Мазмұнға өту
Мақала жариялау
Bilimger Journal №6 / 2026 шығарылымына мақала қабылдануда·QR-кодты сертификат Журнал №6 мақала қабылдануда·8 орын қалды 8 орын қалды Жариялау

: «» · ₸

Алуадинова Меруерт Мұхтарқызы 7М01501-Математика білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты
13 мин оқу 13 оқылым

Алуадинова Меруерт Мұхтарқызы

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті

2-курс магистратура студенті

merumuxtar@mail.ru

Ғылыми жетекшісі – А.М.Мубараков

Ақтау, Қазақстан

Аңдатпа (Аннотация) Бұл мақалада жалпы білім беретін мектептің математика курсында «Ықтималдықтар теориясы және математикалық статистика» бөлімін оқыту барысында оқушылардың өмірлік жағдайларды математикалық модельдеу дағдыларын қалыптастыру мәселесі қарастырылады. Зерттеу барысында қолданбалы ықтималдық есептерінің жүйесін құрастырудың дидактикалық принциптері негізделіп, тапсырмалардың төрт негізгі өмірлік бағыты (тұрмыстық-әлеуметтік, қаржылық-экономикалық, медициналық-биологиялық, ақпараттық-техникалық) мен үш күрделілік деңгейі (А, В, С) айқындалды.

Кілт сөздер: ықтималдықтар теориясы, математикалық модельдеу, қолданбалы есептер жүйесі, функционалдық сауаттылық, формализация, интерпретация, деңгейлік тапсырмалар.

Аннотация В данной статье рассматривается проблема формирования у школьников навыков математического моделирования жизненных ситуаций при изучении раздела «Теория вероятностей и математическая статистика» в школьном курсе математики. В ходе исследования обоснованы дидактические принципы построения системы прикладных вероятностных задач, определены четыре основных жизненных направления (бытовое и социальное, финансово-экономическое, медико-биологическое, информационно-техническое) и три уровня сложности (А, В, С).

Ключевые слова: теория вероятностей, математическое моделирование, система прикладных задач, функциональная грамотность, формализация, интерпретация, уровневые задачи.

Abstract This article examines the problem of developing students' skills in mathematical modeling of real-life situations when studying the section "Probability Theory and Mathematical Statistics" in a school mathematics course. The study substantiates the didactic principles of constructing a system of applied probability problems, identifies four main life directions (everyday and social, financial and economic, medical and biological, information and technical), and three levels of complexity (A, B, C).

Keywords: probability theory, mathematical modeling, system of applied problems, functional literacy, formalization, interpretation, tiered tasks.

Кіріспе

Қазіргі білім беру парадигмасы оқушыларға тек теориялық білім жиынтығын меңгертіп қана қоймай, сол білімді белгісіздік пен тәуекелдерге толы шынайы өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана білу дағдыларын қалыптастыруды талап етеді. Халықаралық PISA зерттеулері мен отандық білім беру стандарттарында оқушылардың математикалық сауаттылығының негізгі өлшемі ретінде математикалық модельдеу циклін (нақты мәселені математикалық тілге аудару, модель құру, есептеу және алынған нәтижені өмірлік контексте түсіндіру) меңгеру деңгейі алынады [1].

Мектеп математика курсындағы «Ықтималдықтар теориясы және математикалық статистика» бөлімі оқушылардың стохастикалық ойлауын дамытуға зор мүмкіндік береді. Алайда мектеп тәжірибесі көрсеткендей, оқулықтардағы есептердің басым бөлігі дәстүрлі «тиын лақтыру», «ойын сүйегін тастау» немесе «жәшіктен шар алу» сияқты жасанды сюжеттермен шектеледі. Мұндай формальды тапсырмалар оқушының пәнге деген танымдық қызығушылығын төмендетіп, ықтималдық заңдылықтарының қаржы, медицина, экология және цифрлық қауіпсіздік салаларындағы нақты қолданысын көруге кедергі келтіреді. Осыған байланысты оқу үдерісіне өмірлік мазмұнға құрылған қолданбалы ықтималдық есептерінің ғылыми негізделген жүйесін енгізу өзекті мәселе болып табылады.

Зерттеу әдістері мен дидактикалық негіздері

Әдістемелік әдебиеттерде (А.Г. Мордкович, Ю.М. Колягин, Ә.Е. Әбілқасымова) «тапсырмалар жүйесі» жай ғана есептер жиынтығы емес, ортақ дидактикалық мақсатқа бағытталған, өзара құрылымдық және мазмұндық байланыстағы есептердің тұтас кешені ретінде қарастырылады [2; 3]. Зерттеу барысында қолданбалы ықтималдық есептерінің жүйесін әзірлеуде келесі дидактикалық принциптер басшылыққа алынды:

Өмірлік шынайылық принципі: Есеп шартындағы сюжет оқушының күнделікті тәжірибесіне, әлеуметтік ортасына және заманауи экономикалық, цифрлық үдерістерге жақын болуы шарт.

Модельдеу кезеңдерінің толықтығы принципі: Әрбір тапсырма тек сандық есептеумен шектелмей, жағдаятты формализациялауды, ықтималдық моделін құруды және алынған нәтижені өмірлік тұрғыдан интерпретациялауды талап етуі тиіс.

Күрделіліктің сатылап өсу принципі: Тапсырмалар қарапайым классикалық модельдерден басталып, көп факторлы, белгісіздік деңгейі жоғары шешім қабылдау есептеріне қарай бірізді дамиды.

Пәнаралық интеграция принципі: Ықтималдықтар теориясының аппараты биология, медицина, экономика, экология және информатика пәндерінің нақты деректерімен ұштастырылады.

Вариативтілік және ашықтық принципі: Жоғары деңгейлі есептерде бір ғана емес, бірнеше баламалы шешімдерді салыстыру және тәуекелді бағалау мүмкіндігі қарастырылады.

Нәтижелер және талқылау: Модельдеу тапсырмаларының жүйесі

Мектептің 9–11 сыныптарындағы оқу бағдарламасының мазмұнына сүйене отырып, қолданбалы модельдеу тапсырмаларының жүйесі төрт тақырыптық бағыт және үш күрделілік деңгейі (А, В, С) бойынша жіктелді (1-кесте).

1-кесте – Қолданбалы ықтималдық есептері жүйесінің құрылымдық-мазмұндық матрицасы

Тақырыптық бағыт

А деңгейі (Базалық – Модельді тану)

В деңгейі (Орташа – Модельді құру)

С деңгейі (Жоғары – Шешім қабылдау)

Тұрмыстық және әлеуметтік жағдаяттар

Классикалық ықтималдық анықтамасына негізделген тұрмыстық таңдау есептері.

Мүмкіндіктер ағашы, комбинаторика және геометриялық ықтималдық арқылы көлік, кезек күту процестерін модельдеу.

Әлеуметтік парадокстар мен күнделікті уақытты жоспарлау кезіндегі тәуекелдерді салыстыру.

Қаржылық-экономикалық тәуекелдер

Жеңілдіктер, акциялар мен лотереядағы ұту ықтималдығын есептеу.

Сақтандыру тарифтері мен несиелік тәуекелдердің математикалық күтуін құру.

Инвестициялық портфельдің табыстылығы мен тәуекелін дисперсия арқылы бағалау және тауар қорын басқару.

Медицина-лық биология-лық және экологиялық үдерістер

Дәрі-дәрмектің тиімділік үлесін (статистикалық ықтималдық) анықтау.

Генетикалық белгілердің тұқым қуалауын Бернулли схемасымен модельдеу.

Медициналық скрининг нәтижелерінің дәлдігін Байес формуласымен талдау, экологиялық мониторинг.

Ақпараттық-техникалық жүйелер

Қарапайым сандық парольдерді кездейсоқ теру ықтималдығын табу.

Тізбектей және параллель қосылған желілік құрылғылардың сенімділігін модельдеу.

Киберқауіпсіздік және серверлік жүктемені Пуассон үлестірімі арқылы оңтайландыру.

Төменде әзірленген тапсырмалар жүйесінен әр бағыт пен деңгейді қамтитын өмірлік қолданбалы есептер және оларды 4 кезеңдік модельдеу алгоритмімен (1 – формализация, 2 – модель құру, 3 – есептеу, 4 – интерпретация) шешу үлгілері келтірілген.

І БЛОК. Тұрмыстық және әлеуметтік жағдаяттарды модельдеу

1-есеп (В деңгейі – Кездесу туралы геометриялық ықтималдық моделі).

  • Өмірлік жағдаят: Екі дос сағат 18 : 00 мен 19 : 00 аралығында саябақта кездесуге келісті. Кім бірінші келсе, екіншісін 15 минут күтеді де, егер ол келмесе, кетіп қалады. Екі достың да белгіленген сағат ішінде кездейсоқ уақытта келу ықтималдығы бірдей болса, олардың кездесу ықтималдығын модельдеңіз.

  • 1-кезең (Формализация): x — бірінші достың келу уақыты, y — екінші достың келу уақыты (минутпен өлшенгенде, 0 ≤ x ≤ 60, 0 ≤ y ≤ 60). Олардың кездесу шарты: |x − y| ≤ 15.

  • 2-кезең (Математикалық модель): Координаталық жазықтықта қабырғасы 60-қа тең шаршы саламыз (жалпы аудан SΩ = 602 = 3600). Кездесу шартын қанағаттандыратын облыс y − x ≤ 15 және x − y ≤ 15 түзулерінің арасында жатыр. Қолайлы аудан шаршы ауданынан бұрыштағы екі тікбұрышты үшбұрыштың ауданын алып тастағанға тең:


\[P\left( A \right) = \frac{S_{\text{қолайлы}}}{S_{\Omega}} = \frac{60^{2} - 45^{2}}{60^{2}}\]

  • 3-кезең (Есептеу): \(P\left( A \right) = \frac{3600 - 2025}{3600} = \frac{1575}{3600} = \frac{7}{16} = 0{,}4375\).

  • 4-кезең (Интерпретация): Достардың кездесу ықтималдығы 43,75%-ды құрайды (яғни кездеспей қалу ықтималдығы басым – 56,25%). Бұл уақытты жоспарлауда нақты келісімнің маңыздылығын көрсетеді.

2-есеп (С деңгейі – Әлеуметтік құбылыс: «Туған күндер парадоксы»).

  • Өмірлік жағдаят: Сыныпта 25 оқушы бар. Сыныптағы кем дегенде екі оқушының туған күні бір күнге сәйкес келу ықтималдығы қандай? Оқушылардың бастапқы интуитивті болжамы мен математикалық нәтижені салыстырыңыз (жылына 365 күн бар деп есептеледі).

  • 1-кезең (Формализация): A оқиғасы — кем дегенде екі оқушының туған күні бірдей. Қарама-қарсы \(\overline{A}\) оқиғасы — барлық 25 оқушының туған күндері әртүрлі күндерге түседі.

  • 2-кезең (Математикалық модель): Қарама-қарсы оқиға ықтималдығын қолданамыз:


\[P\left( A \right) = 1 - P\left( \overline{A} \right) = 1 - \frac{365 \cdot 364 \cdot 363 \cdot \ldots \cdot \left( 365 - 25 + 1 \right)}{365^{25}}\]

  • 3-кезең (Есептеу): Көбейтіндіні есептегенде \(P\left( \overline{A} \right) \approx 0{,}431\). Сонда P(A) = 1 − 0,431 = 0,569.

  • 4-кезең (Интерпретация): 25 оқушыдан тұратын сыныпта туған күндердің сәйкес келу ықтималдығы 56,9% (яғни 50%-дан жоғары). Бұл мысал оқушылардың тұрмыстық интуициясы көбіне қате болатынын және тек математикалық модель арқылы дәл бағалауға болатынын дәлелдейді.

ІІ БЛОК. Қаржылық-экономикалық тәуекелдерді модельдеу

3-есеп (В деңгейі – Автокөлікті сақтандыру моделі).

  • Өмірлік жағдаят: Сақтандыру компаниясы автокөлік иелеріне жылдық құны 50 000 теңге болатын сақтандыру полисін ұсынады. Статистикалық деректер бойынша бір жыл ішінде жүргізушінің жол-көлік оқиғасына (ЖКО) түсу ықтималдығы 0,04-ке тең. Егер ЖКО орын алса, компания жүргізушіге орта есеппен 800 000 теңге өтемақы төлейді. Компанияның бір клиенттен алатын орташа табысын модельдеңіз.

  • 1-кезең (Формализация): X — компанияның бір клиенттен алатын таза табысы (кездейсоқ шама). Екі үйлесімсіз оқиға: A — ЖКО болмайды (p1 = 1 − 0,04 = 0,96), табыс x1 = 50 000 тг; \(\overline{A}\) — ЖКО орын алады (p2 = 0,04), табыс x2 = 50 000 − 800 000 =  − 750 000 тг.

  • 2-кезең (Математикалық модель): Дискретті кездейсоқ шаманың математикалық күтуі: M(X) = x1p1 + x2p2.

  • 3-кезең (Есептеу): M(X) = 50 000 ⋅ 0,96 + (−750 000) ⋅ 0,04 = 48 000 − 30 000 = 18 000 тг.

  • 4-кезең (Интерпретация): Компания әрбір сақтандырылған клиенттен орта есеппен 18 000 теңге таза пайда табады. Егер ЖКО ықтималдығы 0,0625-тен асып кетсе, компания шығынға ұшырайды.

4-есеп (С деңгейі – Инвестициялық жобаны таңдау және тәуекелді бағалау).

  • Өмірлік жағдаят: Жас кәсіпкер 1 000 000 теңге қаражатын екі жобаның біріне салуды жоспарлауда:

    • А жобасы (Тұрақты): 0,8 ықтималдықпен 250 000 тг таза пайда әкеледі, ал 0,2 ықтималдықпен 50 000 тг пайда әкеледі.

    • В жобасы (Тәуекелді стартап): 0,5 ықтималдықпен 500 000 тг пайда әкеледі, ал 0,5 ықтималдықпен 100 000 тг шығынға ұшыратады. Қай жоба тиімдірек екенін орташа табыс және тәуекел (орташа квадраттық ауытқу) көрсеткіштері арқылы модельдеңіз.

  • 1-кезең (Формализация): X — А жобасының табысы, Y — В жобасының табысы.

  • 2-кезең (Математикалық модель): Математикалық күту \(M\left( X \right) = \sum_{}^{}x_{i}p_{i}\) және орташа квадраттық ауытқу \(\sigma\left( X \right) = \sqrt{D\left( X \right)} = \sqrt{M\left( X^{2} \right) - \left\lbrack M\left( X \right) \right\rbrack^{2}}\) формулаларын қолданамыз.

  • 3-кезең (Есептеу):

    • А жобасы үшін:


M(X) = 250 000 ⋅ 0,8 + 50 000 ⋅ 0,2 = 210 000 тг.


\[\sigma\left( X \right) = \sqrt{\left( 250\, 000 - 210\, 000 \right)^{2} \cdot 0{,}8 + \left( 50\, 000 - 210\, 000 \right)^{2} \cdot 0{,}2} = \sqrt{1{,}28 \cdot 10^{9} + 5{,}12 \cdot 10^{9}} = 80\, 000\text{~тг}.\]

  • В жобасы үшін:


M(Y) = 500 000 ⋅ 0,5 + (−100 000) ⋅ 0,5 = 200 000 тг.


\[\sigma\left( Y \right) = \sqrt{\left( 500\, 000 - 200\, 000 \right)^{2} \cdot 0{,}5 + \left( - 100\, 000 - 200\, 000 \right)^{2} \cdot 0{,}5} = \sqrt{4{,}5 \cdot 10^{10} + 4{,}5 \cdot 10^{10}} = 300\, 000\text{~тг}.\]

  • 4-кезең (Интерпретация): А жобасының күтілетін орташа табысы жоғары (210 000 тг > 200 000 тг), ал тәуекел деңгейі (ауытқуы) 3,75 есе төмен (80 000 тг < 300 000 тг). Сондықтан экономикалық тұрғыдан А жобасы әлдеқайда тиімді.

ІІІ БЛОК. Медициналық-биологиялық және экологиялық үдерістерді модельдеу

5-есеп (В деңгейі – Генетикалық белгілердің тұқым қуалау моделі).

  • Өмірлік жағдаят: Биология заңдылықтары бойынша ата-анасының екеуі де белгілі бір рецессивті геннің тасымалдаушысы (гетерозиготалы Aa) болса, олардың баласында осы белгінің көріну ықтималдығы 0,25-ке тең. Осындай отбасында 4 бала дүниеге келсе, олардың кем дегенде біреуінде бұл белгінің көріну ықтималдығын модельдеңіз.

  • 1-кезең (Формализация): n = 4 тәуелсіз бақылау. Әр балада белгінің көріну ықтималдығы p = 0,25, көрінбеу ықтималдығы q = 0,75.

  • 2-кезең (Математикалық модель): Қарама-қарсы оқиға (ешбір балада көрінбеуі) арқылы Бернулли формуласын қолданамыз: P(X≥1) = 1 − P4(0) = 1 − q4.

  • 3-кезең (Есептеу): P(X≥1) = 1 − (0,75)4 = 1 − 0,3164 = 0,6836.

  • 4-кезең (Интерпретация): Төрт баланың кем дегенде біреуінде аталған генетикалық белгінің байқалу ықтималдығы 68,4%-ды құрайды.

6-есеп (С деңгейі – Экологиялық мониторинг және су сапасын бақылау).

  • Өмірлік жағдаят: Өзен суының ластану деңгейін тексеретін үш тәуелсіз зертхана бар. Олардың су құрамындағы зиянды заттарды дәл анықтау ықтималдықтары сәйкесінше 0,7; 0,8 және 0,9-ға тең. Егер өзенге зиянды қалдық төгілген болса, кем дегенде бір зертхананың оны анықтау ықтималдығы қандай?

  • 1-кезең (Формализация): A1, A2, A3 — сәйкесінше 1-ші, 2-ші, 3-ші зертханалардың ластануды анықтау оқиғалары. Қарама-қарсы оқиға — ешбір зертхана анықтай алмайды.

  • 2-кезең (Математикалық модель): \(P\left( A \right) = 1 - P\left( {\overline{A}}_{1} \right) \cdot P\left( {\overline{A}}_{2} \right) \cdot P\left( {\overline{A}}_{3} \right)\).

  • 3-кезең (Есептеу): P(A) = 1 − (1−0,7)(1−0,8)(1−0,9) = 1 − 0,3 ⋅ 0,2 ⋅ 0,1 = 1 − 0,006 = 0,994.

  • 4-кезең (Интерпретация): Бір зертхананың қателесу ықтималдығы 10–30% болғанымен, үш тәуелсіз бақылау бекетін қатар қолдану жүйенің жалпы сенімділігін 99,4%-ға дейін арттырады.

ІV БЛОК. Ақпараттық-техникалық жүйелердің сенімділігін модельдеу

7-есеп (А деңгейі – Цифрлық қауіпсіздік және PIN-кодты қорғау).

  • Өмірлік жағдаят: Банк картасының PIN-коды 4 цифрдан тұрады (0-ден 9-ға дейін). Бөгде адам картаны тауып алып, кездейсоқ теру арқылы 3 мүмкіндіктің ішінде дұрыс кодты табу ықтималдығын есептеңіз (3 қате теруден кейін карта бұғатталады).

  • 1-кезең (Формализация): Барлық мүмкін 4 таңбалы комбинациялар саны N = 104 = 10 000. Қолайлы мүмкіндіктер саны m = 3.

  • 2-кезең (Математикалық модель): Классикалық ықтималдық: \(P\left( A \right) = \frac{m}{N}\).

  • 3-кезең (Есептеу): \(P\left( A \right) = \frac{3}{10\, 000} = 0{,}0003\).

  • 4-кезең (Интерпретация): Кездейсоқ табу ықтималдығы 0,03%. Алайда егер пайдаланушы туған жылын немесе «1234» сияқты стандартты сандарды қойса, бұл ықтималдық күрт артады.

8-есеп (С деңгейі – Call-орталықтың жүктемесін модельдеу).

  • Өмірлік жағдаят: Мектепке қабылдау науқаны кезінде Call-орталыққа бір минут ішінде орта есеппен λ = 3 қоңырау түседі. Егер бір оператор минутына ең көбі 4 қоңырауға жауап бере алса, кездейсоқ бір минут ішінде желінің шамадан тыс жүктелу (5 немесе одан да көп қоңырау түсу) ықтималдығын Пуассон моделі арқылы бағалаңыз (e−3 ≈ 0,0498).

  • 1-кезең (Формализация): Сирек оқиғалар ағыны (k қоңырау түсу саны) Пуассон үлестіріміне бағынады, орташа қарқындылық λ = 3. Бізге P(X≥5) ықтималдығын табу қажет.

  • 2-кезең (Математикалық модель): Пуассон формуласы: \(P\left( X = k \right) = \frac{\lambda^{k}e^{- \lambda}}{k!}\). Қарама-қарсы оқиға арқылы:

P(X≥5) = 1 − [P(0)+P(1)+P(2)+P(3)+P(4)]

  • 3-кезең (Есептеу):

P(0) = e−3;  P(1) = 3e−3;  P(2) = 4,5e−3;  P(3) = 4,5e−3;  P(4) = 3,375e−3.

Қосындысы: (1+3+4,5+4,5+3,375) ⋅ 0,0498 = 16,375 ⋅ 0,0498 ≈ 0,8155. Сонда P(X≥5) = 1 − 0,8155 = 0,1845.

  • 4-кезең (Интерпретация): Желінің шамадан тыс жүктелу ықтималдығы 18,45% (шамамен әр бес минут сайын қоңыраулар күту режиміне түседі). Сондықтан қабылдау комиссиясына екінші операторды қосу ұсынылады.

Қорытынды

Қорыта келгенде, мектепте ықтималдықтар теориясын оқытуда өмірлік жағдайларға негізделген қолданбалы есептер жүйесін қолдану оқушылардың теориялық білімін шынайы практикамен ұштастырудың тиімді құралы болып табылады. Ұсынылған төрт бағытты және үш күрделілік деңгейін қамтитын тапсырмалар жүйесі оқушылардың мәтіндік ақпаратты формализациялау, сәйкес ықтималдық моделін таңдау және алынған нәтижелер негізінде тәуекелдерді бағалау дағдыларын жүйелі түрде қалыптастырады. Бұл өз кезегінде білім алушылардың функционалдық сауаттылығы мен сыни ойлау қабілетін халықаралық стандарттар деңгейінде дамытуға мүмкіндік береді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. PISA 2025 Assessment and Analytical Framework: Mathematics. – Paris: OECD Publishing, 2023. – 312 p.

  2. Мордкович А.Г. Беседы с учителями математики: учебно-методическое пособие. – М.: Оникс 21 век: Мир и Образование, 2005. – 336 с.

  3. Әбілқасымова Ә.Е. Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі: оқу құралы. – Алматы: Мектеп, 2014. – 224 б.

  4. Бостанов Б., Жантыкбаева А. Ықтималдықтар теориясы және математикалық статистика: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2020. – 196 б.

  5. Batanero C., Alvarez-Arroyo R. Teaching and learning probability // ZDM – Mathematics Education. – 2024. – Vol. 56, No. 1. – P. 5–17.

  6. Новак Л., Тасқынов М. Қолданбалы математикалық модельдеу: теориясы және практикасы. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2021. – 240 б.

  7. Көмекбаев Д. Ықтималдықтар теориясы бойынша қолданбалы есептер үлгілері: оқу-әдістемелік құрал. – Шымкент: ОҚМУ, 2020. – 118 б.

Ұқсас материалдар

  • Контекстік есептерді визуалды модельдеу негізінде математиканы оқытудың қолданбалық бағытын жетілдіру

  • Ақпаратты өлшеу. Ықтималдық әдіс

  • Еселі интегралдарды қолдану арқылы экологиялық процестерді математикалық модельдеу (Ауа ластануы, температура таралуы, ресурстарды бағалау)

Авторы
Алуадинова Меруерт Мұхтарқызы

Материал пайдалы болды ма? Бөлісіңіз

WhatsApp Telegram

Мақала құжаттары

Мақала жарияланған журнал шығарылымы және жарияланғаны туралы анықтама (PDF)

Осы материал бойынша

AI Көмекші 30 секундта дайындайды — жауап кілті мен PDF бірге.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін аккаунтқа кіріңіз

Әзірге пікір жоқ — алғашқы болыңыз.

Авторларға

Сіз де өз мақалаңызбен бөлісіңіз

Мақалаңызды жариялап, сертификат пен журналды бірден алыңыз. Жарияланым Google мен Yandex-те табылады.

  • Сертификат (QR-коды бар)
  • Google, Yandex жүйелерінде шығады
  • Журналға шығады (онлайн)
  • Анықтама, журнал
  • Жеке кабинетте құжаттар сақталады
  • Мақалаға тұрақты сілтеме

2015 жылдан бері · ресми тіркелген журнал

Мақала жариялау

Осы тақырыптағы материалдар

Математика

Оқушыларды қозғалысқа байланысты күрделі мәтінді есептерді шешуге үйрету әдістері

ӘОЖ 373.5:51 ОҚУШЫЛАРДЫ ҚОЗҒАЛЫСҚА БАЙЛАНЫСТЫ КҮРДЕЛІ МӘТІНДІ ЕСЕПТЕРДІ ШЕШУГЕ ҮЙРЕТУ ӘДІСТЕРІ Бисенова А.Т. Магистрант, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Атырау, Қазақстан Республикасы E-mail:…

Алтынай Бисенова 11 мин
Математика

Математикада логикалық ойлауды дамыту - олимпиадалық табыстың кілті

Жетісу облысы, Көксу ауданы, Кеңарал ауылы «С.Қырықбаева атындағы мектеп жанындағы шағын орталық бар мектеп»КММ. Математика пәні мұғалімі Кіріспе Қазіргі білім беру жүйесінде математикалық олимпиадалар оқушының…

Қажыбай Ернар 2 мин 54 оқылым
Математика

Математика мен физика сабақтарын кіріктіріп оқыту: 7-сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын арттыру жолдары

Мақалада 7-сыныпта математика мен физиканы кіріктіріп оқыту тәсілдері, ортақ тақырыптар және STEM жобалары арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту жолдары қарастырылады.

Bilimger Media 3 мин 54 оқылым
Математика

Ұлттық педагогикалық мұраны математика сабағында тиімді қолдану жолдары

«Астана қаласының әкімдігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясы» ШЖҚ МКК математика пәнінің мұғалімі, Астана қ., Қазақстан АННОТАЦИЯ. Мақалада ұлттық тәрбие жүйесін қазіргі білім мазмұнына кіріктірудің…

Жақсылық Жания Дарханқызы 5 мин 111 оқылым