2022-2023 оқу жылындағы Lesson study сабақты зерттеу тобының жұмыс нәтижелері

 

2022-2023 оқу жылындағы Lesson study сабақты зерттеу тобының жұмыс нәтижелері

«Бірге жиналу–бұл бастама,

бірге қалу –бұл алға жылжу,

ал бірге жұмыстану –бұл жетістік».

Генри Форд

 

Әр педагог үшін өз білімін шыңдау, дамыту басты мақсат болып табылады . Қазіргі кезде педагогтар дарынды, талантты, шығармашыл, білім мен өнерге құштар, елінің тарихын, тілін, дінін білетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қастерлейтін, еңбекқор, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өзбетімен шешім қабылдай алатын, ізденуші, зерттеуші, бақылаушы , шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болуы керек .

2022 жылдың 13 қазан күні «Lesson study» жұмысын ұйымдастыру бойынша мектебімізде мектеп тренерлері мен магистрлердің жиналысы өтті. Сол жиналыста  «Lesson   Study » дегеніміз не? қандай маңыздылығы бар?  деген сұрақтардың жауабын алдым. Lesson Study – білімді жетілдіруге бағытталған, сабақ зерттеудің ерекше үлгісі болып табылатын педагогикалық тәсіл.Зерттеу сабағын жүргізу үшін зерттеу тобы құрылды. Зерттеу тобында пән мұғалімдерімен қоса мектеп директоры Ж.М.Анисова, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасарлары Н.Т. Кулбаева мен А.С.Конисбаева, педагог-психолог Н.А. Исамбаева, 4 «Д» сыныбының жетекшісі Р.Т. Шекербаева, орыс тілі пәнінің мұғалімі М.С. Кушмаганбетова ,қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Ж.Рысқалиева , Э.Д.Масакова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі С.А.Сайидова болды.

Зерттеуге 4«д» сыныбы таңдалды. Себебі I тоқсан оқу қорытындысы бойынша білім сапасының көрсеткіші орташа деңгейде болды. Білім сапасы – 42%. Сыныпқа сабақ жүргізілген сынып жетекшісі мен пән мұғалімдері сыныпқа мінездеме жазды. Сыныпта барлығы 19 оқушы бар. Ұл бала – 10, қыз бала — 9 .

Әр апта сайын сабақты зерттеу тобының жиналысы өткізілді.Бұл жиналыста ҚМЖ құрастырылды және сабақта қандай тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануға болатыны айтылды. Зерттеу тобының шешімімен «Сабақ барысында оқушылардың белсенділігін арттыра отырып, оқылым, жазылым, айтылым,тыңдалым дағдысын қалыптастыру» тақырыбы таңдап алынды.

Сабақты зерттеу мынадай кезеңдерден тұрды:

 І.Жоспарлау

-Топ құру(мектеп тренерлері , магистрлер)

-Жоспар жасақтау

-Кеңестер

-Әдістемелік күндер,семинарлар

-Курстан кейінгі кері байланыс

ІІ.Сыныпты педагогикалық-психологиялық тұрғыда бақылау

-Сыныпты бақылау жоспары

-Пән мұғалімдерінің өзара сабаққа қатысуы

т.б.

-Анализ жасау

ІІІ. Сабақты зерттеу

-Сабақ кестесін құру

-ҚМЖ құрастыруда білім сапасын арттыруға байланысты тиімді әдістерді іріктеу,тәжірибеде қолдану

-LS өткізу ,талдау

-Келесі   LS -ды жоспарлау

ІY.Нәтиже

-Зерттеу жұмысы бойынша шешім шығару

— Педагогикалық кеңесте қорытындымен таныстыру

— БАҚ-қа жариялау

 

Жоспарлау кезеңінде  «Lesson study» жұмысын ұйымдастыру  бойынша  магистрлер мен мектеп тренерлерінің кеңесі құрылып,фасалитатор,супервайзер ретінде ПШО тренерлерімен байланыс орналылды.Мектебімізде әр дүйсенбі әдістемелік күн ретінде бекітілген. Әдістемелік күннің бір күнін «Сабақты зерттеу»  тақырыбына арнап,

С.С.Копбергенова «Сабақты зерттеу мүмкіндіктері» тақырыбында әдістемелік семинар ұйымдастыруға қолдау көрсетсе, А.А.Рысбекова «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу» курсы бойынша сертификатталған мұғалімдермен кездесуге, курстан кейінгі кері байланысты жүзеге асыруға мүмкіндік жасады.

Сыныпты педагогикалық-психологиялық тұрғыда  бақылау кезеңінде зерттеу тобы сыныпты  бақылау, зерттеу жұмысын жүргізді.

Сабақты зерттеу кезеңінде  сабақ кестесі құрылып, ҚМЖ құрастыруда білім сапасын арттыруға байланысты тиімді әдістер іріктеліп алынып, тәжірибеде қолданылды. Lesson study сабақтары өткізіліп ,талдау, оқушылармен кері байланыс жасалып, келесі   зерттеу сабағы жоспарланып отырды. Lesson study бойынша бірнеше сабақтарға тоқталып өтетін болсам:

07.12.2022 жылы Lesson study зерттеу сабағы дүниетану пәнінен өтті.Сабақты сынып жетекшісі Р.Т.Шекербаева өткізді. Сабақтың тақырыбы: «Кәсіби мерекелер». Зерттеу тобының ұйғарымымен барлық сабақтарға «Лото» әдісін енгізіп,тиімділігін анықтау басты мақсат етіп қойылды. Оқушылар бұл тақырыпты  қызыға тыңдады. Мұғалімнің сұрақтарына жауап беріп, тақырып бойынша өз ойларын айтты.

2022 жылдың 22-желтоқсан күні Lesson Study зерттеу сабағын ағылшын пәні мұғалімі С.А.Саидова жоспарлап жүргізді.Зерттеушілер тобы ағылшын сабағын өткізбес бұрын сабақ барысындағы оқушылардың іс- әрекеттерін зерттеп, сабақтың өтуін қадағалады және маңызды тұстарын өздеріне жазып отырды.Сабақтың тақырыбы: «The world of professions». Сабақ басталмас бұрын оқушылар 1,2,3,4 сандары бойынша топқа бөлінді.Тақырыпқа сай  оқушыларға жұмбақ жасырылды, жұмбақты оқушыларға суреттер арқылы жасырды, оқушылар шешуін тауып қандай мамандық иесі екенін тапты. Сабақта «Лото» , «Пазл» әдісін қолданды. Оқушылар жаңа сөздермен танысып, бірнеше рет қайталап,тілдерін жаттықтырды.Оқулық бойынша тапсырмаларды орындады.Нәтижесінде, «Лото» әдісі оқушыларға ұнады. Әрі қарай топқа бөлу жұмысы жүргізілмеді.1,2,3,4 деп топқа бөлу тиімсіз деп білдік. Сабақтан кейін, оқушылардан сұхбат ала отырып, өз ойларын білдіре алмағанын байқадық. Шешім: келесі сабақта оқушыларды орнында отырып жауап беретіндей әдіс таңдау қажет.Сөйтіп, «Интервью» әдісін қолдануды жоспарладық.

2023 жылдың 19 қаңтар күні кезекті орыс тілі пәнінен зерттеу сабағы болды. тақырыбы:«Снегопад».Оқушылар тақырып бойынша өз ойларын еркін айтып берді. Сұрақтарға жауап беруге тырысты. Өткен тақырыпты еске түсіріп, мәтін  түрлерін айтып берді.Оқулықтағы 4-тапсырма бойынша мұғалім оқушыларға қар тәріздес қағаз беріп , оқушылар сол қағаз бетіне орыс тілінде сөйлем құрады. «Кім жылдам?» әдісі бойынша мұғалім 4 шумақты өлеңдер оқыды. Нәтижесінде  « Кім жылдам?» әдісі бұл тақырыпқа өте ұтымды қолданылған. Себебі бұл әдіс арқылы оқушылар есте сақтау қабілеттерін көрсетті.

2023 жылдың 20-қаңтарда кезекті ағылшын пәні болды. Сабақтың тақырыбы:   «Weather». Сабақ басталмас бұрын оқушылар 4 топқа бөлінді. 1-тапсырма бойынша ауа райы құбылыстарын ағылшын тілінде 4 топ та айтуға тырысты. Осы тапсырманы ауызша айтып, бір-бірімен жарысты. Нәтижесінде, оқушылар топпен жұмыс жасауға дағдыланып келе жатырғаны байқалды. Оқушылардың арасында ынтымақтастық қарым-қатынастың дамып келе жатқанына көңіліміз толды. Бұл күні сабаққа 16 оқушы қатысты, оның 9 белсенді болды. Сабақтың соңында жоғарыда айтылғандай  оқушыларлардан сұхбат алынды. «Интервью» әдісі арқылы сұрақтар қойдық. Бүгінгі сабақ ұнады ма? Сабақтың қай кезеңі қызықты болды?  және т.б.

2023 жылдың 31 қаңтарда Р.Т.Шекербаева қазақ тілі пәнінен зерттеу сабағын өткізді.Сабақтың тақырыбы: «Көмектес септік». Сабақтың басында интерактивті тақтада сәлемдесу туралы видео қосылды.Оқушылар видео арқылы сәлемдесу әрекетін қайталады. Содан кейін оқушылар өткен білімді еске түсіріп, үй тапсырмасын «Бумеранг» әдісі арқылы айтты. Жаңа тақырыпты бастамас бұрын мұғалім бағалауды түсіндірді . Мысалы: бонустар арқылы (жеңілдік купоны және т.б.).Тақырып бойынша жаттығуларды бұлжытпай орындауға тырысты. Себебі сабақ соңында мұғалім бонустар арқылы жеңілдік купонын сыйлайды. Топтық жұмыс, тақтамен жұмыс жүргізілді. Сергіту сәтін орындады. Сергіту сәтінде мұғалім қойған сұрақтарға мақалмен жауап берді. соңында, мұғалім жеңілдік купондарын сыйлады. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артты.Нәтижесінде, оқушылар сабақты жақсы түсінді. Сабақ барысында қолданған әдіс-тәсілдер ұтымды қолданылған. Сабақ соңында «Каспий голд» әдісі арқылы кері байланыс жасалды.

Жоспар бойынша зерттеу сабағы орыс тілі пәнінен де жүргізілді. Пән мұғалімі М.С.Кушмаганбетова. Сабақтың тақырыбы: «Спасатели всегда на службе». Сабақ барысында оқушылар 4 топқа бөлінді. (101,102,103,112). Оқушылар орыс тілінде тақырып бойынша сөз тіркестерін айтты , кластер толтырды. «Сиқырлы сандық» ойыны арқылы сұрақтарға жауап берді. Нәтижесінде 102, 112 топтары өте белсенді болды. Бірақ, оқушылардың жазу каллиграфиясына көбірек көңіл бөлу керектігі анықталды .

4 «Д» сыныбында  ағылшын, орыс тілі, қазақ тілі пәндерінен зерттеу сабақтары жүргізілді. Әр сабақтан кейін оқушылардан кері байланыс алынып, жетістіктері мен кемшіліктері талқыланып,шешім шығарылып, келесі зерттеу сабағының қысқа мерзімді жоспары құрылды. Зерттеу нәтижесінде 4 «Д» сыныбындағы білім сапасында оң өзгеріс байқалды. Білім сапасы I тоқсанда – 42% , II тоқсан — 47%, III тоқсан — 44%, IV тоқсан — 50% -ды құрады.Нәтижесінде сынып оқушыларының білім сапасы 8%-ға артты.

Сонымен қатар зерттеу тобының мүшелері зерттеу жұмыстарының барысымен облыстық,республикалық конференцияларда тәжірибе бөлісті.

2022 жылдың  14-желтоқсанында «Сабақты зерттеу – мұғалім тәжірибесін жетілдіру құралы» тақырыбындағы облыстық конференцияда Ж.М.Анисова, А.С.Конисбаева, Н.Т. Кулбаева тәжірибелерімен бөліссе, С.Ж.Рысқалиева , М.М. Усенбаева «Сабақты зерттеу: жетекші мектептер мен жалпы білім беретін мектептердің үздік тәжірибесі» тақырыбында аймақтық ғылыми-практикалық конференциясына және  2023 жылдың 27-сәуірі күні  Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының «Сабақты зерттеу: рефлексивті тәжірибеден тұрақты көшбасшылыққа» атты І ұлттық конференциясына  қатысып,сабақты зерттеу бойынша іс-тәжірибе алмасты.

Lesson Study тәжірибелі мұғалімдермен қатар, еңбек жолын жаңа бастаған мамандарға да кәсіби жетілуге көмектеседі. Зерттеу сабағының тиімділігі туралы айтатын болсам:

  • мұғалімдердің кәсіби диалогы артады
  • ұжымдық мәдениет қалыптасады
  • кәсіби педагогикалық білімі көтеріледі
  • сабақты бақылауда кері байланыс беру дағдылары дамиды
  • оқушылардың оқуы жақсарады
  • оқушылардың функционалдық сауаттылығы дамиды
  • білім сапасына оң әсерін тигізеді

 

Осылайша Lesson Study мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамытудың, білімін жетілдірудің, тәжірибе алмасудың бірден бір тәсілі екеніне, бірге жоспарлау, бірге қадағалау, бірге талдау арқылы біз оқыту туралы бірлескен пікір қалыптастыратынымызға, өз біліктілігімізді көтере отырып, ортақ мақсатымызға оңай қол жеткізе алатынымызға көз жеткіздім. Мен үшін Lesson Study  үлкен тәжірибе алаңы болды.

Масакова Эльнура

МО ББ АҚББ «№12 ЖББМ» КММ,

Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі

Lesson Study  зерттеу тобының бақылаушысы

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *