Шәкәрім шығармашылығының танымдық сипаты

Шәкәрім – қазақ мәдениеті тарихында орны зор, еңсесі биік ерекше тұлға. Ол – заманның озық ойлы демократы, ірі ағартушысы,терең ойшылы, қоғам қайраткері. Жарты ғасырдан астам еріксіз үзілістен соң халық алдына қайта шыққан ұлы тұлғаларымыздың бірі Шәкәрімнің қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихында алатын орны ерекше. Шәкәрім әрі ақын, әрі тарихшы, философ, өз заманының үлкен ойшылы еді, қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызған, қазақ өлеңдерін түрлендіре түскен, қазақ тілінің мол мүмкіндіктерін бұрынғыдан әрмен танытқан бірегей қаламгер еді. Ол жаңа қазақ әдебиетінің көшбасшысы Абайдың үлкен ағадан туған ізбасар інісі. Туыстық жөнінен ғана емес, ұстанған жолы тұрғысынан алып қарағанда да Абайға ең жақын адам еді. Қилы заманда оққа ұшқан ақынның есімі де жұртшылық санасынан аласталмақ болған еді. Бірақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші өзі өлсе де аты өшпеген Шәкәрім атамыздың шығармалары әлі де жас ұрпақтың білім нәрін сусындатып келеді.

Құдайбердіұлы Шәкәрім (1858-1931) – ағартушы, ақын, жазушы, тілмаш, композитор, тарихшы және философ, Алаш қозғалысына қатысушы. Семей облысының (қазіргі Шығыс Қазақстан) Абай ауданы, Қарауыл ауылында, Шыңғыстаудың бөктерінде дүниеге келген. Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы әрі өзінің немере ағасы — Абай Құнанбаевтан тәрбие алған. Абай оның азамат әрі ақын болып қалыптасуына үлес қосқан. Шығыс және батыс классикалық әдебиеттерін оқиды. Өз кезінің білімді адамдарының бірі болған – орыс, түрік, парсы, араб тілдерін жетік меңгеріп, философиялық, діни, психологиялық еңбектерді көп оқыған.

Шығармаларында жастарды Абайдан білім алуға шақырған («Жастық туралы», «Кәрілік туралы», «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табайық»), өлең-жырларында боямалы ажарды, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алған (“Өмір”, “Сәнқойлар”, “Ызақорлар”, “Құмарлық”, “Қалжыңбас”, “Тойымсыз нәпсі”), шынайы сезім, адамшылық, білімге деген құштарлықты жырлаған («Жастарға», «Иманым» т. б.).

«Қалқаман-Мамыр» (1888), «Еңлік-Кебек» (1891), «Айсұлу-Нартайлақ», «Криз патша», «Ләйлі-Мәжнүн» (1907) поэмаларының, қазақ халқының қалыптасу тарихы туралы «Түрік, қырғыз, қазақ, һәм хандар шежіресі», «Шежіре», «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» философиялық трактатының,

Шәкәрім Абай дүниеден өткен соң, 1905 жылы қажылыққа, Арабия, Түркияға барып, белгілі Александр кітапханасында жұмыс істейді. Қайтып оралған соң, Шәкәрім туған ауылын тастап, әдеби шығармашылыққа бет бұрады. Ақпан төңкерісінен кейін Семей облыстық қазақ съезіне қатысып, құттықтау сөз сөйлейді. 1917 ж. 5-13 желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ съезіне арнайы шақырылады. Земствоның желтоқсан жиналысына қатысып, Семей уезі Шыңғыс болысы земствосына сайланады. Облыстық сот мүшесі, Алаш үкіметі сот коллегиясының мүшесі болған. 1925 жылы елден кетіп өмірінің соңына дейін Саят-Қорадағы аңшылық үйінде тұрады. 1931 жылы ақынға кулак-бай элементтерімен байланысы бар деген жала жабылып, тұтқынға алынады. 1931 жылы 2 қазанда ОГПУ қызметкерлері сотсыз және ешқандай іс жүргізбей жасырын атады. 1958 жылы 28 қарашада қылмыстық ісі болмауы себепті ақталған. 1961 жылы Абайдың жанына жерленді.

Ақынның белгілі шығармаларының бірі – Үш анық. «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді… Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан –дегеніміз, ынсап, әділет, мейірім». Бұл сөздерден болмыс көріністерін адам бас көзімен көретінін білеміз. Бірақ бас көзімен көрген нәрсе ақиқат емес. «Бас көзі» деп бұл арада адамның екі көзі ғана емес, адамның сыртқы бес сезім мүшелері де айтылып отыр. Бес сезім мүшелерін біріктіріп Шәкәрім «бас көзі» деп атайды. Бұл оның өлеңдерінен де байқалады.

Сонымен, бірінші анық – сезім мүшелері қабылдайтын болмыстың заттық көрінісі. Бірақ болмыстың бұл көрінісі ақиқат емес, яғни толық болмысты білдірмейді. Толық болмысты, яғни ақиқатты ақыл көзімен ғана көруге болады. Ақыл көзі дегеніміз, жоғарыда айтылғандай, адамның логикасы, немесе ақыл-ойының жұмысы. Шәкәрім «ақыл» деген сөзді оның кең мағынасында пайдаланады. Ақыл адамның ақыл-есін, ой-өрісін, сана-сезімін анықтайды. Сондықтан осы бір сөзбен адамның адами қасиеті белгіленіп отыр.

Екінші анық – өлімнен соңғы тіршілік, яғни болмыстың көзге көрінбейтін бөлігі. Болмыстың бұл бөлігі эзотерикалық, көзге көрінбейтін әлемге жатады.

Ал үшінші анық – екі өмірге де, яғни көзге көрінетін заттық әлем мен көрінбейтін әлемге де керек – ұждан. Ұждан, немесе ұят жан қасиеті. Ал бұл қасиет адамның рухымен байланысты. Ұят – Ғазиз Жанның шыбын жанмен байланысы. Бұл байланыс неғұрлым тығыз болса – солғұрлым ұят жоғары. Жан сипаты болып табылатын рух тәнмен осы адами қасиет арқылы байланысады. Ендеше адамды адам ететін адами қасиет дегеніміз ақыл-ес, ой-өріс, сана-сезімнің рухтанған, яғни рухпен нұрланған қалпы. Жануарларда бұндай қасиет жоқ. Себебі, олардың рухы өте әлсіз, әлі дамымаған. Адамның жануарлардан негізгі айырмашылығы осында болса керек. Шығарманың мақсаты – осы үш анықтың анықтығын дәлелдеу.

Кетті, келді,

Толды, семді,

Өзгеленді бұл ғалам.

Туды, өлді,

Жанды, сөнді,

Өршіп өнді қайтадан.

Дөңгеленткен,

Өңгеленткен,

Түк білімсіз күш пе екен?

Тіпті мінсіз, Кемшіліксіз,

Есті қылған іс пе екен?

Жан деген не,

Мүлде өле ме,

Шын жоғалып сөне ме?

Дене жөн деп,

Жоғары өрлеп,

Жаның мен деп келе ме?

Ойшыл осылай әуелі болмыстың тіршілігі жөнінде негізгі сұрақтар қояды. Бұл сұрақтар алдағы қарастырылатын мәселенің жоспарын анықтайды. Осылай ғасырдан ғасырға адамзатты толғандырып келе жатқан, өзінің шешімін табуды керек қылатын негізгі мәселелер анықталады. Осының өзінен бұл шығарманың өте кең діни-философиялық ауқымын және үлкен маңызын көруге болады. Шын мәнінде, бұл шығарма рухани жолдағы емес, қарапайым өмірлік адамдарға арналған. Ол көзге көрінетін әлемнен басқа, көзге көрінбейтін әлемнің де барын дәлелдей отырып, адамды фәни әлемнен сол көзге көрінбейтін бақи әлемге қалай дұрыс өтуге үйретеді.

Шәкәрімнің бұл кітапта нұсқаған көрінбейтін әлемі әлі рухани әлем емес. Рухани әлем бұл екі әлемнен әрі және жоғары жатыр. Ол заттық қарапайым сөздермен суреттеп жеткізуге келмейтін, мүлде басқа әлем. Махаббаттың шыңын білдіретін ол әлемге Шәкәрімнің «Ләйлә мен Мәжнүн» дастаны және Қожа Ғафиз тақырыбына арналып жазылған шығармалары мен өзінің әулиелік қасиеттерін көрсететін өлеңдері жатады. Ал «Үш анық» шығармасы адамды сол әлемнің табалдырығына алып келіп, әрі қарай қандай жағдай болу керек екенін түсіндіріп, рухани әлемге кіру шартын ғана береді. Сондықтан шығарманың соңында Жаратушының және жанның кейбір қасиеттері беріледі. Адамзат қоғамында көпшілік қауым қанау мен зорлыққа негізделген өмірдің төменгі деңгейіндегі тән құмары үшін пенделікпен тіршілік құрады. Шәкәрім келесі деңгейге, бұл жалған өмір үшін емес, мәңгілікті рухани өмірге бағыттайды. Сондықтан, ойшылдың бұл шығармасы адамзат қоғамы үшін баға жетпес қазына болып табылады. Шәкәрім көрнеу әлем ғана емес, көрінбейтін әлемнің де көп сыр-сипатын береді. Бұл үшін көптеген мысалдар келтіріп, оның ақиқат екенін дәлелдеп, көз жеткізуге ұмтылады. Бірақ бұл мысал ретінде келтірілген әңгімелердің ішкі сыры ашылмаған. Біздің мақсатымыз олардың заттық ғылым қауқарынан таса жатқан, ішкі сырларын ашып, эзотерикалық мәнін көрсету. Сонымен бірге екі әлемнің тығыз байланысын, бұл байланыстың орындалуын талқылау. Екі әлемнің тығыз байланысын түсінгенде адамға өмірдің түпкі мақсатына жету үшін жол ашылады. Сондықтан бұл шығарманы дұрыс түсінудің маңызы кімге болса да өте үлкен деп білеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы.
  2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010
  3. Д. Омаров. Шәкәрімнің «Үш анығы» [Мәтін] : (ұлы ойшылдың «Үш анық» шығармасына түсініктемелер) : дүниетаным / Д. Омаров. — Алматы : Білім, 2008. — 224 б.
  4. М.Мырзахметов. «Абай жүрген ізбенен». Алматы, «Қазақстан», 1985ж.
  5. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері. – Алматы: Кенже-пресс. 2000. – 214б.
  6. https://ummet.kz/makalalar/350-dyn-jane-gylym/9706-shakarimnin-ush-anygy-neni-bildiredi.html
  7. http://imena.pushkinlibrary.kz/kz/d-alashkz/1596-.html
  8. «Әдебиет» порталы.

 

Жанай А., Алимбетова А., Бөкенбай Д.,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс магистранттары;

Жанатаев Д.,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *