ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ НЕГІЗІНДЕ ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ

ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ НЕГІЗІНДЕ ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ

Жакыпова Айнур Нургалымовна

Алматы қаласы

КМҚК №191 бөбекжай-балабақшасы

             ХХІ ғасырда әлем жұртшылығы бейбітшілікті қамтамасыз ету тұрғысынан ұлтқа, тілге, нәсілге, дінге бөлінуден гөрі бірігуге көбірек көңіл бөле бастады. Осы орайда өзара түсіністік пен рухани келісім, толеранттылық ұғымдарының мәні күн өткен сайын артып келеді.

          Зорлықсыз педагогиканың тұлға еркіндігі, ерік-жігер еркіндігі, толеранттық, зорлықсыз әсер ету сияқты ұғымдары мен категориялары эвристикалық кеңейту функциясына ие және философия, этика мен педагогикадағы бұрыннан қалыптасқан және жалпыға ортақ категориялар басында тұжырымдалады, соның ішінде зорлықсыз педагогика, тәрбие теориясы мен практикасы қызметінің барлық буындарына жатады. Философиялық, саясаттану, педагогикалық, психологиялық еңбектерге талдау бізге толеранттылықты тұлғаның біртұтас көрінісі ретінде тануға мүмкіндік береді. Қазіргі шетел сөздерінің сөздігінде толеранттылық  tolerantia деген латын тілінен алынған ұғым, біріншіден, «ағзаның кез-келген бір улы заттың  қолайсыз жағдайына төзімділігі», екіншіден, «біреуге, бір нәрсеге деген шыдамдылық, жұмсақтық» деп көрсетілген. Испан тілінде tolerancia – « өз пікіріне қайшы келетін идеялар мен пікірлерді қабылдау қабілеті» деп көрсетілсе, немісше – орысша сөздікте tolerant « біреудің пікіріне шыдау» дегенді білдіреді. Қытай тілінде толеранттық «басқаларға кеңпейілділікпен қарау» дегенді білдірсе, ал парсы тілінде « шыдам, шыдамдылық, төзім, татуласуға дайындық» дегенді, француз тілінде tolerant «шыдамды, мейірбан», ал, tolerare «төзу, қолдау көрсету» дегенді білдіреді. Ресей зерттеушісі П. М. Козырева да толеранттылықтың анағұрлым кең түсінік екендігін жақтаған: «Толеранттылықтың қазіргі түсінігі жай ғана төзімділіктен гөрі анағұрлым кең түсінікті қамтуда. Әлеуметтік ықпалдастықтың көпқырлы аспектілерін есепке алған шексіз еркіндікті жақтаушылар мен тым шектеп тастайтындардың көзқарасын да есепке алсақ,  түрлі анықтамалардан олардың диапазоны кеңейе береді»

           Әр түрлі тілдердегі  «толеранттық» ұғымын салыстырып қарау арқылы толеранттық адам құқығы мен тұлғаға сыйластыққа негізделген қағидалар жүйесі деген тұжырымға келдік.  Өз  дүниетанымына  негізделген қағидалар пайда болатын балалық шақ толерантты мінез-құлықты қалыптастыру үшін ең өнімді шақ болып саналады. Толеранттылыққа тәрбиелеу бір мақсатпен жүргізіледі, әр түрлі нәсілдегі адамдар арасында сыйластықты және діни түсінушілікті, тәжірбие алмасуды қалыптастырады. Осылар  адамзаттың бірлікте өмір сүруінің басты негізгі құралы болып табылады. Қандай ұлт болмасын әрбәр дінге шыдамдылықты, төзімділік таныту қажет.              Толеранттық  адамзаттық қоғамның  қалыпты қызмет ету шарттарының бірі. Осыған байланысты өсіп келе жатқан ұрпақта толерантты болу қабілетін, қарама-қайшылыққа толы күрделі әлемде бағыт таба білудің  әмбебап әдістерін қалыптастыру қажеттілігі туындайды. Тұлға тәрбиесінің психологиялық және  әлеуметтік міндеттері педагогикаға айналады да, алдыңғы қатарға толеранттық  сана қалыптастыру шығады. Бұл түбінде  қоғам мен педагогтар шешетін дүниетанымдық мәселе. Осы  мәселе шешу ең алдымен мектепке дейінгі ұйымдардан бастау алады.

              Қазіргі білім беру жағдайында балалар бойында толерантты сана-сезім, гуманистік қарым-қатынас, мінез — құлық нормаларын қалыптастыруда  жаңа тиімді  әдіс-тәсілдерді қолдануды талап етеді. Біз мектеп жасына дейінгі балалардың толеранттылығын дамытуда негізгі бағыттарын көрсеттік.

            Мектеп жасына дейінгі балалардың толеранттылығын дамытудағы қазақ фальклорының рөлі ерекше.Қазақ этнопедагогикасы балабақшаның оқу-тәрбие үрдісінде бес бағытта қарастырылып, қолдануға болады. Олар қазақ балалар фольклоры, салт-дәстүрлер, ұлттық өнер, ұлттық ойындар, этноэкология.Қазақ этнопедагогикасының бір бөлігін балалар фольклоры құрайды.Қазақ балалар фольклоры мектеп жасына дейінгі балалардың ой-өрісін дамытуға, тілін жетілдіруге, дүниетанымын қалыптастыруға тікелей әсер етеді. Қазақ балалар фольклоры, балалар фольклоры – халық фольклорының арналы салаларының бірі. Ол халықтың дәстүрлі бала тәрбиесінің негізінде туып қалыптасқан, ауқымы кең көркем шығармалар шоғырынан тұрады. Мазмұны ғибратты, тілі көркем, жеңіл жатталатын, ғасырлар бойына халық даналығына, тәжірибесіне суарылған Қазақ балалар фольклоры балалардың мінез-құлқын, көркемдік талғамын танытатын, шығармашылық  қуат көзін ашатын асыл мұра. Ол өзінің бала табиғатына лайықтылығымен, логикалық  жүйелілігімен, өнегелі мазмұнымен, ойнақы жеңіл түрімен, нәрлі тілімен балалардың рухани азығына айналған тәрбие қайнары болып табылады. Қазақ балалар фольклоры шығу тегі мен орындаушыларына қарай – үлкендер тарапынан балаларға арналып айтылатын және балалардың өздері орындайтын шығармалар болып екі топқа бөлінеді. Алғашқысының қатарына бесік жыры, маусымдық жырлар, мәпелеу жырлары, жұмбақ, жаңылтпаш шығармалар жатса, соңғысы санамақ, сұрамақ, тақпақ балалар өлеңдерін қамтиды. 

         Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К.Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен. Ойын-баланың жан серігі іспеттес. Қай бала болмасын ойнап өседі. Әрбір елдің ойыны сол елдің қоғамдық идеологиясына, тұрмыс-тіршілігіне, айналысатын кәсіп — шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты. Ойын сырттай қарағанда анау айтқандай қиындығы жок, оп-оңай тәрізді көрінуі мүмкін. Ал іс жүзінде бала үшін ойынға қатысты басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асыру оңай емес. Мәселен, рольдерге бөлгенде балаға өзіне ұнамсыз рол тиюінің өзі-ақ көп нәрсені шешеді. Сондықтан тәрбиешінің міндеті-балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын камтамасыз ету. Сонда ғана ойын өз мақсатына жетіп, тәрбиелік мәні арта түседі. Айталык, тәрбиешінің ұжымдық ойынды тартымды ұйымдастырып өткізуі балалардың бір-бірімен достық қатынастарының дұрыс қалыптасуының нышаны екені сөзсіз. Ойын кезінде жолдасының айтқанымен келісіп, оны құрмет тұтудың өзі адамгершілікке бастайтын жол. Тәрбиеші ойын арқылы әр баланың игі бастамасын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбіте, өзіндік мінез-құлқын қалыптастырады.

                 Қазақтың ұлттық ойындары халыктың еңбек, шаруашылык үрдісіне байланысты туғандыктан, оның түрі мен мазмұны төзімділікке, батылдыққа, ұстамдылыққа, тапқырлыққа және мейірімділікке баулитын сипатта болады. Мұның өзі көңілге кеңдік пен дарқандык ұялатады. «Сайыс», «Аударыспак», «Бәйге», «Көкпар тарту» т.б. ойындары үлкен адамдарға тән дегенімізбен, оның көріністері мен мәні бала ойынының репертуарынан да тиянақты орын алған. Балабақшадағы топта ойналып жүрген «Ақ серек пен көк серек» , «Қазан доп», «Күшің жетсе, үзіп кет», «Арқан тарт», «Алақан соқпақ», «Жаңылма», «Байқап қал», т.б. ойындар баланың белсенділігін жебеп, жігерін қайрап, қапияда жол табатын тапқырлыққа, аңғарымпаздыққа баулиды. Ойындағы ұтқырлық-екінші жағынан өнер. Халықтың аңсаған арман тілектеріндегі, іс-әрекетгеріндегі атрибуттар бала ойынынан көрінісін табумен қатар тікелей әрекетіне айналады. Халық ойындарына тән сипат-өмірге үйлесімділік шындықтан туындайды. Онда қойылған талаптарды орындау барысында дене ширап, көңіл көтеріліп, дербестік дамып, баланы ұғымталдыққа ұмтылдырады. Балалықтың базарлы шағындағы ойынның кайсысында болмасын, ойынның мазмұнына қарай, өлең, тақпақ, ән араласа жүреді. Ал олар ойынның тікелей мазмұнында болмаған күннің өзінде жеңіліс тапқан топ немесе ән, болмаса би билеп, күлдіргі әңгіме айтып айыбын етеуге тиіс. Бұл — қазақтың ұлттық ойынындағы басты ерекшелік.Ұлттық ойын қазақтың халықтық шығармасы — ауыз әдебиетімен біте қайнасып, бірге өрістеп, бір тамырдан нәр алғандықтан бұларға ортақ кұбылыстар көп. Бір-біріне ұтылай жалғасқан. Балалардың жүгіріп ойнайтын ойындарында айтылатын өлең, тақпақ, ән-әуен, немесе отырып ойналатын ойындарында айтылатын мәнінің (мәтін) мазмұнында әзіл-қалжың, сықақ, күлдіргі сөздер мейлінше қарапайым, айтуға жеңіл, сөздері ойнақы болып келеді. Өлеңнің дыбысталуы, ондағы аллитерация, ассонастық қайталаулар агглютипативтік тілдін табиғатына тән. Сондықтан да ұлттық ойындар халкының әдет, ғұрпын білуге, тілін меңгеруге ыкпалы зор жол екенін ешбір шүбәсіз мойындаймыз. Бала ойынында жеңуші бар да, жеңілуші бар. Әрине, жеңген топ немесе бала табысын жұбаныш етсе, жеңілушінің айыбын өтеуі үшін айтатын такпағы, биі, мақал-мәтелі, жұмбағы болу керек. Сонда бала ойынның қай түрінде болсын — іс-әрекет, ән, би, өлең, жұмбақ, нақыл сөз араласа жүретіндіктен синкретті деп танимыз. Мұның педагогикалық мәні-баланы жан-жақты дамуға, тәлім-тәрбиенің арнасын кеңейтуге мүмкіндік беретін тиімді жол екендігінде.

              Қазақ халқының ұлттық ойындарына тән басты ерекшелік- ойын адамгершілік әдептеріне баулудың тиімді жолы, тәлім, тәрбие мектебіне саналған. Ойын арқылы көңіл көтеру, түйсік сезімін арттыру, күлу, айтылмақ пікірін дәл жеткізу, тапқырлық, сыйластык, мейірімділік, кешірімділік, төзімділік, сабырлық сияқты қасиеттерді баланың бойына нәресте, сәби кезден бастап сіңіруді мақсат еткен. Айтар насихат, берер үлгі-ойынға жеңіл-желпі емес, терең мән бергендіктен «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле»- деген даналық сөз — қазақ халқының бұл саладағы құқылық тұжырымы, атадан балаға мирас болған өнегелі өсиеті.

         Балабақшадағы ұлттық ойындардың ерекшеліктеріне тоқталып, балабақша топтарындағы ойынның мән-мағынасын ашуға және адамгершілікке тәрбиелеу әдіс-тәсілдерін тәжірибеде қолдануға бағыт-бағдар алдық. Ойын кезінде бала белсенді қарым-қатынастағы әсері ерік-жігеріне, эмоциясына ықпал етіп, олардың жақсы-жаманды ажыратып, адамгершілік әдептеріне жаттығады. Ойын арқылы баланың бойына сіңірген машығы-тәуелсіздікке қолы жеткен елдің ертеңгі азаматының азаматтық келбетінің бастауы, болашақ бағыт-бағдарының қозғаушы күші.

Қорытындылай  айтатын  болсақ, мемлекетімізді толерантты мемлекеттер қатарына  қосқымыз келсе мемелекетіміздің болашағы  жас ұрпақты  қазақ фальклорын пайдалана отырып толерантты етіп  тәрбиелеуіміз керек. Ал, енді  біз біздің  келешегіміз  жас ұрпақты толерантты етуіміз үшін ең бастысы олардың ата – анасымен тығыз байланыста, бірлесе отырып  жұмыс  жасауымыз  керек.Сонда ғана біз  толерантты ұрпағымен  көрінер  толерантты  мемлекет бола  аламыз деп  ойлаймын!

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы. edu.gov.kz
  2. Қартбаева Ж.Ж. Толеранттылыққа баулудың философиялық негізі. Дереккөзі:

     http://www.rusnauka.com/11_NPE_2012/Psihologia/4_107513.doc.htm

  1. Қазақтың  ұлттық ойындары» кітабы авторы: Базарбек Төтенаев

      Алматы «Қайнар» баспасы 1994 ж. 

  1. Толерантность в условиях современного мира: теория и практика Б. 121 // Толерантность и культура межнационального общения. Учебно-методическое пособие «Просвещение Юг» Краснодар, 2009. Авт. Колл. – 307.
  2. Безюлева, Г.В. Толерантность : взгляд, поиск, решение / Г.В. Безюлева

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *