Әділжан Гүлдана
Ғылыми жетекші: Мұқан Нұрзат (PhD, аға оқытушы)
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жас ғалымдардың әлемдік деңгейде білім алып, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасуына зор мүмкіндіктер жасап келеді. Осындай академиялық ұтқырлық пен халықаралық ынтымақтастықтың жарқын көрінісі ретінде Философия және саясаттану факультеті, «8D02203 – Дінтану» білім беру бағдарламасының 2-курс PhD докторанты Әділжан Гүлдана АҚШ-тың Массачусетс Дартмут университетінде (UMass Dartmouth) шетелдік ғылыми тағылымдамадан сәтті өтіп қайтты.
Ғылыми іс-сапар 2026 жылдың 15 мамыры мен 15 маусымы аралығында жүзеге асырылды. Тағылымдама барысында жас ғалым Массачусетс Дартмут университетінің базасымен және оқытушы-профессорлар құрамымен танысып, тығыз академиялық байланыс орнатты.
Өзекті зерттеу және халықаралық тәжірибе
Докторанттың диссертациялық жұмысының тақырыбы – «Қытайдағы этникалық топтардың бірегейлігін сақтаудағы ислам дінінің рөлі». Бұл аса маңызды әрі өзекті бағыт шетелдік ғылыми кеңесші, Массачусетс Дартмут университетінің профессоры Дилшод Ачиловпен жан-жақты талқыланды. Зерттеу жұмысының әдіснамасын жетілдіру мақсатында шетелдік тәжірибеге сүйенген тың пікір алмасулар жүргізілді.
Тағылымдама аясында Гүлдана Әділжан тек қабылдаушы университеттің ғана емес, сонымен қатар АҚШ-тың басқа да ірі ғылыми орталықтарының ресурстарын тиімді пайдаланды.
АҚШ-тағы бұл ғылыми тағылымдама отандық дінтану ғылымына жаңа халықаралық көзқарастар мен тәжірибелер әкелумен қатар, Қазақстан мен АҚШ арасындағы академиялық байланысты одан әрі нығайтуға үлкен үлес қосады. Мұндай іс-сапарлар ҚазҰУ-дың жас ғалымдарының әлемдік ғылыми кеңістікке еркін интеграциялануына жол ашатыны сөзсіз.

