Ұстаз – мектептің жүрегі

Бердигалиева Жадыра Досымгалиевна

«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет»

Бауыржан Момышұлы

Ұстаз – киелі мамандық. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт -бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Иә, ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар, дана ойдың ыстық лебі бар, ұстаздар жайлы айтылар сыр да, жазылар жырда көп. «Ұстаз болу жүректің батырлығы» дейді. Әрине, өте орынды айтылған. Жауаптылық, қажырлылық, білімділік, жүректілік, сүйіспеншілік, сабырлылық бәріде ұстаздардың бойынан табылады. Әр шәкірттің санасына сәуле шашып, шырақ отын жағатында осы аяулы ұстаздар. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді. Шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы керек. Кез-келген адам ұстаз бола алмайды. Ұстаздық тағлымы терең өнер.

Ұстаз етіп, алдынан шәкірт өрбіткен, ұстаз тағылымын алып, өзі ұстаздық еткен ғұлама ғалым, ұлағатты даналардан қалған сөз – «Ұстаздан асқан ұлы адам жоқ». Иә, алтын уақыттарын мектепке балаға арнаған ұстаздарға қандай теңеу айтсаңда лайықты. Оның себебі: «18 мың ғаламның асылы мен абзалы да, парасаты асып, мәртебесі тасқан биігі де – ұстаз, ол жер бетіндегі барша тіршіліктің тұлғасы саналатын адам» десек, сол адамның өзін тәрбиелеуші, бойына адамдық асыл қасиет дарытып, өркениеттің үлгі-өнегесін үйретуші абзал да парасатты жан.

«Мұғалім – зор тұлға,ол күннің құдіретті сәулесі сияқты». К.Ушинский. Мұғалімнің бойындағы қаруы – терең білімі мен мағналы сөзі. Бала ата-анадан өмір алса, өмірді жақсы етіп өткізуге – мектеп және жүрегі – мұғалім жауапты. Мұғалім беделі – қоғамның ең күшті құралы. Бала бойына білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін басты тұлға – Ұстаз. Өскелең ұрпаққа тәрбие беруде ұстаздардың еңбегі зор. Ұстаз шәкіртіне ана да, әке де болады. Шәкірттерін туған ата-анасындай баурап, оның жанын терең түсінетін балажан, кішіпейіл, қайырымды, инабатты, жанын сала жақсылық жасайтын адам болуы тиіс. Сонда ұстаз бен шәкірт арасында шынайы достық қарым-қатынас орнап, сырлас досқа айналады.  Мұғалімнің мінез- құлықтары мен іс-әрекеттері жас өспірімдерге үлгі болып, бала санасына ұялап, ұлағатты ұстаздай өнегелі болып өседі. Ұстаз  мемлекетке, қоғам ісінде адал, бойында ұшқын шашқан, жалындай лаулап жанған ұрпақ тәрбиелейді.

Ойшыл, ғалым Жүсіп Баласағұн: «Білім – адам баласының ортақ қазынасы» дегендей, ұстаздың шеберлігі мен жетістігі білім мен ұлағатты тәрбие алған шәкіртінде. Қазіргі кезең – ғылым мен техниканың, мәдениеттің өте шарықтап өркендеген шағы. Ол адамнан үлкен білімділікті, іскерлікті талап етеді. XXI ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек.

 

«Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға» — деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз бала тәрбиелеу жолында үлкен сындардан өтеді. Жас ұрпаққа адам бойындағы адамдық асыл қасиеттерді қастерлеп, өмір талабына сай заңдылықтарды, құндылықтарды түсіндіру, үйрету де ұстаздардың міндеті. Шәкірттерінің шырағын жаға білетін, болашақ өмір жолдарына дұрыс бағыт-бағдар беретінде осы  ұстаздар. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Әрине ұстаз жүгі – ауыр жүк. Бала бойына ата- анадан кейінгі ақыл -ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді де сіңіруші ұстаздар. Өз ісіне шынайы берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірттің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін жандар. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығады. Ұстаздар жайында халқымыздың батыр ұлы, жазушы  Бауыржан Момышұлы  «Ұстаздық – ұлы керемет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді…. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген. Өте тамаша  айтылған сөз емес пе? Егер адамның жүрегінде ізгілік, мейірімділік сәулесі болса, ол – мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды әрбір жеткіншектерге жеткізіп, жүрегіне сіңіру үшін қаншама тер төгеді десеңізші! Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш емес пе? Сондықтан да ұстаздардың еңбегі – ұлы еңбек. Озық білім мен кенен ғылымды ұштастыра білген, білім атты асыл құндылықты, оны халық игілігіне жаратуға тікелей атсалысушы аяулы ұстаздарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Қорытындылай келе ұлы данышпан Абай атамыз айтқандай «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!» деп, бүгінде өмірден өз жолымды тауып, қалаған мамандығымның иесі болуымда осы ақылшы да, қамқоршы ұстаздарымның арқасы дер едім. Тәуелсіз елімізде көк туымызды мәңгілік желбіретіп, Қазақстанды өркениеттері дамыған әлем елдерімен терезесін тең ұстайтын дарынды да, білімді, білікті жастарымыздың басшысы ұлағатты ұстаздарымыз көп болсын. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» дегендей, мектептен шыңдалған шәкірттері, білім теңізінде құлаштарын сермеп тынбай жүзсе ұстаз арманы орындалғаны емеспе! Биікке қалықтап қыранда шығады, жорғалап жыланда шығады дегендей, сол биікті бағындырған шәкірттерінің  тілеуін тілейтін ұстаз қандай бақытты. Өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдердің еңбегі зор.  Білімі жоғары, дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі жоғары, парасатты, мәдениетті, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу зор мақтаныш. Адамзат баласы үшін асыл мұра қалдырған ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» деген. Олай болса тамырын тереңге жайған, шәкірт жүрегінде жаққан шырақтары мәңгі сақталатын ұлағатты ұстаздарымыздың мәртебесі арта берсін!

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *