Рухани жаңғыру: Туған жердің тұғырлы тарихы

Қазақ халқының сан қилы тарихын бастан кешіріп, бүгінге жеткен осынау батырлар жырының кейбірі неше мың жылдан асады. Қазақта «Ел үмітін ер ақтар, ердің даңқын ел сақтар» деген аталы сөз бар. Әрбір қан кешуде, жеңіс сәттерінде жау түсіріп, жалауын асқақтатқан ер азамат өзінің жан серігі – тұлпар атымен мерейлі болған. Қазақта «Ат – адамның қанаты», «Ерден ердің несі артық, елі үшін қылған ісі артық, аттан аттың несі артық, адымдап басқан ізі артық» деген мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер бар. Айтса айтқандай, ер басына күн туып, етігімен су кешкен, ат басына күн туып, ауыздықпен су ішкен ұйқы-тұйқы, жаугершілік замандарда жылқы жылқы жануар тарыққанда медет, жорытқанда қанат болып, қазақ баласын десендірер еді.

Сондықтан да өзімнің туған өлкем Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қызыл-кесік жеріндегі қазақ тарихындағы аты мәңгілік өшпес, қайсар Қабанбай батырдың өмірі мен Қубас аттың ел аузындағы дерегін, «Майлышат» туралы аңызды, «Доланқара», «Сауытқойған», «Баспан» тауының ел аузынан қалған тарихи жерлері жайлы ұсынғым келеді.

«Қабанбай батыр»

Қабанбай Қожақұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз (XVII ғ. соңы – XVIII ғ. орта шені) – қазақ батыры. Азан шақырып қойған аты – Ерасыл.

XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы күрестің бел ортасында жүрген қолбасшылардың бірі. Халық арасында оны Қаракерей Қабанбай деп атаған. Найман ішіндегі Қожағұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза тапқан. 16 жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін ол 5-6 жыл Зайсандағы Керей ішіне кетіп, әпкесі Меруерт пен жездесі Бердәулеттің қолында болады. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанады.

1717 жылы Аягөз шайқасында ерекше көзге түсіп, Қабанбай «Батыр» атанады. 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырқарай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналады.

1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін «Дарабоз» атанады. 1751 жылы Арқадан Оңтүстік Қазақстанға – Ханбаба (Барақ сұлтанның үлкен ұлы) жорығы жасалады. Ұлы жүз жасағын өзіне қосып алған 2 түмен қазақ әскері, Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билікке келуіне көмектесті. Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады.

XVIII ғасырдың орта шенінде қазақ хандары билік үшін жүргізген күрес шиеленіскен шағында Барақ сұлтан Кіші жүздің ханы Әбілқайырды өлтірген. Қабанбай батыр Барақ сұлтанға кінә тағып, оның Жоңғар хандығымен жақындасуына қарсы әрекет жасады. Осыған орай Қабанбай батыр тек Орта жүздің ішкі жағдайларына ықпал етіп қана қоймай, Кіші жүзде болып жатқан тарихи оқиғалардың да бел ортасында болды.

1752-1754 жылдары Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысқан. Осыдан кейін қазақ жасақтары Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінде екі бағытта шабуылға шыққан. Күнгейді әскер тобын басқарған Қабанбай сарбаздарымен Қаракөл мен Нарынды, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылған.

Баспан-Базар, Шораға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат еткен. Қазақ жері басқыншылардан азат болғаннан кейін Қабанбай батыр 1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген қытай әскерінің бетін қайтаруға ат салысты. Шығыс аймақтарға ел көшіру, қоныс бөлу ісіне араласты. Жоңғар үстемдігі кезінде қолдан шығып кеткен Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға қатысқан.

Қытаймен бітім жасалғаннан кейін, 1758 жылы қырқүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдап барып, қазақ-қытай саудасын бастап берді. Әкесі Әтеке жырықтың кегін алу үшін 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке ауырып жатқанына қарамастан қол бастап қарсы шығып, Қабанбай жекпе-жекте Қарабекті өлтірген. Сол сәтте өзі де ат үстінен құлап түсіп, қазаға ұшыраған.

Қабанбай батыр есімі ел есінде сақталған. Алматы облысындағы бұрынғы Андреев ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында, Жарбұлақ ауданында, Алматы, Семей, Өскемен, Талдықорған қалаларындағы бір-бір көшеге, сондай-ақ Аякөз қаласында орналасқан танк дивизиясында Қабанбай есімі берілген. Алматы облысының Алакөл ауданының орталығындағы Үшарал қаласында батырға ескерткіш орнатылған.

1992-1993 жылдары бұрынғы Талдықорған және Семей облыстарында Қабанбай батырдың 300 жылдығы аталып өтіліп, үлкен ас берілді.

Астана қаласының іргесінде батырға ескерткіш-монумент орнатылған.

Стамбулдың Бахыркөй ауданы, Атакөй аланыңдағы Киікті саябағында батыр бабамызға еңселі ескерткіш орнатылды. Көреген жанның көзі тойып, көңілі қуанар туынды. Бұл — әуежайға таяу, қаладағы аса көрнекті жер.

Батыр туралы жыр-дастандар, зерттеу еңбектері аз емес. Қабанбай батырдың өмірі мен ерлік күресі Бұхар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара т.б. халық ақындары жырларына арқау болған. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының көне жазбалар бөлімінде Қабанбайға арналған жырлардың төрт нұсқасы, Қытай қазақтарында онға тарта нұсқасы сақталған.

Бұл жырларды жинауға Ш. Уәлиханов, С. Торайғыров, Қ. Халидұлы, Қытайда тұратын қазақ ғалымдары З. Сәнік, Б. Садықан т.б. көп еңбек сіңірген. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» тарихи романын жарыққа шығарды.

Тарбағатай ауданы 1928 жылы құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы мамыр айындағы Жарлығымен Республикамыздағы әкімшілік жұмыстардың өзгертілуіне байланысты Ақсуат ауданы таратылып Тарбағатай ауданының аумағына енгізіліп Тарбағатай ауданы деп аталды.

Ел қорғаудағы ұлы ерліктер Тарбағатай өңірінде өткені белгілі. Аудан жеріндегі Қалмаққырылған, Долаңқара, Кергентас, Баспан, Майлышат, Қубас кезеңі, Шорға, Мауқыбай, Шаманна тағы басқа тарихи жерлер осы оқиғаға байланысты аталған. Қабанбайдың Қубас атындай тұлпар аттың тектілігі, бой-тұрқы, мінезі, ғажап шабысы өте әсерлі суреттеледі.

 

«Қубас»

Қабанбай бабам мініп, талай шайқастарда жеңіске жеткен атақты ат Қубас – жасамалы жастан асып, міністен қалғаннан кейін жеке күтініп жылқы ішінде жүре береді. Бір күні әбден әлі кетіп қартайғанда сәйгүлік осы асудың бауырына жете бергенде жатып қалады, қанша демеу жасаса да орнынан тұра алмайды. Амалдары таусылған жылқышылар осы жайтты би Боранбай бабама хабарлайды. Сонда би бабам: «Қубастың» үстінен бір топ жылқыларды шұрқыратып айдап өтіңдер деген екен. Би бабам айтқандай, бір топ жылқыны үстінен айдап өткенде, Қубас ат орнынан ұша тұрып жылқылармен ілесе жөнеледі. Дәл кезеңнің үстіне көтерілгенде басын күншығысқа қарай бұра қарап, бір кісінеп құлап түсті де тұяқ серіппей жан тапсырады. Міне содан бері Қубас асуы деп аталып кеткен екен.

 

«Майлышат» туралы аңыз былайша баяндалады

XVIII ғасырда қазақ қалмақ шайқасы осы майлышатта болған. Осы шайқаста қазақтар жеңіске жеткен екен. Жеңіске жетіп, би Боранбай қалмақтардан тұтқын болып түскен Қарашаш сұлуды әйелдікке алып, май ағызып той жасаған. Бастапқы «Майлышаты» немесе «Майлының шаты» деген атауы халық келе-келе «Майлышатқа» айналдырған екен. Қазіргі кезде «Майлышат» мекені әді күнге дейін бар. Табиғаты тамаша, адам баласы көрсе көз тоймас ғажайып бір әсем бейне. Көгорай шалғын шөбі қандай қалың әрі дала жануарлары көп мекен етеді. Дәл осы жерде Малдыбай қажының ескерткіш мазары салынған.  Малдыбай атамыз Кеңес өкіметі кезінде Тарбағатай ауданының (бұрынғы Ақсуат ауданы) совхоз директоры болып қызмет атқарған. Өте беделді, адамгершілігі зор, халқына адал еңбек еткен қалаулы азамат болған. Ол кісінің ерен еңбегін тұрғындар әлі күнге дейін естен кетпестей жас ұрпаққа үлгі етіп, рухани адамгершілік тәрбие беруде.

 

«Доланқара»

Бұрынғы заманда қазақ пен қалмақ соғысқанда осы біздің (Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қызыл-кесік ауылы) Қаратауда соғысқан. Қалмақтың Долан деген батыры Қабанбаймен жекпе-жекке шыққан. Долан батыр жеңілгеннен кейін ол өлер шағында Қабанбайға жалыныпты: «Менің атымда ұрпағым жоқ еді. Маған осы жерге менің атымды қой» — деп өтініпті. Сонда Қабанбай батыр Қаратауға «Доланқара» деп ат қойыпты.

«Сауытқойған»

Сауытқойған. Сауыт дегеніміз – батырлар кеудесіне киетін темір шынжырдан тоқылған, оқ өткізбейтін киім. Сауытқойған аталуының себебін шежіреші ақын марқұм Смағүлүлы Мауғаждар атамыз былайша баяндайды: Зырлатқан би Боранбай садағынан

Қандыда қаза тапқан батыр Ойман

Сауыты бір қалмақтың қалып қойған,

Сол жерді атап кеткен Сауытқойған.

Тағы да бір аңызда Сауытқойған қыстағы Жоңғарларға қарсы соғыс барысында Нарбота батыр сауытын шешіп демалғандықтан осылай деп атап кеткен делінген.

«Баспан»

Баспан деген Базар өзенінің жанындағы үлкен тау. Таудың үстінде кең шұңқыр болған. Қазақ пен қалмақ соғысқанда сол таудың басына барып, қалмақтар бекініп алған. Қазақтың батыры Қабанбай сол жерде қалмақтарды қырған. Қалмақтар жеңіліп қашқаннан кейін бұл жерді енді қайтіп «баспаймын» дегеннен кейін, ол тау Баспан деп аталып кеткен.

Бүгінгі балаларға насихатталып отырған «Рухани жаңғыру: Туған жердің тұғырлы тарихы» сол жердің тарихи мұрасын жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа танытып отырған еңбегімнің басты мақсаты, әрі туған жерге деген сүйіспеншілігінің көрінісі деп білемін.

Сөзімді қорытындылай келе қазақ халқының батыр бабаларының тарихта қалған өшпес қайсар ізін  қазіргі және келешек жас ұрпақ мәңгі бақи естен кетпестей жүрегінде сақтайтын және өз ел-жұртына Отанына деген патриоттық сезімдері нұр үстіне нұр болар деген үміттемін.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *