Мазмұнға өту
Мақала жариялау
Bilimger Journal №9 / 2026 шығарылымына мақала қабылдануда·QR-кодты сертификат Журнал №9 мақала қабылдануда·8 орын қалды 8 орын қалды Жариялау

: «» · ₸

Жаңабайқызы Талшын Филология мамандығының 3-курс студенті
15 мин оқу 2 оқылым

Жаңабайқызы Талшын, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Филология факультеті, КО-24-4К тобы, студент.

(Ғылыми жетекші – қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Жумагелдин Жанайдар Шаймерденович)

Қазақ анималистік прозасындағы жануарлар бейнесінің эволюциясы: фольклордан қазіргі әдебиетке дейін

Андатпа: Ғаламдық экологиялық дағдарыс пен жедел урбанизация жағдайында адам мен табиғат арасындағы қалыптасқан қатынастың әлсіреуі зерттеудің өзектілігін айқындайды. Бұл жағдаят отандық әдебиеттанудағы антропоцентристік көзқарасты қайта қарастыру қажеттілігін туындатады. Сонымен бірге ол жануар бейнесін жаңа методологиялық қырынан пайымдауды талап етеді.

Ұсынылған ғылыми жұмыста компаративистік, экокритикалық, мәтіндік, тарихи-әдеби және дескриптивті талдау әдістері қолданылды. Талдау нысаны ретінде прозалық фольклор үлгілері мен М. Әуезов, М. Мағауин, О. Бөкейдің таңдаулы туындылары, сондай-ақ Д. Қуат пен Қ. Шамахайұлының заманауи әңгімелері сарапталды.

Мақаланың мақсаты — фольклорлық прозадан бастап ХХ және XXI ғасырлардағы қазақ көркем прозасына дейінгі кезеңді қамту. Осы тарихи-уақыттық шеңберде жануарлар бейнесінің онтологиялық орны мен эстетикалық қызметінің эволюциясы сараланады.

Көрсетілген даму үдерісі экокритика және постгуманизм (Animal Studies) әдіснамасы негізінде қарастырылады. Қазақ анималистік прозасының жалпы дамуы жануардың тең құқылы субъектіден шеттетілген объектіге дейін құлдырауын айқын айғақтайды. Сонымен қатар бұл үдеріс заманауи қоғамның жаңа экологиялық этикаға деген өзекті сұранысын да танытады.

Жүргізілген сараптама нәтижесінде үш кезеңдік трансформация анықталды. Фольклорлық прозада жануар бейнесі тәуелсіз субъектілікке ие сакралды медиатор әрі биожүйенің тең мүшесі ретінде көрінсе, ХХ жүзжылдықтағы кеңестік модернизация дәуірінде өндірістік құрсау мен көшпелі ортаның күйреуінен жапа шеккен трагедиялық құрбанға айналады. Ал XXI жүзжылдықтың урбанизацияланған прозасында ол қалалық тіршілік шетіне ығыстырылған антропоцен объектісі, өркениеттік симулякр және рухани жатсыну белгісі ретінде бейнеленеді.

Кілт сөздер: экокритика, анималистік проза, антропоцен, постгуманизм, зоопоэтика, жануар субъектілігі, урбанизация, маргинализация.

Кіріспе

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы қыркүйектің тұсында елдегі қала халқының үлесі 64,2 процентке жетті. Ал Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 82,8 пайызды құрады. Қарқынды урбанизация жағдайында тілдік әрі мәдени танымдағы алшақтық күн санап ұлғаюда, себебі далалық аға буын қасқырды тура айтудан тартынып, ежелгі табу салтымен «ит-құс» не «ұлыма» деп атайды.

Ал қала тұрғыны түз тағысы мен құмайды көбіне логотиптерден, экраннан немесе зообақ қоршауының сыртынан ғана көреді. Осылайша, қазіргі Қазақстанда табиғатпен байланыс өткір әлеуметтік-мәдени қайшылыққа тіреліп отыр. Жанды табиғатпен байланыстың мұндай үзілуі көркем шығармалардағы жануарлар әлемін жаңа ғылыми парадигма негізінде саралауды қажет етеді.

Әлемдік әдебиеттануда бұл қызметті экокритика мен постгуманистік зоопоэтика (Animal Studies) атқарып келеді. Өнеркәсіптену дәуірінде жануарлардың күнделікті өмірден алшақтауын Дж. Берджер арнайы зерттеді. Ғалым олардың бірте-бірте көрініс объектісіне айналу үдерісін зерделейді [3].

Ал Ш. Глотфелти экокритиканы әдебиет пен физикалық орта арасындағы қосжақты байланысты зерттейтін жерге бағдарланған сала деп сипаттайды. Сонымен қатар зерттеуші антропоцентристік дуализмді терістейді [1]. Л. Буэлл экологиялық дағдарысты «қиял дағдарысы» деп бағалайды. Автор туындыдағы табиғи ортаның жай фон емес, өзіндік құндылығы бар қатысушы екенін дәйектейді [2].

Қазақстанда бұл бағыттардың әдіснамалық өрісін А.Т. Мустояпова заманауи халықаралық әдебиеттану аясында жүйеледі [4].

Г.А. Алтаева 1960–1970 жылдардағы анималистік хикаяттар прозаға ақиқатты бірнеше қырынан бақылататын «төртінші жақты» әкелгенін айқындады [5]. Соңғы зерттеулерде Ж.Ш. Жумагелдин, Ж.Ж. Жарылғапов және С.А. Кенжегалиев анималистік мәтіндердің нарративтік жүйесін қарастырды [6].

Ал Ж.Б. Манапбаева, Е.М. Солтанаева және Ж.А. Сарсенбай Г. Гаррард экосынын ұлттық кие, обал, сауап түсініктерімен ұштастырды [7]. Осылайша, отандық ғылымда анималистік шығармалардың баяндау жүйесі біраз зерделенді.

Десе де бұл бағытта елеулі зерттеу олқылығы сақталуда. Қалыптасқан талдауларда жануар көбіне адам болмысының символы не психологиялық фоны ретінде ғана оқылады. Мәселен, Қ. Тұнғатаров «Көксеректегі» бөрі бейнесін адам нәпсісі мен ішкі моральдық тартысының аллегориясы тұрғысынан түсіндіреді [8].

Сондықтан фольклордан XXI ғасырға дейінгі аралықта жануардың субъектіден антропоцен объектісіне ығысу эволюциясы арнайы саралауды қажет етеді.

Жұмыс барысында үш негізгі міндет қойылды:

Фольклорлық туындылардағы жануардың субъектілігі мен экожүйелік паритетін айқындау;

ХХ ғасыр классикасында кеңестік модернизация ықпалымен жануардың қасіретті құрбанға айналу тетіктерін талдау;

XXI ғасыр әдебиетінде урбанизация мен антропоцен жағдайындағы маргинализация және симулякрлену үдерісін дәйектеу.

Зерттеудің басты мақсаты — қазақ анималистік туындыларындағы жануарлар бейнесінің эволюциясын айқындау. Бұл құбылыс фольклордан қазіргі әдебиетке дейінгі аралықта экокритика мен постгуманизм (Animal Studies) тұрғысынан зерделенеді.

Әдістеме

Зерттеуде экокритикалық, мәтіндік, салыстырмалы-салғастырмалы, дескриптивті және тарихи-әдеби талдау әдістері пайдаланылды. Теориялық негізін Ш. Глотфелтидің экоорталықтанған ұстанымы [1], Л. Буэллдің экологиялық мәтінге тән төрт критерийі [2] және Дж. Берджердің көрініс объектісі концепциясы [3] құрайды.

Талдау үш кезеңнен құралып, 1-кезеңде фольклорлық прозадағы субъектілік пен экожүйелік тепе-теңдік анықталды. Ал 2-кезеңде ХХ жүзжылдық прозасындағы модернизациялық қақтығыс пен жаратылыс трагедиясы тексерілді. Соңғы 3-кезеңде XXI жүзжылдықтағы урбанизация мен жануардың маргинализациялануы талданып, барлық үш кезең ортақ көрсеткіштер бойынша салғастырылды.

Зерттеу нысаны ретінде үш кезеңді қамтитын қазақ прозалық мәтіндері белгіленді. Аталған мәтіндердегі жануар бейнесінің болмыстық мәртебесі мен адаммен экологиялық байланысының эволюциясы зерттеу пәнін құрайды. Шығармаларды іріктеу барысында төрт критерий ұстанылып, жанрлық тазалық (поэзия мен қаһармандық эпос тыс қалдырылып, проза ғана таңдалды) және диахрондық қамту (архаикалық, өнеркәсіптік, урбанистік кезеңдер) ескерілді. Кеңістік трансформациясының бейнеленуі мен жануардың сюжет орталығында тұруы міндетті шарт ретінде қойылды.

Осы өлшемдер бойынша үш уақыттық қабат жасақталды:

Фольклорлық проза: «Бабалар сөзінің» 78-томына енгізілген «Аю батыр мен Айсұлу» мифі [9], «Ақсақ құлан» мен «Асан қайғы мен Желмая» прозалық аңыздары және 73-томында жарияланған «Қошқар мен теке» ертегісі [10];

ХХ ғасыр классикасы: М. Әуезовтің «Көксерек» (1929) [11], М. Мағауиннің «Тазының өлімі» (1969) [12] және О. Бөкейдің «Кербұғы» (1973 ж. басылым) [13] туындылары;

XXI ғасыр прозасы: Д. Қуаттың «Мысық пен Маруся» (2015) [14] мен Қ. Шамахайұлының «Ұялас төбеттер» (2019) [15] шығармалары.

Зерттеу нәтижелері

Үш дәуірдегі прозалық мәтіндерді саралау маңызды үрдісті ашады. Осы үдерісте адам мен жануар арасындағы аумақтық әрі онтологиялық қашықтықтың түбегейлі түрленгені байқалады.

1-кезең: Фольклорлық прозадағы жануардың дербестігі мен экожүйелік тепе-теңдік

Қазақ халықтық прозасы антропоцентризмге дейінгі осы теңдікті берік сақтаған. Бұл ретте Дж. Берджер хайуанаттар адам санасына алғашқыда шикізат емес екенін айқындайды.

Олар адаммен қатарлас тіршілік ететін «хабаршы әрі серт» ретінде кіргенін жазады [3]. Хайуанаттар туралы ертегілерде дербестік одан әрі нақтыланады. Л.

Буэлл өлшемімен бағамдасақ, мұнда адамнан тыс тіршілік субъектісінің заңды мүддесі толық мойындалған. Сонымен қатар оның тәуелсіз таңдау еркі де айқын танылған [2]. Мәселен, «Бабалар сөзінің» 73-томындағы «Қошқар мен теке» ертегісінде құрбандыққа шалынатынын білген малдар тағдырына үнсіз көне салмайды.

Олар қожайынына дәрі шөп іздеп түзге жөнеледі [10]. Ертегіде теке ауа райын алдын ала жорамалдайды («Бүгін сұрапыл жауын болады екен, кел, қошеке, күрке жасап алайық»). Ал қауіп төнгенде ол тиімді шешім табады: «Құтылатын жалғыз амал сол — қасқыр апанының өзіне тығылу» [10].

Прозалық аңыздарда бұл үйлесім экологиялық жауапкершілік өлшеміне ұласады. Мұндай мәтіндер кие мен обал этикасының баяндаудағы ілкі көрінісін құрайды [7]. Мысалы, «Асан қайғы мен Желмая» сюжеттерінде желмая жай көлік ретінде бейнеленбейді.

Ол өріс пен судың маңызын бірге сынайтын сенімді серіктес болып танылады. Ал «Ақсақ құлан» аңызында құландар үйіріне хан баласы үстемдікпен жалғыз шабады. Оның ажалы жаратылыстық заңды бұзудың әділ жазасы ретінде бағаланады.

«Бабалар сөзінің» 78-томындағы этиологиялық мифтерде адам мен жануарлар шекарасы өткізгіш сипатқа ие. Жаратылыс иелері бірінен біріне еркін айнала алады. Сонымен бірге жануар тәуелсіз киелі ерікке ие [9].

«Аю батыр мен Айсұлу» мифінде мол қардан жұрты қырылған батыр оның түбін қазып жатқан көк бөріге жолығады. Батыр таянғанда «көк бөрі өлікті тастай салып, көк сағым болып, көкке ұшып кетеді» [9]. Қар астындағы аруға жыртқыштың тісі мүлде тимеген.

Мұнда көк бөрі буын сабақтастығын сақтаған сакралды медиатор рөлін атқарады.

2-кезең: ХХ ғасыр прозасындағы модернизация қақтығысы және табиғат трагедиясы

М. Әуезовтің «Көксерек» (1929) шығармасын дәстүрлі сын жыртқыштың «көнбес тегі» ретінде зерделеді. Сонымен қатар бұл туынды адам нәпсісінің параллелі деп сараланды [8].

Алайда ХХ ғасырдағы көшпелі шаруашылықтың ыдырауы мен «табиғатты бағындыру» тұжырымдамасы жануардың мәртебесін күрт өзгертті. Шығарманы экокритикалық тұрғыдан оқығанда, трагедияны адамзаттың өзі бастайтыны аңғарылады. Қараадырдағы ін талқандалып, адамдар «жеті күшіктің бесеуін көздеріне қарап отырып өлтірді де, екі кішкенесін тірі қалдырды», ал солардың кенжесін ауылға әкелді [11].

Жәбірден «қыңқ» етпейтін Көксеректің үнсіздігі [11] — еріксіз бағындыруға наразылық. Ауылда бала Құрмаш бөлтірікке айрықша қамқорлық танытады. Бірақ қоршаған орта Көксеректі жатсынып, «Ұры. Асырасаң да, мал болмайды. Тұқымы жау емес пе!» деп оқшаулайды [11].

Финалда әжесінің «Қураған-ай, неңді алып ем?!.. Бауырына салып өсіргеннен басқа не қып еді менің құлыным?!» деп боздауы [11] антропоцентристік шектеулілікті паш етеді. Себебі адам тағының тұтас әлемін тартып алғанын мүлде түйсінбейді. Бұл тұста жазушының авторлық ұстанымына біржақты баға беру қиын. Әуезов жыртқышты да асқақтатпайды, Құрмаштың мейірімін де жоққа шығармай, екі дүниенің қақтығысын ашық күйінде қалдырады.

Кеңестік кезеңнің соңындағы М. Мағауиннің «Тазының өлімі» (1969) хикаятында Г. Алтаева атаған «төртінші жақ» — жануар қабылдауымен баяндау тәсілі қолданылады [5]. Бұл көркемдік амал ауылдың рухани тозуын терең айқындайды. Мұнда Есенжол секілді саудагерлер әкелген арақ пен арсыздық байырғы саятшылық кодын күйретеді.

Күшік кезінде «Дүние кең екен, жарық екен. Аспан неткен әдемі, тұнық, тұңғиық» деп даланы еркін сезінген Лашын өмір кешті [12]. Алайда соғыс мүгедегі Қазы қайтыс болған соң, ол өзге ортаға артық болып қалады. Болат қақпанға түсіп («Тазы байлаулы, қасқырлар бос»), Лашын қабір басында мүшкіл күйде жатады.

Осы сәттегі оның «көк темірге жан бітіріп, көлік етіп мінген, қолдан құс жасап, қыран қалықтар биіктен де жоғары самғаған тәңірі текті, құдіретті адам да өледі екен» деген пайымы [12] жаңғыру мифін шайқалтады. Жылдар өткен соң білімді баласы Әділ әке қабірі жанындағы құмай сүйегін байқамай өте шығады. Бұл жағдаят жаңа буынның дала жадынан түбегейлі ажырауын білдіреді.

Алтай тағысы бұғыхана шарбағына еріксіз қамалған. Оның мүйізі жыл сайын кесіліп, табиғи қорға айналған. Кербұғы «түз тағысын не себептен қоршауға ұстайтынын, адамдардың қу мүйізге құты қалғандай неге өшігетінін еміс-еміс қаперіне алып, осынау екі аяқтылардан жерініп те жүрді...» [13].

Мүйіз отайтын тар өткелде аң «Жан ұшырды, торға қамалды» күйін кешеді [13]. Тіпті Жасбұғымен жекпе-жек кезінде де жануар «қол арасын жалаңдатып» тұрған адам бейнесін көреді [13]. Дымқыл ағаш қоршау алдындағы «Былтыр да сол, биыл да сол, келер жылы да сол... сол...» деген қайталау шығармада ерекше мәнге ие [13].

Бұл көркемдік элемент Дж. Берджер көрсеткен индустриялық қанау циклін нақты бейнелейді [3]. Осылайша, О. Бөкейдің «Кербұғы» әңгімесі табиғатты өндірістік өнімге айналдыру дертін ашады.

3-кезең: XXI ғасыр прозасындағы антропоцен, урбанизация және жануар бейнесінің маргинализациясы

Елдегі жедел урбанизация мен аймақтық кеңістік бөлінісі бүгінгі XXI жүзжылдықтағы қазақ прозасында көркем ауысым қалыптастырды. Осылайша дала мен таудың кеңістігін бетон пәтерлер мен қала шеткерісіндегі қоқыс алаңдары басты.

Сурет 1 – Қазақстан өңірлері бойынша қала халқының үлесі (2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша)

Қазақстандық болмыста осы көркем ауысым ерекше қайшылық туғызды. Мегаполистегі жануар пәтердегі оқшаулықты алдандыратын сәндік «аксессуарға» айналды. Екінші жағынан, иесіз «бұралқы итке» телініп, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң төңірегіндегі талқылауларға өзек болды. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап 3 қыркүйекті «Қазақ тазысы мен төбеті күні» ретінде белгілеу арқылы ұлттық мұраны жандандыруға бетбұрыс бар.

Балалары шетелге аттанған Маруся үшін мысық — тірі жаратылыс емес. Ол мысық арқылы мейірімнің орнын басатын суррогат табады: «Кемпір „кис-кистеп“ шақырса, мысығы „вискистеп“ мияулайды» [14]. Д. Қуаттың «Мысық пен Маруся» (2015) туындысы «бірінен бірі аумайтын сұрқап үйлердің ауласы» аясындағы қалалық жалқылықты суреттейді [14].

Мысық жоғалғанда, қоғамдық бірлестіктер мен депутаттар оны саяси үндеуге айналдырады («Ит пен мысық – кәрі әке-шешелеріміздің серігі») [14]. Бұл — Дж. Берджер баяндаған медиалық симулякр [3]. Ал финалдағы «Ауырып өлген жалғызілікті кемпірді аш мысықтар талап, жеп қойыпты» деген баспасөз хабары [14] бетон қапастағы «үйлесім» иллюзиясын күйретіп жібереді.

Қ. Шамахайұлының «Ұялас төбеттер» (2019) шығармасында байлаулы үй иттері «ит тұқымының салтынан безіп, адамдармен бірге жатып, бірге тұрып жүргендіктен» деп сипатталады. Осыған байланысты қаламгер «олармен салыстырғанда бұралқы иттер әлдеқайда бақытты» деген ащы парадоксты алға тартады [15]. Мұнда жануардың шаһар шетіне ығысуы көрінеді: «Түн жарымында бір топ ит қала шетіне төгілген қоқысты тіміскілеп жүр» [15].

Арасында иесіздері де бар бұл үйір өзіне тас лақтыратын адамды жау есептеп, «екі аяқтылардың ауласына жоламай аулақ жүретін болған» [15]. Мұның өзі әлі де шешілмеген сауалды туғызады: қазіргі қала қарасөзіндегі жануар бейнелері жаңа экологиялық моральға бастай ма? Әлде олар қайтадан мегаполистік адамның әлеуметтік дертін әшкерелейтін аллегориялық айнаға айналып кетті ме?

Үш кезеңнің жүйелі эволюциясы төмендегі салыстырмалы 1-кестеде жинақталды.

Кесте 1 – Қазақ анималистік прозасындағы жануарлар бейнесі эволюциясының кезеңдік-экокритикалық сипаттамасы

Кезең және шығармаларАдам мен жануар қатынасыЖануардың мәртебесіНегізгі қақтығысЭкокритикалық сипат
1-кезең: Фольклорлық проза («Аю батыр мен Айсұлу» [9], «Қошқар мен теке» [10], «Ақсақ құлан»)Экожүйелік паритет, кие мен табу арқылы реттелуДербес субъект, тотемдік баба, сакралды медиаторТабиғи тепе-теңдік пен шектен шыққан өктемдікАнтропоцентризмге дейінгі экоорталықтанған сана
2-кезең: ХХ ғасыр классикасы (М. Әуезов «Көксерек» [11], М. Мағауин «Тазының өлімі» [12], О. Бөкей «Кербұғы» [13])Антропоцентристік өктемдік, бағындыру мен қоршауМодернизация мен индустрияланудың трагедиялық құрбаныКөшпелі дәстүр мен кеңестік модернизация қайшылығы«Табиғатты бағындыру» идеологиясын «төртінші жақпен» сынау
3-кезең: XXI ғасыр прозасы (Д. Қуат «Мысық пен Маруся» [14], Қ. Шамахайұлы «Ұялас төбеттер» [15])Терең жатсыну, суррогаттық немесе кеңістіктік аластауАнтропоцен объектісі, медиалық симулякр, тастандыУрбанистік бетон орта мен жануар болмысының алшақтығыУрбанизация мен рухани-экологиялық дағдарыс маркері

Үш дәуірді қатар салғастыру бұл эволюцияның жай тақырыптық өзгерісі емес, дала экожүйесінен индустриялық қоршау арқасында бетон қалаға өткен ұлттық кеңістіктің көркем шежіресі екенін байқатады.

Қорытынды

Қойылған мақсат пен міндеттерге сәйкес үш негізгі қорытынды жасалды. Экокритика және постгуманизм (Animal Studies) оптикасымен жүргізілген талдау қазақ анималистік прозасындағы жануарлар образының өзгеруі кездейсоқ үрдіс емес екенін айқындады. Ол қоғамның экологиялық санасындағы дәуірлік ауысымдардың бейнелі көрінісі.

Фольклорлық прозада жануар көмекші объект саналмайды. Ол дербес субъектілікке, парасат пен сакралды қызметке ие экожүйенің бірдей мүшесі ретінде сомдалады.

ХХ ғасырдағы кеңестік және кейінгі кеңестік әдебиетте көшпелі дәстүрдің бұзылуы мен өндірістік үстемдік күшейеді. Осының салдарынан жануар қақпан мен қоршауға іліккен трагедиялық құрбанға айналады.

XXI ғасырдың қалаланған прозасында жануар табиғи ортасынан алшақтайды. Ол пәтерлік жалғыздықтың медиалық симулякрына немесе шаһар шетіндегі қоқыс алаңына ығыстырылған антропоцен шеттетілгеніне ауысады. Болашақ әдеби даму барысында бұл үдерістің сипаты айқындалмақ. Оның дәстүрден біржола ажырау ме, әлде жаңа қалалық экологиялық этикаға өтпелі кезең бе екені анықталады.

Алдағы зерттеулер үшін екі сала өзекті. Біріншіден, XXI ғасырдағы қазақ анималистік әңгімелерін жаһандық постгуманистік прозамен салыстырмалы зоопоэтика тұрғысынан талдау қажет. Екіншіден, қазақ прозасындағы экологиялық дағдарыс аймақтарын постколониалды экокритика аясында зерделеу маңызды.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Glotfelty, C. Introduction: Literary Studies in an Age of Environmental Crisis [Электрондық ресурс] / C. Glotfelty // The Ecocriticism Reader : Landmarks in Literary Ecology / ed. by C. Glotfelty, H. Fromm. – Athens ; London : University of Georgia Press, 1996. – P. xv–xxxvii. – ISBN 0-8203-1781-0. – URL: https://archive.org/details/ecocriticismread0000unse (қаралған күні: 15.11.2026).

  2. Buell, L. The Environmental Imagination : Thoreau, Nature Writing, and the Formation of American Culture [Электрондық ресурс] / L. Buell. – Cambridge, MA : Belknap Press of Harvard University Press, 1995. – 586 p. – ISBN 0-674-25861-4. – URL: https://openlibrary.org/books/OL1106140M/The_environmental_imagination (қаралған күні: 15.11.2026).

  3. Berger, J. Why Look at Animals? [Электрондық ресурс] / J. Berger // About Looking / J. Berger. – New York : Pantheon Books, 1980. – P. 1–26. – ISBN 0-394-51124-7. – URL: https://openlibrary.org/books/OL4402288M/About_looking (қаралған күні: 15.11.2026).

  4. Мустояпова, А.Т. Актуальные направления исследований в современном зарубежном литературоведении [Электрондық ресурс] / А.Т. Мустояпова // Вестник Карагандинского университета. Серия «Филология». – 2020. – № 2 (98). – С. 70–79. – DOI: 10.31489/2020Ph2/70-79. – URL: https://philology-vestnik.buketov.edu.kz/philology-vestnik/article/download/142/127/250 (қаралған күні: 16.11.2026).

  5. Алтаева, Г.А. Казахская анималистическая повесть 1960–70-х годов (генезис, образность, повествовательные формы) [Текст] : автореф. дис. ... канд. филол. наук : 10.01.02 / Г.А. Алтаева. – Алматы, 2004. – 30 с.

  6. Жумагелдин, Ж.Ш. Қазақ анималистік прозасындағы баяндау формаларының құрылымы [Электрондық ресурс] / Ж.Ш. Жумагелдин, Ж.Ж. Жарылғапов, С.А. Кенжегалиев // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2026. – № 3. – Б. 218–226. – DOI: 10.55808/1999-4214.2026-3.19. – URL: https://ojs.egi.kz/BULLETIN/article/view/1276 (қаралған күні: 17.11.2026).

  7. Манапбаева, Ж.Б. Қаламгер Е. Раушановтың «Құстар – біздің досымыз» танымдық еңбегінің аксиологиялық маңызы және табиғат әлемінің поэтикалық аспектілері [Электрондық ресурс] / Ж.Б. Манапбаева, Е.М. Солтанаева, Ж.А. Сарсенбай // Керуен. – 2026. – Т. 90, № 1. – Б. 129–140. – DOI: 10.53871/2078-8134.2026.1-09. – URL: https://keruenjournal.kz/main/article/view/1232 (қаралған күні: 17.11.2026).

  8. Тұнғатаров, Қ. Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі психологиялық параллелизм [Электрондық ресурс] / Қ. Тұнғатаров // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2012. – № 3 (137). – Б. 242–243. – URL: https://philart.kaznu.kz/index.php/1-FIL/article/view/959 (қаралған күні: 17.11.2026).

  9. Бабалар сөзі [Электрондық ресурс] : 100 томдық. Т. 78 : Қазақ мифтері / М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ; ред. алқасы: С. Қасқабасов [ж. б.] ; құраст.: П.Т. Әуесбаева, Н.М. Мурсалимова. – Астана : Фолиант, 2011. – 446 б. – ISBN 978-601-292-400-8. – URL: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1104037 (қаралған күні: 18.11.2026).

  10. Бабалар сөзі [Электрондық ресурс] : 100 томдық. Т. 73 : Хайуанаттар туралы ертегілер / М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ; ред. алқасы: С. Қасқабасов [ж. б.] ; құраст.: С. Қасқабасов, А. Тойшанұлы, Н. Набиолла. – Астана : Фолиант, 2011. – 430 б. – ISBN 978-601-271-084-7. – URL: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1104033 (қаралған күні: 18.11.2026).

  11. Әуезов, М. Көксерек [Электрондық ресурс] / М. Әуезов. – Алматы : Жеті Жарғы, 1997. – 112 б. – ISBN 5-7667-3436-0. – URL: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1162933 (қаралған күні: 18.11.2026).

  12. Мағауин, М. Тазының өлімі [Электрондық ресурс] : хикаят / М. Мағауин // Әдебиет порталы. – 2015. – 23 қыркүйек. – URL: https://adebiportal.kz/kz/news/view/muxtar-magauin-tazynyn-olimi-xikaiat__1863 (қаралған күні: 19.11.2026).

  13. Бөкей, О. Кербұғы [Электрондық ресурс] : әңгімелер мен повесть / О. Бөкей. – Алматы : Атамұра, 2003. – 202 б. – (Атамұра кітапханасы). – ISBN 9965-05-892-Х. – URL: https://kazneb.kz/ru/catalogue/view/148809 (қаралған күні: 19.11.2026).

  14. Қуат, Д. Мысық пен Маруся [Электрондық ресурс] : әңгіме / Д. Қуат // Әдебиет порталы. – 2015. – 12 тамыз. – URL: https://adebiportal.kz/kz/news/view/dauren-quat-mysyq-pen-marusia-angime__12767 (қаралған күні: 20.11.2026).

  15. Шамахайұлы, Қ. Ұялас төбеттер [Электрондық ресурс] : әңгіме / Қ. Шамахайұлы // Әдебиет порталы. – 2019. – 17 қыркүйек. – URL: https://adebiportal.kz/kz/news/view/quandyq-samaxaiuly-uialas-tobetter__22140 (қаралған күні: 20.11.2026).

Ұқсас материалдар

Авторы
Жаңабайқызы Талшын
Жетекшісі
Жумагелдин Жанайдар Шаймерденович

Материал пайдалы болды ма? Бөлісіңіз

WhatsApp Telegram

Мақала құжаттары

Мақала жарияланған журнал шығарылымы және жарияланғаны туралы анықтама (PDF)

Автор

Жаңабайқызы Талшын

Ғылыми жетекшісі: Жумагелдин Жанайдар Шаймерденович, Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, Buketov University

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін аккаунтқа кіріңіз

Әзірге пікір жоқ — алғашқы болыңыз.

Авторларға

Сіз де өз мақалаңызбен бөлісіңіз

Мақалаңызды жариялап, сертификат пен журналды бірден алыңыз. Жарияланым Google мен Yandex-те табылады.

  • Сертификат (QR-коды бар)
  • Google, Yandex жүйелерінде шығады
  • Журналға шығады (онлайн)
  • Анықтама, журнал
  • Жеке кабинетте құжаттар сақталады
  • Мақалаға тұрақты сілтеме

2015 жылдан бері · ресми тіркелген журнал

Мақала жариялау

Осы тақырыптағы материалдар

Мақала жариялау

Образец написания статьи: структура и пример

Образец написания статьи: заголовок, введение, основная часть, заключение, пример на тему раннего обучения языкам, план, частые ошибки и вопросы.

Bilimger Media 4 мин
Мақала жариялау

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті-ұлттық білім беру кеңістігіндегі бірегей жоғары оқу орны

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 6В05302 – «Физика» мамандығының 3-курс студенттері: Тохтарбаева Жаннұр Құрманғазықызы Смағұл Айдана Айтбекқызы Теміржан Сарбиназ Бауржанқызы Ғылыми жетекші: Қоштыбаев…

Т. Сарбиназ, Т. Жаннұр +1 10 мин 18 оқылым
Мақала жариялау

Студенттерге мақала жариялау: цифрлық портфолио қалыптастыру

Студенттерге мақала жариялау арқылы авторлық жұмысты таныстырып, цифрлық портфолиоға тұрақты сілтеме қосуға болады. Bilimger.kz-тегі жарияланым, құжаттар және соавторлық туралы.

Bilimger Media 4 мин 75 оқылым