Ұйымдастырылған оқу қызметі: Драма Тақырыбы: «Көкөністер айтысы» ертегісі
Тәрбиеші: Жолманова Кенжегуль
Тобы:ортаңғы
Білім беру саласы: Коммуникация
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Драма
Тақырыбы: «Көкөністер айтысы» ертегісі
Мақсаты: Ертегінің мазмұнын түсіне білу, тілдік, дыбыстық мәдениетін жетілдіру. Көкөністер жөнінде түсінік қалыптастыру, олардың орындарында рольдерде ойнау қабілеттерін дамыту.Балалардың өз бетінше ойлап,ой- қиялын, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, әр кейіпкердің өзіндік ерекшелігін зерттеуге, сахналай білу шеберліктерін арттыру.Ертегі арқылы балалардың тілдерін дамыту.Балаларды достыққа, бір- біріне қамқорлық жасауға, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Әдіс- тәсілі: түсіндіру, сұрақ- жауап,сахналау.
Қолданылатын технология: Акт элементтері
Қолданылатын көрнекіліктер: проектор , бейне көрініс, көкөністер атрибуттары, жылжымалы театр, орамал театры.
Блингвалды компонент:Овощи –Vegetables, қызанақ-помидор-tomato, қияр-огурцы-cucumber, қырыққабат – капуста-cabbage.
Барысы:
Кіріспе бөлім
-Балалар,қазір жылдың қай мезгілі? -Күз мезгілі
-Дұрыс, күз мезгілінде неше ай бар? – Осы күз мезгілінде қандай өзгерістер болады? -Күзде күн суыта бастайды. Ағаштардың жапырақтары сарғайып жерге түседі. Айнала сап сары алтындай түске енеді, аспанды сұр бұлт басады, жаңбыр жиі жауады,үстімізге жылы киімдерімізді кие бастаймыз.Себебі балалар күз мезгілі молшылық айы. -Балалар күз бізге не сыйлайды екен. -Көкөністер мен жемістер, дәнді дақылдар сыйлайды екен -Көкөністердің адам ағзасына қандай пайдасы бар екен? -Көкөністерде дәрумендер мол болады. Көкөністерді көп жесек денсаулығымыз мықты болады, ауырмаймыз.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар балалар.Олай болса, барлығымыз мына бейне көрініске назар аударайық (Балалар бейне көріністі тамашалап, Ерден атайды қарсы алады).
(Балалар таңдана қарайды,қолына себет ұстап ішке кіреді)
Негізгі бөлім:
Ғажайып сәт: (топқа себетін алып ата кіреді)
Ерден атай: -Сәлеметсіңдер ме балалар,мен сендерді іздеп таппай жүрсем сендер мұнда екенсіңдерғой.Жүріңдер мен сендерді бақшаға апарайын.Бақша дақылдарымен таныстырайын.Балалар көкөністер адам ағзасына өте пайдалы. Көкөністердің құрамында адамның ағзасының өсуі мен дамуына пайдалы түрлі дәрумендер бар.Көкөністер бақшада өседі.Тағы не білгілерің келеді? Балалар сұрай беріңдер. Балалар адамдардың еңбегін бағалау керек.
Ерден атайға рақмет айтамыз! Қош , сау болыңыз !
Тәрбиеші: Балалар күз мезгілі молшылық айы.Балалар сендердің бақшадан жинап әкелген көкөністерің туралы ертегі тыңдағыларың келе ме?
Ендеше бүгін біз «Көкөністер айтысы» ертегісімен танысамыз.
Ерден атайдың бақшасында әртүрлі көкөністер: жасыл қияр, қызыл қызанақ және қырыққабат өсіпті.
Бір күні ертеңгісін ең үлкен қияр мақтанып:
- Мен сондай әдемімін, жасылмын, мықтымын және қытырлауықпын!- депті.
Бұл сөзге қызыл қызанақ басын көтеріп, былай депті:
- Мен сондай тәттімін, қызылмын және дөңгелекпін! Сендердің орталарыңдағы ең әдемісі – менмін!
Сол кезде шыдай алмаған қырыққабат:
- Жоқ! Сендердің араларыңдағы ең аппақ, ең қытырлауық, ең пайдалысы – менмін! Мен керемет сұлумын!
Көкөністер көпке дейін дауласыпты.Бір кезде қиярды көрген Әсет:
-Қандай әдемі, дәмді шығар! – деп,қиярды үзіп алыпты.
Әсеттен кейін қарындасы Айару келіп:
- Ой , қандай әдемі қызыл қызанақ! – деп таңғалады.Қызанақты үзе салып, ағасының соңынан кетті.
Бақшаға иесі келіп, қырыққабатты көріп:
- Ой , менің аппағым! – деп салат жасауға үзіп алады.
Барлық көкөністер дауласқанын қойып, тым – тырыс болды. Олар адамдарға ұнағанына қуанып, тіпті тез өсе бастапты.
(Балаларға ертегіні жылжымалы театры арқылы мазмұнын мәнерлеп айтып беру).
-Балалар, ертегі не жайлы екен?
-Ертегідегі көкөністер не үшін дауласты?
-Ертегіде қандай көкөністер бар?
(Балалар сұрақтарға жауап береді)
Балаларға көкөністердің суреті бейнеленген фишка беру арқылы рөлдерін сахналау.
-Жарайсыңдар балалар, енді осы ертегіні сахналап берейікші.
(Балалар орамал театры арқылы ертегіні сахналайды)
Қорытынды бөлім:
-Жарайсыңдар балалар, ертегі сендерге ұнады ма?
-Көкөністердің адамға қандай пайдасы бар екен?
(Балалар сұрақтарға жауап береді)
Балалар, ойын ойнағыларың келе ме?
Дидактикалық ойын: «Дәмін татта, атын ата» Шарты: Әр балаға көкөністер беріледі. Балалардың көзі байлануы тиіс.Көкөністерді иіскеп,дәмін татып анықтайды .
Балалардан бүгінгі оқу қызметінен алған әсерлерін, не үйренгендерін сұрап, жұлдызша беру арқылы мадақтау.
Күтілетін нәтиже:
Қайталайды: Ертегі желісін драмалау дағдыларын;
Түсінеді: Көкөністер,олардың өсетін жері туралы түсініктерді;
Қолдана алады:
Көкөністердің адам денсаулығына тигізер пайдасы туралы білімдерін.