ.

Бақбергенов Арнұр:Биыл теңгеміздің айналымға шыққанына 27 жыл болды. Қазақ теңгесі Англияда басылды.Теңгенің 16-ға жуық құпия қорғанысы белгісі бар. Ұлттық валютамыздың дизайнын жасаушы авторлық топтың жетекшісі Тимур Сүлейменов болды.Теңге – біздің дербес ел болғанымыздың белгісі.

Серік Инаят:Енді теңге туралы әңгімелейік. Алдыңғы шыққан Ұлттық теңгеміздің шеттері қазақтың ою-өрнектермен безендірілген. Бірінші бетінде қазақ халқының әйгілі ұлы тұлғаларының бейнелері басылады. Екінші бетінде ою-өрнектер, табиғат көріністері бейнеленіп, елтаңбамыз салынған.Одан кейін жаңа айналысқа шыққан ақша мынандай болып өзгерді. Теңгенің орталық бөлігінде «Астана-Байтерек» монументі бейнеленген. Қазақстан Республикасының Мемлкеттік әнұраны ноталарының фрагменті ақ түспен безендірілген.

Нүсібәлиев Біржан:Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы жасыл түспен бейнеленген. Жоғары оң жақ бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы бейнеленген. Банкноттың төменгі жағында ашық алақан бейнеленген. Бұл бейбітшіліктің белгісін білдіреді. Негізгі бейнесі Қазақстан картасының контуры, алдыңғы жағында ҚР көлік және коммуникация министірлігінің үйі және Астанада Есіл өзені арқылы көпірде орнатылған қанатты барыстың суреті салынған.

Мұхтар Еңлік:1993 жылы қарашаның 12-сі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстаан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. Арада үш күн өткен соң, 15 қараша күні тәуелсіз Қазақстан Республткасының өз валютасы қаржы нарығында айналымға енгізілді

Ордин Мағжан:Ұлттық Банктің мұражайы туралы. Қазақстандық валютаны жасау тарихын болашақ ұрпаққа сақтап қалу мақсатында 1997 жылы 13 қарашада Ұлттық Банктің мұражайы ашылды.Бүгінгі күні ұлттық валютамыз Орта Азиядағы тұрақты валюталардың біріне айналуда.

 

Жүргізуші: Ұлттық валютамызға арнап сыныбымыздың белсенді оқушысы Айнараның видеоролигіне назар салыңыздар!

Жүргізуші:Сыныбымыздың ақын жанды оқушылары Аскен Шаймерден мен Мұраталиева Айғаным өз шығармашылықтарынан ұлттық теңгемізге арнап шығарған өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз!

 

 

Аскен Шаймерден:

Алтыннан да асып түсер асылым,

Доллардан да керемет қой жасылым.

Тоқсан үштің күзі еді, қарашасы қызарған,

Англия деген елінде, басталды алғаш басылым.

Тәуелсіздік алған соң белдерін қысым буанды,

Валютаны шығарды, қызыл-жасыл, жуанды.

Осыдан бастап әр қазақ төбесі көкке жеткендей,

Теңгем бар деп мақтанып, жар салып бір қуанды.

Ал қазіргі теңгеміздің құны төмен болса да,

Талай-талай бұрмалауға ұшырады қаншама.

Өзгертеміз бұл жағдайды әлі-ақ құны аспандап,

Теңгеміздің ұлылығын танытармыз баршаға.

Қанша мықты болсаң да алтыннан оны кем деме,

Алла берген бұл бақыт, қазақ деген пендеге.

Дәл мен үшін қашанда доллар, рубль, сомдарың,

Ешқашан да жетпейді менің ұлы теңгеме.

 

Мұраталиева Айғаным:

Ең тұрақты валюта, бұл адамның еңбегі,

Мұны есте сақтаған әрқашанда жеңеді.

Қазақстан теңгесі, тәуелсіздік белгісі,

Мақтанамын сонымен елімнің жаны кезбесі.

Жалқау жанға, жақсы азық оңай ақша жолдары,

Оңай жолға жүгіретін жақсы адам болмады.

Қадірін біл, ьарында валютасын қазақтың,

Мизанға салып қарашы, жақсы менен жаманын.

Хақы осы не болсада, тиын құны төменде,

Көтерілер ләйім жақсыьболса бәрі көремде.

Райысын көрер өзіміз ғой, бәйітім осы сіздерге,

Түсінген жанға, ой салар деп қарадым өз көзімде!

 

 

Жүргізуші:Ендігі кезекті сыныбымыздың айтыскер ақындары Нұркелді мен Айнараның айтысына берсек

 

Макенов Нұркелді:

Ассалаумағалейкум көрермендер,

Алланың рахымына бөленгендер.

Басында бес кредиті болса дағы,

Ақша жинап Дубайға жөнелгендер.

Биссмилә деп ақтасам сенімдерді,

Айтысқа жаңа өнерпаз жаңа келді.

Сөз сөйлеп сүбелі сөз айтқан кезде,

Артымда қалдырамын небір белгі.

Қарасай Айнара:

Амандасып алайын алдыменен,

Алғысымды білдірейін өлеңменен.

Ақша деген қолдың кірі болса-дағы,

Қағаздарын жинап алып жүргендермен.

Мектебімнің жүйрігі тізімделді,

Аға буын ақындардың ізіне ерді.

Бүгінгі тақырыпта айтылатын,

Теңгеміз қай сатыға ілінді енді?!

Нұркелдіден күтейін балмұздақты,

Теңгесіне алып берер сол мұздықты.

Макенов Нұркелді:

Мен өзімді кереметке санамаймын,

Әр бір айтқан сөзімді аялаймын.

Қолымда бес мың теңге болса дағы,

Қара бақыр теңгеге түк алмаймын.

Ал енді теңге жайлы сөз қозғайын,

Көп сөйлеп әдетімнен мен озбайын.

Қазіргі теңгеміздің хал жағдайын,

Термемен өлеңдетіп мен қозғайын.

Қарасай Айнара:

Көр де тұр әлі-ақ бәрі түзеледі,

Армансыз ақ сол күндерге жетелейді.

Құнсыздықтан шығарып тиынымды,

Білемін кереметтей күн келеді.

Мирас қылып тастап кеткен бабаларым,

Қорғады ғой теңгені ағаларым.

Бір істі кепіл ету біздің мақсат,

Теңгені бүкіл әлем бағаларын.

Макенов Нұркелді:

Тең болған төрімізде долларменен,

Бағасы кетеді ғой өршуменен.

Осынау қиындықты көтере алмай,

Кетіп еді қазақ елі көтерілмей.

Мұңаймайық әрқашан біз күлейік,

Бақытты боп әркезде біз жүрейік.

Теңгеміздің қадірін көтермелеп,

Қадірін әрқашан біз білейік.

 

Қарасай Айнара:

Әлі-ақ бәрі түзеледі,

Енді бізге кереметтей күн келеді.

Құнсыздықтан шығарып тиынымды,

Армансыз-ақ сол күндерге жетелейді.

Ол үшін біз білімді болу керек,

Жақсы менен жаманды оңай бөлу керек.

Оқу, білім, ойлану осыларды,

Барлық адам бірі қалмай білу керек.

Макенов Нұркелді:

Ал енді сөзімді мен түйіндейін,

Таңдайға сап жағымды жыр іздейін.

Ал енді жан құрдасым аман болшы,

Кездескенше тыныштық заман болғай.

Ал енді қазақ елі сау болыңдар,

Келесі кездескенше бай болыңдар.

 

 

Жүргізуші:Пах, шіркін! Қазағымның иісін аңқытқан айтыс қандай керемет десеңші. Айтыспен бір серпіліп алдық. Ендігі кезекте оқушылардың білімдері сыналсын. Мен төл теңгемізге қатысты сұрақтар қоямын, сіздер жауап беріңіздер!

 

  1. Ақша сақтайтын мекеме? (Банк)
  2. Бір теңгеде неше тиын бар? (жүз тиын)
  3. Жеке есепшоты бар төлем-қағаз. (карточка)
  4. Әлемнің неше кереметі бар? (жеті)
  5. Ақша беретін құрылғы? (банкомат)
  6. 6. Төлемді растайтын қағаз. (чек)
  7. Америкалық доллордың ең үлкен банкноты? (жүз доллар)
  8. 8. Қырғыз елінің валютаы. (сум)
  9. Ресей елінің валютасы қандай? (рубль)

10.Қазіргі теңгеде қандай суреттер салынған? (елтаңба, ою-өрнек, ту, әнұран ноталары)

 

 

Жүргізуші:Сыныбымыздың  суретшілері, болашақ дизайнерлер, күзгі бал байқауынан бас жүлде Инаят қызымыз бен екінші орын алған Ұлжан қыздарыңызға сөз берсек

Махтабек Ұлжан:Мен, Махтабек Ұлжан 8 «Б» сынып оқушысы. Сіздерге өз идеямнан туындаған ұлттық валюта  болашақ 50 000 теңгенің үлгісін ұсынғалы отырмын. Теңгеге қарайтын болсақ оң жағында еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың суреті бейнеленген. Бұл – Қазақстанның қалыптасуына еңбек сіңірген тұңғыш президентін ұмытпайтынымыздың белгісі. Теңгенің сол жағында Қазақстанның символы ретінде Бәйтеректі, ал Бәйтеректің жанында Қазақстан Республиксының президентінің резиденциясы Ақ Ордамыз бейнеленген. Тағы қарайтын болсақ Қазақстан картасын салдым. Себебі, осындай кең байтақ елімізде қаншама ұлт-өкілдерімен бірге тату-тәтті бейбітшілікте өмір сүрудеміз. Теңгенің артына қарайтын болсақ, бейбітшілік пен келісім сарайын көреміз. Неліктен? Бұл ғимаратты салды деген ой туындаса айта кетейін. Қазақ жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі. Ал сол жағында жетістік белгісіндегі ою – көздеген мақсат-мұратыңызға жетуге көмектеседі деп сенген қазақ халқымыз. Болашақта осы теңге қолданысқа ие болады деген сенімдемін.

Серік Инаят:Қазіргі заманда қазақ атымызды шығару басты ақтарылатын мәселе десем қателеспеспін. Барлығы болашақ жастардың, яғни біздің қолымызда. Өз ішкі әлемімізде дамып қана қоймай, рухани жаңғыруда талап етілетіні мәлім. Мысалға, біз ұлттық валютамыздың бейнесін болашақта ерекше дизайнмен жаңғыртсақ жаман ой деп ойлаймын. Осы қарқынмен жалғастыра отырып өз ойымды ортаға салайын. Бұл 100 000 деген қағаз ақша. Осы туралы толық айта кетсем. Дизайнім бойынша қағаздың сол жағында біздің таныма ұлттық аспабымыз Домбыра бейнеленсе, оң жағына алғы бастан-ақ киелі құс саналған қыран мен көңілімізге көктем, басымызға қолайлы баспана бола білген киіз үйді салдым. Ал үстіңгі бөлікті туымыздың кескініне босаттым. Сонымен қатар, ақшамызға көрік түсіре білетін қазақи оюлармен безендіріп, туындымды аяқтадым.

Қорытынды:Қазіргі кезеңде мемлекетіміз қарқынды дамып келеді, болашақта білімді, саналы азамат болып өсуімізге барлық жағдай жасалуда. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып еліміздің ертеңі жарқын болуына сіздер де ертең еңбек етесіздер, соған лайықты ұлан болып өсіңіздер. Келесі кездескенше сау болыңыздар!

Bilimger.kz Республикалық білім порталы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген. Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718  

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *