Тіл-ел тірегі.

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра екендігі белгілі.
Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Адам бойына ұлттық рух пен тілі, қасиет пен мінезі ана сүті арқылы дариды. «Тәрбие – тал бесіктен» дейді халық даналығы. Бала бойындағы ұлтына деген жанашырлық, тіліне деген сүйіспеншілік, халқына деген ұлтжандылық балабақшадан басталады. Одан кейін мектеп, жоғары оқу орны… Тәрбие ошақтары осылай жалғаса береді. Тәрбиені таныммен жалғау үшін пенде жүрегінде «Менің елім, менің тілім» деген сезім болмақ керек.
Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл — ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз анық. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс.
Кіші жастан-ақ баланың тіл үйренуге деген қызығушылығы пайда болады, сөзбен «тәжірибе» жасай бастайды. Тілдің мағыналық, әрі грамматикалық құрылымын бағдарлай отырып, жаңа сөздер құрады. Дегенмен бала тілінің өз-өзінен дамуы барысында олардың тілдік дағдылары жоғары болмайды, сондықтан педагогикалық-психологиялық тұрғыдан арнайы зерттеу, жаттығу және оқыту қажет. Біздің ана тіліміз — қазақ тілінің келешегі балалардың сөйлеу мәдениетінің деңгейімен байланысты. Осы тұрғыда әр баланың тілін жетілдіру, олардың сөйлеу мәдениеті қоғамдық қажеттілік болып табылады. Өз тарапымыздан жүргізген тәжірибе жұмыстарымыздың барысында ойындар мен жаттығуларды тілдік құзыреттілікті қалыптастыру мақсатында тиімді пайдалануға болатынын аңғардық. Әсіресе, сөздің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған жаттығулар және қимылмен үйлестірілген өлең жолдары балалардың сөйлеу дағдыларын орнықтыра түсетінін көрсетті.
Қорыта келгенде, тіл тағдыры — ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Ақын-жазушыларымыз жырлаған тіл — қазақ тілі, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болып қала бермек!

Ақмола облысы білім басқармасының Атбасар ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы Атбасар қаласының «Айгөлек» бөбекжайы» МКҚК қазақ тілі мұғалімі Камшат Қадылқызы

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *