Ойын мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті

Оспанова Салтанат Курмангалиевна

 

Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады.

Баланың өсіп-өнуінде ойынның мәні зор. Әсіресе, мектеп жасына дейінгі балалар өмірінде ойынның атқаратын орны айрықша. Қай заманда қай халықтың өмірінде болсын мектеп дейінгі жастағы балалар мүмкіндігінше, шамасына қарай ойын ойнайды. Осы бір шақты ескергендіктен мектепке дейінгі шақты ойын баласы деп халық тегін  айтпаған.

Мектепалды даярлық топтарында оқу қызметінің өн бойы ойын әрекерін ұйымдастыру арқылы жүзеге асады. Себебі, 5 – 6 жасар бала оқу қызметін оқығаннан гөрі ойын ойнағанды қалайды, зейіні тұрақсыз, бір іспен ұзақ уақыт шуғылдана алмайды. Бала ойынмен өседі. Ойында баланың қарым – қатынасы кеңейіп,таным қабілеті өседі, мінез – құлық қалыптасады. Ойын баланың даму құралы, таным көзі, білімділік, тәрбиелік, дамытушылық, мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Көп ойнаған адамның дүниетанымы кең, жаны таза, жүрегі нәзік сезімтал тұлға болмақ.

В.А.Сухомлинский «Ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы жоқ және олай болуы мүмкін емес. Ойын дүниеге ашылған үлкен жарық терезе іспеттес, ол арқылы баланың рухани байлығы жасампаз өмірмен ұштасып айналадағы дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз – ұшқын, білуге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты» деген.

Ойын бала өмірінің қажеттілігінен туады. Мектепке дейінгі баланың қажетін өтейді. Бала үшін ойын іс-әрекет, қимыл құралы болумен қатар олардың танымын, түсінігін және білімін жетілдірудің ең негізгі жолы болып табылады.

Ойын кезінде баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, белсенділігі артады, ерлік қасиеті, қиял-елестері дамиды, яғни, баланың шығармашылық таланты кеңейеді.

Ойын үстінде бала бейне бір өмірдің өзіндегідей қуаныш, реніш сезімінде болады. Бірақ одан ойын екенін білмейді деген түсінік тумайды. Сондықтан шындықтағыдай «сөйтейік», «бүйтіп көрейік», «былай болсын» деуі олардың  ойынды ойын ретінде түсінуінен. Осыған байланысты ойын туралы жасалатын тұжырым мынау:

  • Ойын – тәрбие құралы, ақыл-ойды дамытады, тілді ұзартады және тілдік қорды өсіреді, өмірді танып, сезімді кеңейтеді;
  • Ерік және мінез қасиеттерін бекітеді, адамгершілік сапаны жетілдіреді;
  • Ұжымдық сезім әрекеттері өсе түседі;
  • Эстетикалық тәрбие беру құралы;
  • Еңбек тәрбиесін беру мақсаттарын шешуде мүмкіндік береді;
  • Дене күшінің жетілуіне мүмкіндік береді, бұл денсаулығының жақсаруына жәрдем береді;

Сонымен ойын – баланың жан-жақты, жарасымды тәрбиелеудің ең басты тәрбие негізі болып саналады.

Қорытындылай келе, балалардың белсенді іс – әрекеті дамытудағы ойындар, жаттығулар, еркін ойындар, танымдық тапсырмалар арқылы балалардың бастамашылығын, байқампаздығын, белсенділігін, даралығын, дарындылығын, қабілетін, шығармашылығын дамыта отырып бала бойына құзырлылықтарын қалыптасуында: мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндікке дағдыларын таба білу.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *