«Сасық деп еркелетіп ат қойған көл...»
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 16 жол
Сасық деп еркелетіп ат қойған көл,
От-суға иең түгіл, жат тойған көл.
Назданып, жүйрік мініп, тарлан шүйіп,
Көкселдір тұс-тұс жақтан ат қойған көл.
Кір жуып, кіндік кесіп, сенде өскен көл,
Құрбымен ойнап-күліп, кел дескен көл.
Жарысып, тайға мініп, батпаққа аунап,
Күресіп күн батқанда белдескен көл.
Айдын көл, ата қоныс, құт болған көл,
Сусын боп сұрағанға, от болған көл.
Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта
Бейне бір сенің басың сүт болған көл.
Білмеймін не боларың, қайран көлім,
Жарайды тең болмаса күн мен түнің.
Итиіп қарашекпен келіп қонса,
Басыңнан құсың ұшып кетер сенің.