«Ғажайыпстанға саяхат»

Білім беру салалары: Коммуникация, Таным, Әлеумет, Шығармашылық, Денсаулық.
Ұйымдастырылған оқу қызметтері: Сауат ашу, ҚМҰҚ, Сурет салу, Қоршаған ортамен танысу, М.Монтессори элементтері.
Тақырыбы: «Ғажайыпстанға саяхат»
Мақсаты:
Білімділігі: Балаларды саусақ ойындарын ойната отырып, өз-өзіне қызмет етуге үйрету. Заттардың адам өміріндегі маңызын білу арқылы оларды топтастыра білу дағдыларын арттыру.
Дамытушылығы: Саусақ қимылдарымен қолдың ұсақ моторикасы арқылы ойлау қабілеттерін және жұмысты өзбетінше орындауға ынталандыру, өз-өзіне қызмет көрсетуді дамыту. Сергіту сәтін жүргізу арқылы қимыл-қозғалыстарын молайта түсу.
Тәрбиелігі: Табиғатты аялауға, әсемдікті көре білуге, сезіне білуге және жануарларды қорғауға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер: Көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап, мадақтау.
Көрнекі құралдар: Саусақ ойын құралдары, дидактикалық ойындардың құралдары, боямақ суреттер.
Жаңа технология: Денсаулық сақтау технологиясы бойынша өзін-өзі уқалау, сергіту сәті, М.Монтессори технологиясы бойынша «Математикалық аймақ», «Тілдік аймақ» арқылы саусақ ойындары, «Ғарыштық аймақ» бөлімі арқылы «Жануарлардың тіршілік ету ортасы» ойыны, дәстүрден тыс сурет салу.

Балаларды әуенмен кіргізіп шаттық шеңберіне тұрғызу.
Тәрбиеші:
— Балалар, бүгінгі ұйымдастырылған оқу қызметіміз көңілді өту үшін қайырымды достарымызды ұйқысынан оятайық.
Өзін-өзі уқалау жаттығуын орындату.
— Сәлеметсіз бе, көзім!
— Ояндың ба?
— Сәлеметсіз бе, құлағым!
— Ояндың ба?
— Сәлеметсіз бе, қолым!
— Ояндың ба?
— Сәлеметсіз бе, аяғым!
— Ояндың ба?
— Сәлеметсіз бе, Алтын күн!
— Ояндың ба?
— Біз ояндық.
/Балалар өлең мазмұнына сәйкес өздерінің көзін, құлағын, қолын, аяғын уқалайды/
Тосын сәт:
Есік қағылады.
Тәрбиеші:
— Балалар, бізге хат келді. Кімнен хат келгенін білгілеріңіз келе ме?
Балалар:
— Иә, білгіміз келеді.
/«Маша мен аю» мультфильмінің әуенін тыңдату/

Тәрбиеші:
— Балалар, өздеріңнің сүйікті кейіпкерлеріңіз Машадан ашық хат келген екен. Мен хатты оқиын.
/Балалар қызығушылық танытады/
— Сәлеметсіңдер ме, «Балдырған» бөбекжайының бүлдіршіндері. Мен сендерді «Ғажайыпстан» еліндегі үйіме қонаққа шақырамын. Сендерге айтар көп жаңалығым бар. Келіңіздер асыға күтемін!
Сәлеммен Маша!
/Балалар Машаның хатын тыныштықпен тыңдайды/
Тәрбиеші:
— Бүгінгі ұйымдастырылған оқу қызметіміздің тақырыбы «Ғажайыпстанға саяхат» деп аталады. Балалар, сендерге қояр бір шартым бар. Алдымен жұмбақ жасырамын. Егер жұмбақты дұрыс шешсеңдер сендерді Машаға апарамын. «Ғажайыпстан» еліне саяхатқа бару үшін бізге көлік керек.
Жұмбақ:
Бір-біріне үйлер тіркесіп,
Жүреді олар бірлесіп.
Балалар:
— Пойыз.
Тәрбиеші:
— Жарайсыңдар, балалар! Олай болса, бәріміз пойызбен «Ғажайыпстан» еліндегі Машаға қонаққа барамыз. Міне, балалар, пойызымыз да келіп тұр. Пойызға отыру үшін билет алуымыз керек.
Дидактикалық ойын: «Көлеңкесін тап»
Мақсаты: Балаларды заттардың көлеңкесін тауып орналастыруға үйрету. Тілдерін дамыту.
Ойын шарты: Балалардың қолына әртүрлі заттардың суретін тарату. Қолдарындағы суреттер бойынша көлеңкесін тауып отыруды ұсыну.
Көрнекі кұралдар: Заттардың суреттері, көлеңкенің суреттері.
Балалар суреттегі заттардың көлеңкесі бойынша өз орындарына отырады. Балалар пойызға отырып, әндерін орындап, «Ғажайыпстан» еліне келеді.
/«Ғажайыпстанға саяхат» мультфильмін көрсету/
Тәрбиеші:
— Міне, «Ғажайыпстан» еліндегі Машаның үйіне келіп жеттік.
/Маша балалардың келгеніне қатты қуанады/
Тәрбиеші:
— Маша, сәлеметсің бе, біздің балаларымыз өзіңе жеткенше асық болды. Маша, біздің балаларға қандай жаңалығың бар? Аю ағаң көрінбейді ғой.
Маша:
— Аю ағам қыс мезгілі болғандықтан ұйықтап жатыр. Сондықтан да ішім пысқан соң сендерді шақырдым. Аю ағамның дайындаған ойындарын бәріміз ойнайық.
Тәрбиеші:
— Балалар, Аю ағайдың ойындарын ойнаймыз ба?
Балалар:
— Иә, ойнаймыз.
Маша: Бұл жай ғана ойындар емес. Бұл ойындар біздің саусақтарымызды жаттықтыруға көмектеседі. Кәне, ойын ойнайық.
Тәрбиеші: Машаның Аю ағасы бізге көптеген ойындар дайындап қойыпты. М.Монтессори технологиясы бойынша «Тілдік аймақ» бөлімі арқылы
1 – дидактикалық ойын: «Әріптерден сөз құра» деп аталады.
Ойынның шарты: Берілген сөздерді қақпақтарға жазылған әріптерден құрастырып жазу. Дауысты дыбыс әріптері қызыл түсті қақпақтарға, ал дауыссыз дыбыс әріптері көк түсті қақпақтарға жазылған.
/Балалар қақпақтарға жазылған әріптерден сөз құрастырады/
Тәрбиеші:
— Балалар, жан-жағымызға қарайықшы. Нелер бар?
Балалар:
— Үстелдер мен парталар бар.
Тәрбиеші:
— Үстелдер мен парталар неден жасалғанын білесіңдер ме?
Балалар:
— Ағаштан жасалған.
Тәрбиеші:
— Үстіміздегі киімдер неден жасалған?
Балалар:
— Киімдер матадан жасалған.
Тәрбиеші:
— Балалар, дұрыс айтасыңдар. Айналамыздағы нәрселер, қоршаған ортадағы нәрселер кез-келген заттардан жасалады. Олай болса, Аю ағамыздың екінші тапсырмасын орындайық.
2 – дидактикалық ойын: «Біздер неден жасалдық?»
Ойынның шарты: Тақтада темір, ағаш, пластмасса, резина, картон, былғары, мата материалдарының бөліктері қойылған. Балалар ашықхаттағы суретті алып, заттың атын айтып, олардың неден жасалғанын анықтау керек. Тақтадағы заттардың қатарына топтастырып қою керек.
Тәрбиеші:
— Маша, балалар, орнымыздан тұрып, денемізді сергітіп алайық.
Сергіту сәті:
/Бейнекөрініске қарап қимыл-қозғалыс жасату/
Маша:
— Балалар, сендер санап білесіңдер ме?
Тәрбиеші:
— Біздің балалар 1-10 – ға дейін санай алады. Қане, балалар, санап берейік.
Бала:
— 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10.
М.Монтессори технологиясы бойынша «Математикалық аймақ» бөлімі арқылы Дидактикалық ойын: «Заттың санын тап»
Ойынның шарты: Суреттегі заттарды санап, заттың санына байланысты тиісті цифрды қыстырғышпен белгілеу керек.
Тәрбиеші:
— Мария Монтессори элементі бойынша «Ғарыштық аймақ» бөлімі арқылы «Жануарлардың тіршілік ету ортасы» атты ойынды орындаймыз.
Ойынның мақсаты: Жануарларды өмір сүру ортасына қарай топтастыру.
Ойынның шарты: Ватман қағаздың бетіне жердің, судың, ауаның суреттері салынған. Суреттегі жануарларды, құстарды, балықтарды тіршілік ету ортасына қарай орналастыру керек.
/Жануарларды өмір сүру ортасына қарай орналастырады. Мысалы: Қасқырды жерге, шаянды суға, құсты ауаға орналастырады/
Маша:
— Балалар, сендер сурет сала аласыңдар ма? Аю ағам сендерге сыйлыққа боямақ суреттер дайындап қойып еді.
Тәрбиеші:
— Балалар, бүгін біз дәстүрден тыс сурет салу әлісін орындаймыз. Боямақ суретті орындау үшін бізге тек қана қылқалам мен ыдысқа құйылған су қажет.
Тәрбиеші: Маша, біздің бөбекжайға қайтатын уақытымыз таяп қалды.
Маша: Балалар, сендерге рақмет! Аю ағамның тапсырмаларын жақсы орындадыңдар. Менің көңілімді көтергендеріңіз үшін сендерге сыйлық беремін. Мені ұмытпаңыздар. Сау болыңыздар, балалар!
Балалар: Сау болыңыздар!

Пойызға отырғаннан кейін ұйымдастырылған оқу қызметін қорытындылау мақсатында балаларға сұрақтар қою.
— Қайда саяхатқа бардық?
— «Ғажайыпстан» еліне саяхат жасадық. Машаның үйіне қонаққа бардық.
— Бүгінгі ұйымдастырылған оқу қызметінде сендерге не ұнады?
— Заттың көлеңкесін тапқан ұнады.
— Әріптерден сөз құраған ұнады.
— Заттарды жасалуына қарай топтастырған ұнады.
— Заттардың санын тапқан ұнады.
— Жануарларды, құстарды, жәндіктерді тіршілік ету ортасына қарай топтастырған ұнады.
— Боямақ суретті салған ұнады.
Балаларды мадақтау.
Бүгінгі ұйымдастырылған оқу қызметіне жақсы қатыстыңыздар. Мен сендерге Маша мен аю ағаларыңның суреттерін беремін.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *