Жаңаша оқыту – заман талабы

Аманжолова Гүлшат Аманжолқызы

Қазіргі  әлемде болып жатқан  өзгерістер   әлемдік  білім беру  жүйесін дамытуға да  ықпал  етеді. Білім беру  саласындада,  ұстаздардың  да  жаңаша  сабақ беру тәсілдерін  өзгерткеніне  де таңдануға  болмайды. Себебі ХХІ ғасыр соны талап етеді. Заманауи тәсілдің  ең негізгі  ерекшелігі оқушылардың   алған  білімдерін   жай ғана  иеленіп қоймай,  оларды  орынды жерде қолдана  білуіне   көмектеседі.

Елбасымыз Н.А.Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі Жолдауында нақтылағандай, елімізде білім сапасын арттырудың негізгі жолдары мен бағыт-бағдары айқындалды.

Әлеуметтік өркениеттің биік белестеріне бет алған тәуелсіз еліміз бағыт бағдарын тағы бір айқындап алды. Ол мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ұсынған бес институттық реформа, оларды жүзеге асыру жолында белгіленген 100 нақты қадам қазақстандықтарды жігерлендіріп, ортақ іске құлшындыра түсті.

Ал, елім дегенде еңсесін тіктейтін, жерім дегенде жігерленетін, оттай жалынды, елжанды, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу – біздердің қолымызда. Білектің күшіне сенген заманда бабаларымыз міндетін орындады, білімге сенген  заманда аманатты орындау –сіз бен бізге парыз. «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де өсіретін ұстаздар»- деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазіргі ақпараттық технологияның қарыштаған заманында өзгелермен иық тіресіп, дамыған елдермен тең сөйлесе алатын іргелі ел болуымыз – білікті, білімді азаматтарға байланысты. Ал олардың негізін қалайтын да, қанаттандыратын да барлық адами ізгі ниеттерге баулитын да ұстаздар қауымы.

«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деген Абылай ханның сөздері бүгінде де мәнін жоғалтпағандай. Ғылым мен технологияның қарқынды дамыған заманында болашақ ұрпақты заман талабына сай қажетті біліммен қаруландырып, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру білім беру мекемелерінің басты мақсаты болып отырғаны мәлім.

Қоғам дамуына білім ең маңызды мәселе екенін тарих бүкпесіз дәлелдеп берді. Өркениеттің өріне шығып, мәуелі жемісіне қол жеткізу – сапалы білім мен саналы тәрбиеге тікелей байланысты екенін  ешкім жоққа шығара алмайды. Осы орайда соңғы жылдар еліміздің білім саласына үлкен өзгерістер еніп келеді. Жаңалыққа деген ұмтылыс – дамуға деген құлшыныстың кепілі.

Ғұлама ғалым Әл – Фараби: “Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін”  деген екен.Олай болса, Тәуелсіз еліміздің болашағының жарқын болуы тәрбиелі де білімді азаматтарымыздың қолында.

Балаларымызды әлемдік деңгейдегі білім нәрімен сусындатуға жол ашылды. «Білекті бірді, білімді мыңды жығатынына» көз жеткізді. Соның нәтижесінде жастар арасында білімге құштарлық қарқындап келеді. Міне, бұл ертеңіміз үшін еңбек ететін білімді жастардың келе жатқаны. Ел болашағы білімді ұрпақ екенін әр кездесуінде сөзінен қалдырмай келе жатқан елбасымыздың да жастарға деген көңілі ерекше қазіргі таңда. Осының барлығы қасиетті де қастерлі Тәуелсіздіктің жемісі. Бізге берген Алланың сыйы.

«Көп білген кемеңгер емес, білімін пайдалана білген кемеңгер» демекші, көп білім тез ескіреді, өзінің реттеушілік сипатынан айырылып, маңыздылығын жояды. Оған қоса, заман талабына сай күрделенген оқу материалын саналы әрі шығармашылықпен меңгеру қажеттілігі туындайды. Қазіргі заман талабына сай шығармашылық қабілеттің дамуына бағытталған білім дегеніміз – аз уақыт ішінде мол идея қорын алу емес, керісінше, жеке тұлғаның толық дамуын қамтамасыз ететін іс.

Қазіргі жаһандану заманында білім саласының жаңа жүйеге көшуі әрбір мұғалімнен жаңаша жұмыс істеуді, өзінің өткеніне үңіліп, бүгінін екшелеп, болашаққа болжам жасауын талап етеді. Иә, «Адам ағын су емес. Ағын су артына қарай алмайды. Сен адамсың, артыңа қара, ізің қандай болып түскеніне үңіл» деген екен бір данышпан. Жаңаша ойлай білсең ғана-ұстазсың. Бүгінгі мектептің мақсат-міндеті әр оқушының жеке тұлғалық қасиетін дамытушы мұғалімге көп байланысты.

Бүгінгі таңда біздің міндетіміз-оқушыны жеке тұлға ретінде дамыту үшін жұмысымызды жаңашаландыру-жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу. Осыған орай сабақты жаңаша тартымды, қызықты етіп өткізу- мұғалімнің шеберлігі мен білімділігі, таланты. Егер мұғалім сабақта бір тақырыпты оқытуда оқушыларды ойландыруға , ізденуге, тәжірибе жасап, істеген жұмысын қорытындылай білуге, сөйлеу мәдениетін дамытуға, ғылыми тілде сөйлей білуге назар аударса, сол арқылы танымдық мақсат қояды.

Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануда не өзгереді? Яғни оқушы көп білетін адамдармен қарым-қатынас жасайды. Мұғалімге жеткізе алмаған ойын оқушы өз сыныптасына айта алады. Сол себепті топпен, жұппен қарым-қатынас жасау арқылы сол ортаға бейімделе бастайды. Оқушылар толығымен жаңа мәліметтерді бірін-бірі оқыту, толықтыру арқылы игереді.

Қорыта келе, өзгеден ақылымызбен, білімімізбен озып, көшбасшылық таныта білсек,іс-тәжірибемізде өзгерістің енгенін көруге болады. Кәсіби шебер, құзіретті, көшбасшы бола білген мұғалім шығармашылық жетістіктің шыңына жетеді. «Шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу» -деп А.Байтұрсынов айтқандай, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы сабақты түрлендіріп, оқушының ынтасын арттырып, білім беруде оң нәтижеге жетеміз.

 

Олай болса, қандай қиындықтар кездесе де, жас ұрпақ тәрбиесін, білім сапасын, сүйікті кәсібімізді сүйген жүрегімізбен бар күш жігерімізді аямай алдағы мерзімде де сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында еңбек ете береміз демекпін.

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *