Бір бай адамға айтқаны
Балуан Шолақ · 1864–1919 · 33 жол
Сұрасаң Нұрмұхамбет Балуан Шолақ менің атым,
Мағұлым дүр бір Құдайға заһыр батын.
Ішінде Орта жүздің өсіп-өнген,
Болады Ұлы жүзден арғы затым.
Нұрекең көп дұшпанмен қарсыласқан,
Қарсысына келгенде қаршылдасқан.
Омбы да əрбір ру бас қосқанда,
Өзіңдей əр жақсымен жемсауласқан.
Сен дегенде құриды жарым жасым,
Жаңбыр жауып көгертпес таудың тасын.
Жақсының шарапаты көпке тиед,
Ит те асырап күнелтед жалғыз басын.
Мен Шолақ, он жасымнан сайрап жүрмін,
Талай-талай бау-шарбақты жайлап жүрмін.
Тəңірім берген өнерді таңу қылып,
Арыстандай айға шабысып, жайнап жүрмін.
Арыстан талай-талай қалған өліп,
Қапы болма жігіттер, досқа сеніп.
Заманның ақыры таяу болып,
Жақының қас боп кетер, дұшпанға еріп.
Ғажап көп жер мен көктің арасында,
Біреу шат, біреу қапа саласында.
Егерде сары шымшыққа бақыт қонса,
Самұрық қызмет етер саясында.
Балуан Шолақ Баймырзаұлы
Бұл күнде арғымақтан мəстек озды,
Асылдың сол секілді бəрі тозды.
Ғаламат жердің жүзін жусан қаптап,
Өзгертті шегіртке жеп шыққан бозды.
«Тəуекел» ер жігіттің шамшырағы,
Ашылар талап қылса, ердің бағы.
Беліңді тəуекелге бел байласаң,
Əрқашан арымайды арғымағы.