Жанботаға тағы бір айтқаны
Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 8 жол
Бұрынғының биіндей би қалмады,
Бүгінгінің биінде ми қалмады.
Хатым – құран болмаса молдалардан,
Өлікке тамнан басқа сый қалмады.
Бұрынғының билері тамам болды,
Ендігінің билері жаман болды.
Арғымақтың аяғын арқан шалып,
Есек озып бәйге алған заман болды.