Тұтқын
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 17 жол
(М. Д-ға хат)
Кеудеде – от, іште – жалын, көзде – жас,
Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас.
Сабан төсек, дым, қараңғы жатағы,
Наны қара, шайы қара, қарны аш.
Күн түсірмес мейірімі жоқ қара тас,
Ағармай ма мұндай үйде қара шаш?
Жанында жоқ жаны ашитын жақын жүз,
Тасбауырлар ыңғайына қарамас.
Жарық сәуле – не Ай, не Күн көрсетпес,
Жақынының «Ой, бауырымын! естірмес.
Іс санаулы, сөз аңдулы, ерік жоқ,
Өз қолымен ұнамды тон піштірмес.
Қайғыланба, сорлы тұтқын, еш нетпес,
Күн батқанмен, таң атпайтын түн жетпес.
Ер жүректі азаматтың басына
Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес?!